Пері мен періште

 

— Өһө… Өһө… Ой, құдай-ау, айналайын Сафура-ай, сенің-ақ еркелеуің қалмайды екен. Мойнымнан қыса бермеші, тұншықтырып жібердің ғой тегі. Өһө-өһө, әні, буындырып барасың тура. Қолың темір ме өзі немене?

Құлахмет ағайдың мұндай сандырағын бір жылдан бері естіп келемін, сондықтан болар, мен оның не сөйлеп, не қойып жатқанымен ісім де болмай өз жұмысыммен үнсіз шұғылдана беремін. Осы қаладағы бір заводқа инженер боп ауысқаннан кейін ауылдағы қарт әке-шешемді көшіріп келгенше, әрі үй алғанша деп бұл пәтерге уақытша орналасқан едім. Алғашқы жылы ол бұлайша сандырақтамайтын, кейінгі кездерде ауыр қасіретінің үстіне ауруы қосылды ма, түні бойы сандырақтап, тісін қайрап, мені өзіне қайта-қайта шақырумен болады.

Әне, ол тозығы жеткен ағаш кереуетті сықырлатып, әлденені ұстап алмақ болғандай арық қолдарымен ауаны қармалап жатыр.

— Балапаным менің. Келсеңші тезірек. Немене? Лента керек боп жүр дейсің бе? Көкешім менің, папаң саған лента сатып әпермегенде не бітіреді. Саған лента әпермесе бір құдайым ала қойсын оны. Келсеңші өзің, мамаңды да ерте кел. Анау сандықтың іші толған сенің киімің…

Ол күрк-күрк жөтелді де, сандырақтауын қойып, үнсіз қалды…

Жасы қырықтардың ортасындағы Құлахмет ағайдың төрт бөлмелі шағын үйі қаланың түстік жағына таман шеткері орналасқан. Есігінің алдындағы бау-бақша жаз айларында құлпырып, жайнап кетеді. Оның ортасында кешқұрым бой жазып тынығатын шайла бар. Дәл осы арада темекіні будақтата сорып, қиялға шомып бір отырсаң өзіңді тұманды қала ішінде емес, тау бөктеріндегі мәуелі бақша ішінде серуендеп жүргендей сезінесің. Оның ішіне жазғытұрым ұйықтайтын бір кісілік кереует қойылған. Күні бойғы жұмыстан қалжырап кеп кешкі салқында сол кереуетке шалқалай кетсең, шатыр үстін тұтастыра өскен шырмауық гүлдерінің арасынан көкпеңбек аспанды көресің. Шашылып қалған мақтадай әр жерде бұлттар жылжып бара жатады. Батып бара жатқан күн сәулесінің әсерінен олар бояуға түсіп кеткендей қызғылттанып көзге шалынады. Салқын ауамен кеудені кере дем алған кезде жаның рахат тауып, жадырап қаласың. Өмір сүріп жүргеніңе қуанасың. Құлахмет ағайдың айтуы бойынша бұл үй мен бау-бақша әкесінен қалған мұра көрінеді. Алматы бұрын Верный боп тұрған кезде Құлахметтің әкесі мешітте азаншы болған екен. Перзент дегеннен оның жалғыз ғана ұлы болады, ол — осы Құлахмет. Жас бала қалжасы жағынан әкесінен айнымайтын ұзын, әрі ашаң болып өсті. Оның табиғаты өзге балалардан мүлде бөлек еді. Үш жасқа келгенде әрең-әрең аяғын басып, алты жасында тілі шықты. Бұл баласынан күдер үзген Есқара екінші нәрестенің келуін күтті. Бірақ әйелінің екінші рет етегі қанамады. Кей түндері Есқара: “Әй, болғаның осы-ақ па?” — деп сұрайтын әйелінен. Жаратылысынан көп сөйлемейтін Танакүл бұл жолы да оның сұрағын жауапсыз қалдырып, ақырын ғана күрсініп қоятын-ды.

Құлахмет он бір жасында мектепке барды. Екінші класқа өткен жылдың қысында шешесі Танакүл қылтамақтан қайтыс болды. Оқуға деген ықыласы жоқ, әрі жасы келіп қалған бала әрмен қарай оқуды ар санап мектепті біржолата тастап шықты. Оны қанша үгіттегенмен ештеңе өнбейтінін аңғарған Есқара үш жыл өткен соң “өзім өліп кетсем бір-бірімен жат боп кетер” деп баласын Орынбордағы інісінің үйіне ертіп әкелді. Інісінің үйінде екі айға жуық жатып, аралас-құралас болып алған соң Есқара жалғыз тұяғын кешіктірмей үйлендіргісі келетіндігін айтты. Інісі ағасының бұл тілегін қабыл алып, көршісінің үйіне Атбасардан қыдырып келіп жатқан Сафура деген қызды таныстырмақ болды. Сол ниетпен олар тағы бір айға кешігіп, ақыры Сафураны алып қашып келді. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып Құлахмет майданға аттанды. Арада екі жыл өткен соң ол туған жерге қайтып оралды. Өзінің дімкәстігіне қарап, пайғамбар жасына жетіп өлсем, Аллаға айтар арызым жоқ дейтін Есқара тілегіне жетіп, дәлдегендей алпыс үш жасында дүние салды. Қайнаған соғыстың ішінен шығып, әйтеуір елге аман жеткеніне қуанғанмен көп ұзамай-ақ Құлахметтің көңілін қайғы басты — ол ешқандай жұмысқа жарамады.

Ал айына алатын азын-аулақ жәрдем ақша үй ішінің тауқыметін арқалап кете алмады. Сонан соң Сафура театрға билет сатушы боп орналасты да, Құлахмет жеті айлық қызымен үйде қала берді. Күйеуі мен кішкене қызын асырау үшін әйелінің жұмыс істеп, өзінің үйде отырып қалуы Құлахметтің жанын жегідей жеп, арқасына аяздай батты.

Бұрын мұндай жұмысқа үйренбеген Сафура үйге көбінесе қабақ шытып, ренжіп оралатын болды. Қызына да көңіл бөлмей, еңбектеп келген оны итеріп тастайтынды да шығарды. Құлахмет ағай өкпе-бауыры езіліп бара жатқандай тіл қатпастан үнсіз отыра беруге де үйренді. Енді оның тағдырынан бар тілейтіні Сафураның жұмыстан көңілді оралып, ренішсіз дастарқан жаюы еді. Құлахметтің мұндай бақытты кездері де болып тұрды. Сонда ол жас балаша қуанып, бойын билеген шаттықтан жерде тұра алмай көкке ұшып кете жаздайтын. Кішкентай Нәзікеттің бүгінгі жасаған тентектігін қызықты болуы үшін үстемелей, өсіре айтып, оған Сафура езу тарта қалса, әйелінің өзімен көңілді сөйлесіп отырғанына шексіз шаттанып, көзінен су аққанша күлетін еді.

Кей кезде әйелі мұнысын да жақтырмай “қойсаңшы, не деген орынсыз ыржақай бұл!” — деп шырт ете қалғанда, Сафураның осындай мінезінің ұшы шыға көрмесе етті деп қалт-құлт етіп отырған Құлахметтің жүрегі дір етіп, онан әрі не істерін білмей сипалақтап, өзінен-өзі қызарып сала береді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29