Бекет

                                                             Бұл тұңғышымды марқұм  анам   Күміскүлге арнаймын.

                                                                                                                                                               Автор.

 

“Досым Сайыпназар!

Сен менің қайда кеткенімді, неліктен өзіңмен қоштаса алмағанымды әлі де білмейтін шығарсың. Енді, осы мен жіберіп отырған ұзақ әңгімеден соның бәрін, тіпті менің кім екенімді де біліп алуыңа болады. Өмірде адамның досы көп қой. Ал солардың ішінде өзіңе бәрінен де жақын, бәрінен де ыстық біреуі ғана болады. Мен үшін сондай достың бірі –  сенсің. Әрине, біздің арамызда ешқандай да құпия болмауы керек. Мен сенің өткен өміріңнің барлық бүге-шігесіне дейін білемін. Өйткені, бәрін де сен маған айтып берген едің. Ал сен, мені білемісің? “Білемін?” — деп бас шұлғып, дауласуға да даяр шығарсың. Әрине солай. Жоқ, мен сенен өмірімнің жарты шындығын жасырып келіп едім. Көрдің бе, досыңның кім екенін. Әрине, сен бұған өкпелеуге тиіс емессің, тиіс те шығарсың, бірақ хатты түгел оқып болған соң керісемісің, келісемісің ол жағын өзің ой сарабынан өткізерсің.

Бұл жәйіттер жөнінде мен ешкімге тіс жарған емеспін. Тұңғыш тыңдаушысы сен болғалы отырсың. Почта арқылы жіберіп ештеңе мандыта алмайтын болған соң, мына бір таныс кісіден саған бір буда қағазды тапсыра салыңыз деп қосып отырмын.

Мен саған да, барлығыңа да ешкімім жоқ деп едім ғой, ал менің ағам бар!

Оны неге жасырғанымды, енді не себепті ақтарылғалы отырғанымды түсіну үшін мына жазғандарымды оқышы. Кісіні тебірентер сезімдер болса, сен де тебіренші!

Ал әлгі кісі сондай жақсы адам, барған соң келістіріп күтіп аларсың.

Сау бол! Өзіңнің Нұркенің.

                                                                1962 жыл, 8 январь”.

 

І

Ол кезде біз колхоздың кішігірім мектебінің бесінші класында оқушы едік. Біз деп отырғанымның бірі ағам ғой. Аты — Бекет. Өзімнен төрт жас үлкен бола тұрса да, Бекет екеуміз үйде болсын, мектепте болсын, құрдас балалардай есіміз кеткенше алысып ойнаушы едік. Мұндай кездерде ол ешқандай ағалық ерекшелік көрсетпейтін. Бүкіл класымыздағы ең үлкені де сол менің ағам болды, сондықтан ба, мен қанша сотқарлық жасап бөтен балаларға соқтығысып кетсем де, олар маған батып ештеңе дей алмаушы еді. Екеуміздің ортамызда жіп байлап иыққа асып алатын нән қара сумка болатын. Оны мектепке ылғи Бекет асынып келетін де, ішіндегі наны былғанып қалады деп, дәуітті мен алып жүретінмін. Көк есекке екеуміз таңсәріде жайдақ мініп алып, сабаққа тепеңдеп тартып беретінбіз. Қайтарда тез жүрсін деп тамның бұғат ағашына байлап кеткен қодығына жалтақ-жалтақ қарап, әккі есек ауылдан әрең ұзайтын. Мектепке келіп бір-екі сабақ оқыған соң-ақ менің қарным аша бастайды да, мұғалімнің көзі тая бере: “Бекет, осы үзілісте нан жейміз бе?” — деймін сыбырлап. “Үйден жаңа ғана шықтың ғой, екі сабақ өткен соң жейміз”, — дейді ол қағаздан басын көтермей.

Бірақ бәрібір үзілісте Бекеттің далаға шыққанын бағып тұрып, осындай мөлшерде тиеді-ау деген шамамен, наннан опыра үзіп алып, ол келгенше бәрін де жоқ қылып, түк сезбегендей отыра беретінмін. Ол өз сыбағасын мүлде ұмытып кетіп, жолда жеуші еді. Оған дейін менің тағы да қарным ашып қалады. “Сен жеп пе едің?” — деп сұрайды ол есекті қақпалап келе жатып. Әлгіден жегім келіп тұрса да, қысылғанымнан: “Иә, аз ғана…” деп күмілжимін. Сонан соң ол нанның жартысын үзіп беретін.

О шіркін, балалықты қойсайшы!

Сол мектепте жүргеннің өзінде-ақ, екеуміз қызға ғашық болушы едік. “Ана қыз сұлу, бірақ үзіліс сайын нан жеп тұрады, ал ана біреуі ақылды, бірақ ашушаң”, — деп екеуміз кей түндері бірге оқитын қыздарды сарапқа салып, өзімізше баға беріп жататынбыз. Сонан соң көңіліміз ұнатқан қызға ғашық болып, кешкі астан соң хат жазуға кірісетінбіз. Хатты аяқтап шыққан соң, бір-бірімізге дауыстап оқып беруші едік. Әбден тыңдап болған соң ол: “Сен жақсы жазады екенсің, сөзді қайдан тауып ала бересің?” — деп таңдана қарайтын да, “міне менікі мынау-ақ, сонда да жарайтын шығар” деп бір бетке толар-толмас ірі-ірі жазуларды көрсететін. Одан кейін екеулеп отырып өңдеп, ертең сабаққа барған соң менің хатымды ол, оның хатын мен табыс етуші едік.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12