Ұлт мүддесіне келгенде қаламгердің көбі үнсіз

Мәдениет мәселесіне келгенде, меңіреу сияқты

– Дулат аға, қазақ жазушыларының ішінен шет тілдерге ең көп аударылған қаламгер – әуелі Олжас Сүлейменов екен де, екінші сіз екенсіз. Бірақ сіз бір басқосуда «менен де мықты қаламгерлер Әбіштер, Әбдіжәмілдер шет елдерге шықпай жатыр» деп өкініш білдірген екенсіз. Соның себебі неде? Неге қазақ әдебиетінің ең мықты өкілдерін шекарамыздың сыртына шығара алмай жатырмыз?

– Оның себебі белгілі ғой. Біздің мәдениет саласының басшылары қазақ әдебиеті мен мәдениетін шет елдерге танытпақ түгілі, шет елдерде өз күшімен шығып жатқан, Еуропа театрларында спектакльдері сахналанып, кітаптары жарық көріп жатқан қаламгерлерге де «қалай болып жатыр?» демейді ғой. Неше рет Лондон театры менің пьесаларымды сахналады, Англияда, басқа елдерде де кітаптарым жарық көріп жатты, қазақ жазушыларының ішінен бірінші болып шығып, Лордтар палатасында сөз сөйледім. Соған міз бағып жатыр ма? Лондон театры бізге келіп, Астанада қазақ жазушысының пьесасын ағылшын тілінде қойып жатқанында да, дұрыс мән бермеді ғой… Өзбектер болса, ұлттық өнері мен әдебиетінің көкжиегі кеңейіп жатқанына қуанып, өзбек жазушысының пьесасы бойынша спектакль қойған Лондон театрын бірден өз еліне шақыртып, сырнайлатып тұрып күтіп алып, ынтымақтас­тығын нығайта түсуші еді… Түсуші еді деймін ғой, солай болды да. Қайбір жылы Англияның театры Ташкентке келді. Театр режиссері өзбек еді. Актерлары арасында да өзбек ұлтының өкілдері бар. Сонда өнер мейрамына құтты болсын айтып, Ташкентке келгенде мен де барып қайттым. Сөйтіп, оңтүстіктегі басшылардың біреуіне қоңырау шалып: «Мына шетелдік қонақтарды сендер де шақырып алсаңдаршы, оларға көп нәрсенің керегі жоқ. Самарқанд пен Бұқараны ғана аралады Өзбекстанда. Олардың уақыттары да тығыз» дедім. Жеңіл дастархан жайып, күтіп алып, шығармашылық ұжымдар арасында бір байланыс орнауына дәнекер бола ма деп едім. Бірақ шақырмады… Жалпы, осындай немқұрайлылығы маған ұнамайды. Министрлердің біреуіне барып, «өзбек бауырларымыз былай істеп жатыр, біз де Лондон театрын шақырып, ең үздік қойы­лымдарымызды қойдырайық» десең, тыңдап отырып «иә» дейді де, сен кеткен соң қозғалмайды. «Лондонда қазақ жазушысының спектаклін қойып жатыр» десең, тағы да «ә» дейді де қояды. Меңіреу сияқты…

– Олардың түсінбейтініне, жетістіктеріңізге міз бақпайтынына қарап сіз өз ортамнан озып кеттім деп ойламайсыз ба? Өз еліңізден, өз өкіметіңізден тым ұзап кеткен жоқсыз ба?

– Қайдан білейін. Кейбіреулер мені осы жайында айтсам, «өкпешіл» деп айыптайды. Бірақ, барды бағалай білмеуіміз де біздің сана-сезіміміздің қандай екенін көрсететін шығар.

– Пьесаларыңыз Англия, Ресей сахналарында қойылып жатқанын айтып тұрып, өзіңізден мықтылардың сол елдерге жетпегеніне налыдыңыз ғой. Осындай кішіпейілдікті өзіңізден кейінгі жас қаламгерлердің бойынан көре аласыз ба?

– Білмеймін. Бірақ қазіргі жастардың бәрі сыйлыққа, марапатқа құмар. Бір кітап шығарып алады да, соны аспандатып көтеріп, жарнамалап, әйтеуір, бір атақ, сыйлық алғысы келіп тұрады. Сыйлыққа ұсынылу үшін асығып-үсігіп жоқтан бар жасап кітап шығарып жатқандарды да көрдік. Жастар өзінің есімінің астында «пәленше түгеншеев атындағы сыйлықтың лауреаты» деп жазғанды жақсы көре ме деймін. Ал өзінен қабілеті де, қасиеті де мың есе артық алдыңғы буындағы қаламгерлер сондай болды ма? Мұхтар Әуезов бірде-бір мақаласының астына жазушы, не драматург деген сөз жазбаған ғой. Одан жазушы өспесе, кеміген жоқ.

Қазір маған жас қаламгерлер шығарған кітаптарын әкеп береді, сосын «кітабымның тұсаукесеріне келіп, батаңызды беріп кетіңізші» деп шақырады. Бірақ олардың бәрін оқып шығу мүмкін емес. Әсіресе, менің жасымда.

Оқырман кітап-орманның ішінде адасып жүр

– Қазір өнердің қай саласын алсақ та, әуесқой шығармашылық иелерінің туындылары мен кәсіби өнер иелерінің туындылары мидай араласып жатыр. Талғам, деңгей, көзқарас, ұстаным алшақтығы өте үлкен. Таңдаудың осынша көп болғаны өнерді өсіре ме, қалай ойлайсыз?

– Бұрын тәуелсіздік алдық дегенде қуанып едік. Өйткені баспалар еркіндік алады, бұрынғыдай Үкіметтің айтқанын ғана шығаруды тоқтатады, халтуралар қалады, жақсы кітаптар ғана шығады деп үміттендік. Бірақ, керісінше болып шықты. Бізде не көп, баспа көп. Баспалар Алматыда, Астанада ғана емес, облыс, аудан орталықтарында да қаптап ашылған. Оларға ақшасын төлесең болды, не болса, соны шығарып береді. Ешқандай талабы, ұстанымы жоқ. Ал қаламгерлерге еркіндік берілген соң, жазғысы келгеннің бәрі ойына келгенін жазады. Тіпті трилогия жазатындар көбейіп бара жатыр. Ал трилогия жазатындай қазақта тақырып бар ма? Бір 86-жылдың оқиғасынан трилогия жазғалы жүргендерді көрдім. Ол оқиға трилогия жазуға тұрарлық па? Енді тағы да трилогия жазамын деп жүргендер де бар. Мен реті келсе оларға: «Әй, қазақтың өзінде екі-ақ трилогия бар. Біреуі – Әуе­зовтің «Абай жолы» эпопеясы, екіншісі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы. Ол шығармалардың екеуінің авторы да теңдессіз жазушылар. Әбден пісіп-жетілгенде жазған шығармаларын. Сонда қалай? Жап-жас болып сендердің бұл кездерің шабыттың шалқыған кезі ме, әлде бармақтан сорып тұрып, жоқтан бар жасап, жазғалы жүрсіңдер ме» деймін.

Pages: 1 2 3 4