Сүйекші

Желтоқсанның ызғарлы күндері де басталды міне. Суық түсіп, даланы қырау көмгелі Үндеместің сарыбы қайта қозып, сүйек-сүйегі сырқырап, кей күндері күн шыққанша жылы төсегінен тұрғысы келмей жатып алатын болды. Өзінің анадан шыр етіп туып, азан шақырып қойған аты Тұңғыш болса да, былайғы жұрт оны ауыз ашпас тұйық мінезіне қарап Үндемес атап кеткен-ді. Бұл қосалқы ат өзіне қашан тағылды, кім тақты — ол жағын ешкім де, тіпті, Тұнғыштың өзі де білмейді. Осы бір кіші-гірім шаһарға ол қашан келді, қайдан келді — оны да сұрап-біліп жатқан бір жан жоқ, бар білетіндері — жалаңаш денесіне киген түйе жүн шекпені қысы-жазы үстінен бір түспейтін қушиған молашы шал. Өзгелерге ол тек мола қазумен ғана күн көріс жолына түскен бір бейбақ боп қана елестейді және осы бір кәсіпті тағдыр оның маңдайына өшпестей етіп жазғандай, анадан туғанда басқалар секілді би, болыс болуды емес, молашы болуды көксегендей көреді. Ол жасының нешеде екенін де білмейді, есептеп те көрген жоқ. Бұл жарық дүниеде аз жасады ма, көп жасады ма, рахат көрді ме, бейнет көрді ме, бағы ашылған ба, соры қайнаған ба, бұл жағын да ойлап-толғамайтын секілді. Мынау қан базардай құжынаған адамдар тіршілігінде дәулет бар, мансап бар, талас бар, тартыс бар, қайғы бар, сүйініш бар-ау деген сезім оның миына ешқашан кіріп-шыққан емес. Ол ештеңеге қызықпайды, ештеңеге жанталасып ұмтылмайды, еш уақыт опынбайды. Ертемен тұрып қолына кетпені мен күрегін, сүйменін алып, қала сыртындағы қорымға қарай ілбиді. Келген бетте сол баяғы бір қалыпты қимылмен жайбарақат жер қазуға кіріседі. Өзекті жерде өлім бар, бұ қаладан күніне екі-үш адам ақырет сапарға аттанып тұрады. Бұған ол да әбден үйреніп алған. Күніне қазатыны үшеу, әрі кетсе төртеу. Азаннан кешке дейін осы қимылмен-ақ бітіріп тастайды.

Сонан соң әр молаға өзі жатып көріп, тар болса үңгіп, белгісіз марқұмға іштей «иманды бол» айтады да, үсті-басының шаңын қағып, ымырт үйіріле үйіне қайтады. Мұны шаһардағы көп адам біледі, ал бұл олардың бір де бірін танымайды. Бірақ, мұны білетіндердің ешқайсысы осы бір адамның өзгелер сияқты қайғы-қуанышы, күйініш-сүйініші, мұрат-мақсаты бар болар-ау деп ешқашан ойлаған емес. Білетіндері сол баяғы Үндемес қана. Өзгелер үшін бұл ауырмайды, сырқамайды, қатын-балам болса екен деп тәңірден тілемейді де, осылай ілбіп жүріп ақырет сапарға аттанғандардың ақтық орнын екі-үш күн бұрын дайындай береді. Және кім болса ол болсын хан ба, қара ма, мүсәпір ме, кісәпір ме, жас па, кәрі ме — оған бәрі бірдей. Қара жер бәріне жетеді, тек марқұмның артында қалған ағайын-жұрағаты қалай дейді, бұл солай етеді. Онысына алақан жайып ақы да сұрамайды, кім не берсе соны алады, аз берсе налымайды, көп берсе көпсінбейді.

Кәрілік те жетіп қалған-ау, әлде түнгі аяз жерге тоң қатырып өткен бе? Ол күректі табанға салып ырғап қалғанда, жүзі тасқа тигендей тық ете қалды. Бар салмағын салып тағы да ырғап көріп еді, сол жамбасы зырқ етіп, аяғынан жан кетіп қалғандай болды. Денесі түршігіп келе жатқан секілді. Кеше қазып кеткен шұқыр топырағының бетіндегі қырауды ысырып жіберіп, сылқ отыра кетті де, жамбасын уқалады. Кәрі денесі жылы төсекті аңсады. Бірақ жылы оранып жатар уақыт бар ма? Тым болмаса үшеуін бітіру керек. “Қыс та түсті-ау, — деді ішінен ол, — екеу қазармын, ал үшеу… ай, ай қиын болады-ау”.

Күн көтеріліп, әлсіз жылудан жер беті жылт-жылт етіп ери бастады. Ол түрегеліп, сүймені мен қатты жерді екі-үш түйгенде мұз-жарғақтар жарпа-жарпа боп жан-жаққа ұшып түсті. “Тоң қалыңдай қоймаған екен, — деді ол күбірлеп, — онысы жақсы болды. Бүгін үшеуін бітірсем”…

Сәлден соң денесі қызып, жамбасының шаншуы да қайтты. Үш-төрт сүйем өткеннен кейін жұмсақ топырақ басталып, әрі қарай қазу жеңілдеді. Бір аттам аралықта да айырмашылық бар. Кешегі жердің топырағы қасаңдау еді, мына аранікі борпылдақ екен. “Әсте, бейшараның мінезі жұмсақ шығар”. Кісі бойына жеткен соң құбыла жақ шеттен ақым бастап кеулей қазды. Моланың қиыны осы. Әуелгіде бір жамбасыңа жатып қисая қазбасаң оңтайға келмейді.

Бір сағаттай уақыт өткенде ақым да бітуге таянып, ол сыртқы үйге шықты, бетінің терін сүртіп қараңғы көрге үңіле қарады. Енді бір түсуден артылар тірлік қалған жоқ.

Осы сәт сырттан ат тұяғының дүсірі естілді. Дүсір оның дәл төбесіне кеп тоқтады да:

—Көр нұрлы болсын, — деген дауыс естілді

—Айтқаныңыз келсін. — Тұңғыш ернін күбір еткізіп, орнынан тұрды. Кеудесі моладан көрінбейді. Мойны қылтиып, көзі шүңірейіп, жігіт ағасы боп қалған мұртты кісіге “не айтасың” дегендей тесірейе қарап тұр.

—Бүгін таң сыз бере інім қайтып еді.

—Иманды болсын. Ұнаса мына біреуі дайын. — Тұңғыш атты кісіге бір, ақымға бір қарады.

—Бұл жерге су үймелейді-ау деймін, ойпаң екен. Басқа жерден қазуға болмай ма?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19