Театр әлемінің тарланбозы едің

Әй, Әшірбек-ай! Шынымен сенің о дүниелік болып кеткенің бе? Бұдан былай мен саған, сен маған телефон соғып хабарласпаймыз ба? Елдегі болып жатқан оқиғалар жайлы енді қайтып ешқашан ой бөлісе алмаймыз ба? «Әшірбек қайтыс болды» деген суық сөздің шынымен рас болғаны ма? Әлде, әдеттегідей, жиі-жиі  өтіп жататын халықаралық театр фестивальдерінің бірінде қазақ деген халқыңның атынан қазылар алқасына мүше боп, қаз дауысты Қазыбек бабаң сияқты саңқылдаған даусыңмен төрелік айту үшін алыс-алыс сапарларға шығып кешігіп жүрсің бе? Сені арамыздан кетіп қалды дегенге сенейін десем, жарқын күлкің мен жарқын даусың құлағымда әлі жаңғырып тұр. Сенбейін десем, мына жұрт сенің өмірден өткеніңнің бір жылдығын атап өткелі жатыр. «Әшірбек Сығайдың өмірі жайлы естелік кітап!»… Санаңа сыймайтын, бейбіт жаныңды бұлқынтып сым тұзақ салып қинайтын құрғыр өмірдің шұбар жыланның уындай ащы шындығы! «Менің заңым осылай. Көнсең көн, көнбесең өзің біл. Артында қалғандары зар жылайды екен деп заңымды өзгерте алмаймын. Әркімнің жер бетіндегі әр қадамы, әр демі санаулы. Сендер зар қағып, жер сабайды екен деп әу баста санаулы демімен қоса жаралған пендеге бір демді де артық бере алмаймын. Оған көнгілерің келмесе зарлай тұрыңдар. Кезек өздеріңе келгенде тыншығарсыңдар» дегендей өтпелі өмір көші өз заңын бұлжытпай орындап, ілгері жылжып барады. «…Сабыр қылсаң азырақ, тыншығарсың сен дағы» деген Гете мен Абай жарықтықтардың сөзін үнсіз ұқтырып тұрғаны ғой баяғы. Сол айтқандай, қайтпас керуеннің бір кірекешіне айналып, аяқ асты сен де асығыс аттанып кете бардың. Сәл кешіксең керуеннен қалып қоятындай, әйел, бала-шағаңмен қоштасуға да, қимас дос-жаранмен бақұлдасып қалуға да мұршаң болмай, жайбарақат отырған орныңнан атып тұрып асығыс аттанып кете бардың.

Сен туралы өткен шақпен еске алып, өткен шақпен естелік жазуға ой-санаң ырқыңа көнбей, қаламың да көзіне қамшы тиген аттай жүрісінен жаңылып, бір басқан жерін екі басып ілгері жылжымай қалады екен.

Жақында мен әбден тозығы жеткен блокнотымды жаңасына ауыстырдым. Құданың құдіреті, артта қалған оншақты жылдың ішінде талай ағалар мен інілерден айрылып қаппыз. Қимас адамдарымның телефон номерлерін «ескі жұртқа» тастап кетуге қимай, жаңа блокнотыма көшіріп жаздым. Сенің де телефон номеріңді жазып қойдым. 777-230-1506. Осы телефоннан әйтеуір бір күні қоңырау түсетін сияқты көрінді де тұрды. Өй, тоба-ай, сен аттанып кеткен соң (қайтыс болған соң деп айтуға әлі аузым бармайды) бір айдай уақыт өткенде қалта телефоным шырылдап қоя берді. Экрандағы номеріне қарасам сенің номерің –777-230-1506! Өз көзіме өзім сенбей анықтап қайта қарадым. Сол –сенің номерің. Бұл не? Мистика ма, әлде, галлюцинация ма? Жүрегім тайдай тулап, телефонның кнопкасын бастым. Ешқандай да елес емес, галлюцинация да емес, сенің өмірлік жарың, айналайын Күләш келінім екен. Сен бардағыдай даусында ақ жарқын  екпін жоқ, бәсең үнмен баяу сөйледі. Сенің қырқыңның қашан болғалы жатқанын хабарлады. «Айналайын Күләш-ау, мына номерді көріп, көңілім әлем-тапырық болды ғой. Оның телефоны»… дей беріп едім, менің таңданысымды түсіне кеткен ол: «Оның номерін жоғалтпаймын ғой»,-деді қысқа да сенімді үнмен жауап беріп. Жан-дүниесін ойсыратып кеткен ешқашан орны толмас қайғысына қарапайым ғана телефон нөмірінен жұбаныш іздеген жарқыным-ай! Сыңарынан айрылған аққудай бұдан кейінгі өмірің өзіңнен басқа бір пендеге естілмес іште тұншыққан сыңсумен өтерін сеземіз. Тіпті, үш балаң үш азамат боп, немерелеріңнің ортасында жүрсең де, Құдай қосқан жарыңның орны ешқашан толмайтынын, ақтық демің біткенше сыңарыңды аңсап өтетінің де бәрімізге аян. Қаралы көңіл мен жаралы жүректің ызбайын уақыт қана мысқалдап жеңілдетпесе, басқаша басу айтар ешкім де, ештеңе де жоқ. «…Жаралы болған жүрекке, медет бер сабыр қылайын» деп Абай атаң сияқты бір Алладан медет сұраудан басқа лаж жоқ».

«Сенің де шашыңа ақ кіріп қапты-ау, ұлым!» «Иә, апа, сен сыйлаған өмір осылай екен. Жақында сенің шөберең дүниеге келді. Енді бір 40-50 жылдан кейін оның да шашына ақ кірмек. Не деген қысқа өмір бұл?». «Иә, ұлым, сені осындай қас-қағым сәттік өмірге әкелгенім үшін кешір мені. Амал бар ма, бізде басқаша өмір жоқ».

Иә, Әшірбек, осылай. Өмір деген көшкен бұлттай өтпелі. Қасым ақын айтқандай, адам біткеннің бәрі «Жер сарайын жаңғыртып келеді» екен де, әні-міні дегенше  сол Қасым сияқты топырағын «қырда қымтап» жата кетеді екен. Осы екі арада адамдар тырбанып тіршілік етіп, әр кім алдына өзіне лайық мақсат қойып, соған жетуге ұмтылады екен. Сол жолда әлдекімдермен түс шайысып, әлдекімдермен жаға жыртысуға шейін барады екен. Біреулер мақсатына жеттім деп ойласа, енді біреулер сол мақсат жолында өмір бойы арпалысып өтеді екен. Сөйте тұра, жер бетіндегі ешбір данышпан «мақсатыма жеттім» деп тоят тауып тоқтап қалмапты. Ал, сен секілді бар ғұмырын жазу-сызуға арнаған адамда мақсаттың шегі жоқ көрінеді. Театр өнеріне арнап көптеген мақала жазған өзің жақсы білетін немістің ұлы ойшылы әрі жазушысы Томас Манн інісі Генрих Маннға жазған хатында: «Литература –это смерть» деп түңіліпті. Үзілді-кесілді айтқан бұл ащы ойын ол тарата келіп: «Жазушы бір белеске жетеді, одан соң тағы бір белеске ұмтылады, оған да жетіп алған соң байыз таппай тағы ұмтылады. Сөйтіп жүріп өліп тынғанын өзі де байқамай қалады». Бұл хатты ол жазу-сызудан әбден қажыған кезінде емес, бар болғаны 26 жасында жазыпты. Томас Манның інісіне жазған хатынан үзінді келтіріп отырған себебім, осындағы күпірлікпен үндес мейлінше пессимистік анықтама шындап келгенде өліміз бар, тіріміз бар, бәрімізге тән қасиет екен. Осы жүрген бәріміздің бір нәрседен екінші нәрсеге ұмтыла-ұмтыла жүріп, жер шетіне жетіп қалғанымызды байқамай қалады екенбіз. Томас Манның «Әдебиет– өлім» деген пікірін тура мағынасында қабылдау да терең ойды саяз түсінгендік болар еді. Егер Мұхтар Әуезов «Әдебиет –ардың ісі» деп байлам айтса, екеуі де «жан азабы» деген түпкілікті тұжырымға әкеп тіремей ма? Сөз арасын «жаман сөзбен былғамаудың» Абай анықтап берген сара жолымен жүру үшін шын суреткер азап пен тозақтың талай өткелдерінен өтіп, жан азабына шомылып, Мағжанша айтқанда: «Еркімен өзі-ақ отқа барады да…, күрсініп көзіне жас алады да». «Менің кітаптарым менің өмірімді шексіз сергелдеңе салумен келеді. Жанымды жегідей жеп, жүйкемді әбден тоздырып бітті!». Мұны айтқан кім дейсіз ғой? Мұны айтқан француз әдебиетінің классигі Гюстав Флобер. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын оқып шығуын өтінген И.С. Тургеневке екі жыл бойы есігін күзеттіріп қоятын менмен де асқақ Флобер. Ақыр соңы Тургеневтің өтініші бойынша «Соғыс және бейбітшілікті» оқып шығып, оған өте жоғары баға беріп, «Господин Толстойға Госпожа Баваридің» қатарынан орын беріп, орыс әдебиетіне әлем әдебиетінің төрінен орын алып беруге атсалысқан Флобер. Тізе берсем әлем әдебиеті мен әлем театрында мұндай фактілер толып жатыр. Мұның бәрін айтып отырған себебім– оқыған мен білгенімді көрсетіп қалу үшін емес, сенің шығармашылық қарым-қабілетіңнің табиғатын там төбесінен қарап тануға тырысу – биікті аласарту боп көрінетіндіктен, одан жоғарырақ көтерілейін деген  ойым ғой.

Pages: 1 2 3 4 5