Өкпек жолаушы

 

Еңсені басып, апшыны қуырған қарашаның суық жаңбыры екі күннен бері толассыз жауып тұр. Әуелгіде азынаған желін ала келіп, ашулы басталып еді, бірер сағаттан соң арыны басылып, шаршамайтын баяу сарынға көшіп алды да, асфальт жамылған абыр-сабыр қаланы момақан да мүсәпір кейіпке түсіріп кетті. Өлмей шаруасы бітпейтін көшедегі ағылған адамдар да сиреп, жылы үйлерінен бас шығаруға жиреніп, тым-тырыс жатыр.

Алдағы күндердің бұдан да ауыр боларын ойлап, сары ала жапырақтар сары уайым құшағында үнсіз тұр.

Алып бара жатқан шаруасы болмаған соң, Зейнеп те далаға шығуға ерініп, үш күннен бері екінші қабаттағы екі бөлмелі үйінде қамалып отыр. Жүргінші дейтіндей, осы маңдағы бір үйлерге арнайы ат басын бұрып келген адам болмаса, бұл төңіректе жайма-шуақ күндердің өзінде де бейсауат адам бола бермейді. Өйткені, қаланың аэропорт жақтағы ауданы боп саналатын бұл маңда артық-ауыс дүкен, жұрт көңіл көтеріп, серуен құратын мәдени орындар атымен жоқ. Тек күнделікті тіршілікке қажетті аса зәру заттар сататын азық-түлік ларектері мен ұсақ ұста будкалары, бірен-саран газет киоскілері ғана бар. Түскі шайын баптап ішсе болды, қазаныңда ас қайнамаса да қабақ шытпайтын Зейнеп бүгін еш нәрсеге зауқы соқпай, тіпті екі көшеден кейін орналасқан азық-түлік ларегінен ертелеп барып шайға қататын сүт алып келуге де, қала берді, көршілерден сүт сұрауға да ерініп, үйдегі өзінің “барымен базар қып” отыр.

Күн батып, жаңбырлы даланың қараңғылығы тез қоюланып бара жатқан шақ. Үй ішіндегі заттардың да көзден ғайып боп, қабырғалардың ғана болмашы бозарып тұрғанын Зейнеп ас үй мен өзге бөлмелердің арасында күйбеңдеп жүріп-ақ байқамай қапты.

Бұл үйде не тіршілік болсын, орны ойсырап, бітпей тұрған ештеңе жоқ. Бәрі дайын, бәрі бар. От жақпайсың, су тасымайсың, екі-үш күнде бір рет дүкенге барып, қу тамақтың тесігіне тықпалайтын оны-мұны әкеп қойсаң болғаны, қылт етіп жұрт көзіне көрінбей жата бер. Сенің біреуге, біреудің саған қажеті жоқ. Мейірбандыққа жаратылған адамды тас бауыр ететін қала тіршілігі-ай, десеңші? Бірақ тасбауырсың деп кімді кінәлайсың, неге кінәлайсың? Бәрінің өз тірлігі, өз шаруасы өзінде, қайта баса-көктеп кіріп барса, өзгенің тыныштығын бұзудан да қорқады емес пе?

Оның пенсияға шыққанына бір айдан енді-енді ғана асты. Пенсияға шықсам қимылсыз жатып бір демалармын-ау деп ойлаған, қайда-а, керісінше, жұмыста жүргені жақсы екен, әйтеуір, алдыңдағы жұмысты ғана білесің. Ал қолы бос адамның қарайламайтыны, араласпайтыны қалмайды екен және сенің араласқан ісің бітіп жатса екен-ау, ешқашан бітпейтін, өнбейтін, көзге көрінбейтін, тынғанынан уайымы мен күрсінісі көп ұшы-қиырсыз бірдеме. Балалардың қамы ғой баяғы. Олардың   мұнымен инедей де ісі жоқ, бірақ Зейнепке олар мұңсыз өмір сүре алмайтындай, бәрі де аналарының қамқорлығын сарылып күтіп отырғандай көрінеді. Бәрінің әйелдері бар екенін, бұның ақылынан гөрі олар әйелдерінің ақылын көбірек тыңдайтындарын, әйтеуір жер бетінде анамыз бар деп ауызбен айтып қойғандары болмаса, енді сол анасыз-ақ өмір сүре алатындарын, ол ешқашан ойлап көрген емес. Ойламайды да. Ойласа да ол ойға бағынғысы, мойынсұнғысы келмейді. Бір сағатқа аналары көзден таса болса, мына жалпақ дүниеде жалғыз қалғандай “мамалап” жылайтындары қайда? Күйеуі қайтыс болып, төрт баланың ортасында жалғыз қалғанда, оларды асырап жетілдіру үшін амалсыз қара жұмысқа араласпады ма? Ол кезде бала-бақшада орын аз, балаларды қолы бос көрші-қолаңдарға, алыстағы таныстарға тастап, қас қарая бәрін жинамаушы ма еді? Сол кезде осы әлжуаз мамалары бар дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандай, онсыз мына дүние қараң қалардай көрініп, бәрі тұс-тұстан анталап кеп құшақтаушы еді ғой. Содан автобустан автобусқа отырып, суық үйге түн ішінде жиналушы еді-ау? Бәрі у-шу боп жүріп пешке от жағып, қазанға май шыжғырып, көпсітіп пияз турап, өзге жұрттың алды жата бастағанда бұлар абыр-сабыр боп кешкі тамақ ішуге отыратын.

Тамағын ішіп болар-болмаста бес жасар Ертай столға маңдайын тіреп ұйықтап қалатын-ды, ал ересектері өз төсектерін өздері салып, “мама, қасымызға келіп жатшы” деп сөйлеп жатып, мамаларының “қазір” деген даусы екі-үш қайталанғанда-ақ тұяқ серіппей тым-тырыс ұйықтап кетуші еді. Тек жөргегінен қағылездеу өскен жеті жасар Нәзипа ғана шешесінің “жат” дегенін тыңдамай, ыдыс-аяқ жуысып, күні бойы көрген-білгенін айтып, екеуі бірде күліп, бірде мұңайып, бірде жылап жүріп төсектеріне бейуақта кеп жататын-ды. Нәзипа мұның мойнынан тас қып құшақтап алатын. “Бүгін күні бойы не істедіңдер? ” — дейді мамасы бірден ұйықтап кетпейтін болған соң әлдене дегісі кеп. “Ойнадық. Қыдырдық”. “Қайда қыдырдыңдар?” “Магазинге бардық. Мені ертіп барды. Сол жерден өзіне бантик алды. Әдемі, көк болғанда бар ғой, көкпеңбек!” “Сонан соң?” “Сонан соң… балмұздақ жедік. Ол жеді. Ол өзіне ғана алды”. “Неге саған алмады?” “Білмейім. Бірақ маған балмұздақ жеуге болмайды ғой. Тамағым ауырады. Сонан соң сен ұрсасың. Мен ауырсам, сен жұмыстан қаласың, сонан соң саған ақшаны аз төлейді”. — Зейнеп оған білдірмей жаймен ғана күрсініп қойды. Өн бойындағы ду-ду еткен аянышты сезімдерді бас көтеріп келе жатқанда басып тастамақ боп қайта сөз бастады. “Сонан соң қайттыңдар ма?” “Жоқ. Ол айтты, Ризаны айтам, сол жердегі кішкентай паркке барайық деді. Соған бардық. Самолетке отырдық. Маған өте ұнады. Оған да. Сонан соң Риза тағы отырды. Мен қарап тұрдым”. “Неге?” “Сол… самолетке көп отырудың қажеті жоқ қой ә? Басың айналады. Суық тиеді. Көп отырудың керегі не? Бір рет отырсаң да жетеді. Сонан соң мен қарап тұрдым”. “Болды, ұйықтай ғой енді”.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29