Тіршілік

ШАЛЫ        Қырсығына алса айлап соғатын Арыстанды-Қарабастың долы желі бүгін үшінші күн, толастамай қақап тұр. Кейде ол наурызда басталып, сәуірде бір-ақ тыншу табады. Жер қарайып, үт кірген соң-ақ қыбыр-қыбыр етіп жапа-тармағай көктемгі егіс қамына кіріскен барша жұрттың апшысы бидайдай қуырылып, тоқшылықта ұмытқан жаратушыны күн сайын мың мәртебе еске алып, бұл қырсықтың көпке созылмай тез бітуін тілейді. Табиғат қырына алды екен деп тірі пенде қарап жатқан ба, ұйқыларынан көз ашысымен-ақ сыртқа құлақ түреді, құлақ түреді де тамның бұғат қамысының дәл кешегідей өзегіңді тырналар мазасыз шуылын естіп, іштерінен “и, тоба-а” деп бір күрсініп, тіршілік қамына бәрібір кірісіп кетеді. Үйінен кеше түсте шығып кеткен Киеван түн жарымы ауғанда ғана қайтып оралды. Кемпірі әлі ұйықтамапты. Ондық шамның түбінде сығырайып мәсісінің тесілген өкшесіне тері жамап отыр екен. Даладағы желдің гуілінен бе, әлде жалғыз отырып қиял тұңғиығына шомғаннан ба, ол шалының үйге кіріп келгенін де сезген жоқ. Киеванның: “Нағып жатпағансың?” деген ақырын шыққан даусының өзі жалғыздыққа ұйыған денеге қырық жуалдыз сұққандай әсер етіп, кемпірі “көтек” деп баж ете қалды. — Өшір үніңді! Сонша қорыққаны несі?

Кемпірі қолынан ұшып түскен жосамен боялған терінің пұшпағын сипалап тауып, шалына аңырая қарады. Өзі көрмеген бір күннің ішінде Киеванның төбесімен паруаз тірейтін ұстындай бойы одан сайын ұзарып, екі жағы шалғы қайраған құм қайрақтай суалып, көзі шүңірейе түсіпті. Етегі мәсісінің қонышын иіскеген сырма шапан қарсы желге қамзау бола алмаған ба, бет-жүзі етікшінің пышақ жанитын қайысындай қарайып, түтігіп кетіпті. Әлгі үрей атаулыдан біржола бойы тазарған кемпірі өзіне сүзіле қарап тұрған шалына: “Не болды, жазған-ау? Таптың ба?” — деді. Киеван еңкейген кеудесін кейін тартып қолындағы кенеп дорбасын төрдегі көрпешеге лақтырып жіберді. Кенет дорба саудыр ете қалды.

— Шай қой.

Кенет дорбаның саудыр етуі мен шалының “шай қой” деуінен кемпірі бұл жолы оның құр қол емес екенін аңғарып, шай қамымен лып етіп дәлізге шығып кетті.

Киеван кебісі мен шапанын шешті де, төрге барып сұлық түсті. Сүйек-сүйегі сырқырап, басы айналып барады. Кешеден бері жамбасының көрпе иіскеп отырғаны осы ғана. Сөткеге созылған жүрістен әбден қалжырап, ақ табан бопты. Көкнәр іздеп екі-үш колхоздағы алыс, жақын таныстарын түгендеп шыққан. Ешкімнен табылмады. Жұрттың бәрі қу боп кеткен бе, шаруақор пысық боп кеткен бе, әлде, өзгелер ақылына ақыл қосып, жалғыз бұл ғана шапанының етегі делектеп мағынасыз тіршіліктің соңына ессіз түскен бе, “осы көкнәр ішуші еді ғой” деген үмітпен барған көз таныстарының бір де бірі ол пәтшағарды әлдеқашан ұмытқан боп шықты. Бас сұққан үйінде аз-кем құйрық басып, басқалар тамсанып ішіп отырған үнді шайынан бір-екі ғана ұрттап, үй иесімен жөнді сөзі де жараспай кесесін төңкеріп, болатнай белбеуімен белін буына бастайды. “Пәленше-ау, не болған өзіңе? Қартайған шағыңда қарап жүріп алжасайын дегенбісің. Отыр, әңгіме айт. Қазір ет те дайын болады” деген үйреншікті сөз құлағына жетсе де миына жетпей келесі танысының босағасын аттауға асығып, түсініксіз күбірлеп қана қоштасып тез-тез шыға жөнеледі. Арыстанды-Қарабастың суық желі етегін жұлқып, омырауын ашқанына да қарамай ентелеп, асығыс жүріп келе жатып ол өзінің дәл қазіргі мақсатсыз сарсылына, мағынасыз тіршілігіне ой жүгіртіп “рас-ау, мұным не осы?” деп өзіне-өзі сауал тастамайды, құдайға шүкір, ғұмыр кешіп отырған әлгі таныстарының парасатты, тоқмейіл күйлерін өзінің кезбе халімен салыстырмайды да. “Осы көкнәрға үйір қылған қай құдай?” деп бұрын әсте ойламайтын да, тек соңғы бір-екі жылда, көкнәр деген мүлдем құрып, жаңа кебістің бүрі таусылғанша табылмайтын кезге жеткенде ғана ауық-ауық күрсінетінді шығарды. Бұрын екінің бірі көкнәр егіп, жұрттың басы қосыла қалғанда бүйірі тоқ бөз қалтаны бөктіріп алып, үлкен ағаш табаққа асықпай езер еді, сонан соң өзі бір-екі ұрттап алып, қап-қара ащы суды әрі қарай жағалатып жіберер еді. Сонан соң әңгіме-дүкен деген желдей есіліп, шалдар жағы таңға дейін шай сораптап мамыражай отырушы еді-ау, шіркін! Қазір сол шалдардың өзі көкнәрлік жерлерін айдатып тастап, орнына бәдірен дей ме, кәпөсте дей ме, қайдағы бірдеңелерді септі де тастады.

Киеван төрде қалғып жатып “тездет!” деп айқайлап қойды. Қыжымкүл оның бұл дауысын естуін есіткенмен қимылына қимыл қоспайды. Далада жел болғандықтан дәлізге қойылған самаурын қайнағанша шалының “тездет” деген дауысы талай рет қайталанарын жақсы біледі және “тездет” дегенде қара кемпірі сары самаурынның ішіне түсіп кетпесін, айқайдан соң ысылдап шай келе қоймасын Киеванның өзі де біледі, бірақ көкнәрға құныққан сәттегі әдет араға екі-үш минут салып қайталана береді.

Есі-дерті бір ұрттам көкнәрға ауып, ол үшін дәл былтырғыдай есігінің алдындағы ақ шайын ажыратып отырған жалғыз ешкісін ойланбастан айырбастай салатын Киеван шалының мұндай сәттерде шектен тыс шікәмшіл, шектен тыс мейірімсіз, қатыгез боп кетерін жақсы білетін Қыжымкүл артық-ауыс сөз айтпай аяғының ұшымен құрдай жорғалап, үлкен, бүйірлі шәйнекке шай демдеп дастарқан басына әкеп қойды да: “дайын болды” — деді. Әлгінде төр жаққа саудыр еткізіп лақтырып жіберген кенеп дорбаның ішіндегі жарты қадақтай көкнәрдің үштен бірін көкнәр сіңді боп қарайып біткен боз қалтаға сап, ағаш табаққа бөктіріп қойған-ды. Бәрібір желінбейтін болған соң дастарқанға ырым үшін ғана бір-екі үзім нан салып, қантқайшымен шілдің құмалағындай етіп ұсақтаған қатырма шекерді шалының алдына шашып тастады. Ұйықтағаны, не ояу екені белгісіз Киеваны “дайын болды” деген дауысты естуі мұң екен, басын кегжең еткізіп оқыс көтеріп, көзін ашқан бетте алдымен дастарқанға қарады. Осы қуыс үйдің ішіндегі мүлік біткеннен көзіне ең ыстық көрінетін ағаш табағын, бүйірден аса жылы суға малынып, байлаулы аузы табақ ернеуінен сәл ғана асып жығылып тұрған көкнәр қалтасымен жанары табысып, шүңірейген өлі көзіне жан бітіп, малдас құрып отырды да, жамбастағы жастықты бір-бірінен қаша өскен сексеуілдің арбиған бұтағындай екі тізесінің ортасына қойып, шынтағын тіреді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33