Мазасыз күндер

 

I

Командировка…

Алматыдағы республикалық байланыс әкімшілігінде істеп келе жатқан тоғыз жылдан бері осы бір сөз менімен ешқашан да ажыраспас серігім болып алды. Кейде, Қазақстанның сонау бір түпкірінде апталап, айлап болып өз үйіңе сағынып, сарғайып әрең жетесің. Әйтсе де үйреніп қалғандықтан ба, тыныш өмірдің кездейсоқ екі-үш айы артта қалса-ақ телефон әрбір шылдыраған сайын трубкадан нұсқаушының: “Дербісалин жолдас, сіз пәлен облыстың, пәлен ауданына командировкаға баратын болдыңыз” деген үнін асыға күтетін едім. Міне, сол командировкаға тағы аттандым. Бұл жолғы сапарым — Арыс қаласы.

Ескі өрнекпен салынған вокзал маған бірден ұнады. Күн түстіктен әлдеқашан ауып қалса да, мұнда ыссы екен. Маңдай терімді орамалмен жиі-жиі сүрте отырып камераға ентігіп әрең жеттім. Ырысыма қарай мұнда жүк тапсырып тұрған бір балалы әйелден басқа ешкім жоқ екен. Сөйте тұра, жүк қабылдаушы кемпір бас-аяғы екі адамды жарты сағаттай айналдырды.

— Аты-жөніңіз кім? — деді бір кезде зор дауыспен.

— Мәкәрім Дербісалин.

— Кім дейсіз?

— Мәкәрім Дербісалин!

Ол “імм” деп саптамасы жіңішке жез сыммен құрсауланған көзілдірігін киіп, алдында жатқан алмадан бір тістеді де, балуан саусақтарымен асықпай жаза бастады.

— Ии-иә. Фамилияңыз Дербісалин. Ал, атыңыз?

— Япырым-ау, әлгінде бір емес, екі рет айтып едім ғой.

— Атыңыз? — деді ол менің сөйлеп тұрғанымды мүлде естімегендей.

Есімімді амалсыз үшінші рет айтуға тура келді…

Мен вокзал маңындағы шағын мейманханаға орналасып, қасындағы теміржолшылар павильонынан тоңазыған сиыр еті мен қоса бір саптыаяқ салқын сыра ішіп болып сыртқа шыққанымда сағат дәл төрт болған еді.

Жолай кездескен бір-екі адамнан байланыс бөлімшесінің қайда екенін біліп алдым да, қиыршық тас төселген көшемен ілгері қарай жүре бердім.

Алда әлі толық бір ай бар. Ал мен, әрбір сапарға аттанған сайын болмашы нәрселердің бәрінен сақтандырып, кей-кейде тіпті сөз арасында, «машиналардан да абай боп жүр» деп үздіксіз өтініш жасайтын Әлисаны, кішкене Мұрат пен Ақан туралы ойлап келемін. Кей кезде қарсы келіп, сигнал берген машинадан селт ете түсіп, жол жиегіне шыққан соң жалғыз екеніңді осынша қалада өзіңді танитын бірде-бір адамның жоқ екендігі есіңе түскенде, айналасы бір тәулікте үй-ішіңе деген сағыныштың пайда боп үлгіргенін сезінесің.

Мен ағаш шарбақпен қоршалған бір қабат аласа үйге жеткенімде қыздырылған темір табақтай дөңгелек күн жұртшылықты күні бойы әбіржіткеніне ұялып, енді сол қызбалығы үшін кешірім сұрағандай ағаш-ағаштың арасынан сығалай қарап, ұясына қызара батып бара жатыр еді.

Осы кезде көк сырмен боялған қақпаның есігі шалқалай ашылып, ар жағынан үш-төрт адам дабырлай шықты. Өздері әлдене туралы қызу айтысып барады. Маған көңіл де бөлген жоқ. Тек соңынан шыққан жиырмалар шамасындағы бір жас жігіт қана танымаса да маған күле қарап, темекісін дәл аяғымның астындағы кішкене арыққа лақтырып жіберді де, өзі солардың артынан жүгіре жөнелді.

Мен ашық қақпадан ішке еніп, тозығы жеткен сықырлауық ағаш басқыш арқылы жоғары көтерілдім. Сыртынан қарағанда құрқылтайдың ұясындай боп көзге қораш көрінгенмен бұл мекеменің ішкі жағы кең де жарық екен. Ұзын коридордың екі жағы тұмсығың тірелгенше тола есік.

Барлық бөгде адамға тән қасиетпен есік сайын бір қарап, ілгері қарай қысыла жүріп келемін.

“Бас инженер”, “Бухгалтерия”, “Касса” деген сияқты толып жатқан есепсіз есіктерді артқа тастаған соң “ШЧ — 23. З.Махамбеков” деген жазуы бар есіктің алдына кеп тоқтадым.

Мен ізет сақтап, ішке имене кіргенімде, төргі столда бір жас қызға әлденені ынта-шынтасымен түсіндіріп, қызу сөйлеп жатқан байланыс бөлімшесінің бастығы ойда жоқта бөгде адамның кіріп келіп сөздерін бөлгеніне ренжігендей мен жаққа “сыртта күте тұрсаңыз болмас па еді?” дегенді аңғартқан кейіппен бір қарады да, қаталдық үйірілген жүзіне қан жүгіре бастады. Мен сол орында тұрып-ақ өзім туралы айта бастап едім, ол қолындағы әлдеқалай бір аппараттың схемасын қызға ұстата салып, өзі маған тез-тез адымдап жақындай бастады.

— О-о-у! Сіз… Сіз Алматыдан келетін инженерсіз бе?— деді ол менің сөзімді бөліп.

— Дәл таптыңыз. “Мен туралы хабарлаған екен ғой” дедім ішімнен қарсы алдымда тұрған жанары өткір, алып адамнан көз алмай.

— Қалайша… Сонда?.. Сізді ертең келеді демеп пе еді?

— Сіздерге мен күтпеген қонақ екенмін ғой.

— Жо-жо. О не дегеніңіз. Мен жай… күтіп ала алмағанымызға өкініп тұрғаным ғой. Қап! Біз сізді ертең келеді деп жайбарақат қол қусырып отырсақ. Мүмкін, сіз бізге жаяу келген де шығарсыз?

— Бұл жолы да дәл таптыңыз, — дедім бас изеп.

— Міне, міне. Біздің бейқамдығымыз неге жеткен! Сонау екі шақырымдай вокзалдан жаяу келгенсіз. Оның үстіне біздің мекенімізді іздеп таба қою да оңайға түскен жоқ шығар. Тағы да шаң, аптап…

Менің жаңа танысым стол үстінде жатқан темекіден біреуін алып тұтатты да, көз алдында шумақталып тұрып қалған көк түтінді қолымен серпіп-серпіп жіберіп: “Наталья Евсеевна, бас инженерді маған жіберіңізші”, — деді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25