Гауһар тас

Ыбыштың мінез-құлқы, кескін-келбеті, аузындағы сөзі мен күлкісіне шейін әкемнен аумай қалған, сойып қаптағандай дерсің. Екі иығы қақпақтай, менен екі есе бар. Шешінгенде білегіндегі білем-білем бұлшық еттер арасында шортан жүргендей бұлт-бұлт етіп ойнап шыға келеді. Ол асығу дегенді әсте білген жан емес. “Ойбай, тұр, қойға қасқыр шапты!” — десең де орнынан жайбарақат көтеріліп, маймаң-маймаң басып барып жарбиған жаман кепеден ер-тоқымын алады, сонан соң үйде қалған қамшысына қайта келеді. Содан кейін барып байлаудағы күрең қасқаны асықпай ерттей бастайды. Оған шейін кеудесінде жаны бар қасқыр қойды қырып бітеді ғой, сондықтан ол сайланып шыққанша қой соңынан мен кете тұрамын. Әкем Ыбыштың осы жайбарақаттығын ғана жаратпайды. Басқа жағынан Ыбыш ол үшін жігіттің сұлтаны, нағыз еркек. Күш дегеніңіз оның бойына сыймай, асып-төгіліп жатыр. Аузын шымшып тіккен екі орыс қабың Ыбыш үшін түк емес. Қауын көтергендей екеуін екі қолтығына қысып алады да алдында кездесе қалған анау-мынау арық-атызыңнан аттап-бұттап жүре береді. Сондықтан да біздің үй ақ қапшық дегенді ұстамайды. Анау азық кепедегі маса қонса жарылғалы тұрған ала қап, қара қап, шұбар қап дегендердің бәрін апамның өзі тоқыған.

Ыбыштың айрықша бір мінезі — көкпар құмарлығында. Көкпар хабары шықса Ыбышты тану мүмкін емес. Жалпақ танауы балықтың желбезегіндей желп-желп етіп, үлкен қой көздері қызыл көрген аш бүркіттің жанарындай от шашып шыға келеді. Қой бағу, қозы төлдету дегенің жайына қалады. Атын таң асырып, жалын тарап, түнімен ұйықтамай шығады. Тіпті, бөшкедегі ауыз судан екі-үш шелегін алып, күреңін жалт-жұлт еткізіп жуып қояды. Су таситын мен. Сондықтан, балапанын қорғаған қызғыштай шырылдаймын да қаламын. Бірақ әкем бір саусағын ғана қимылдатып мені өзіне шақырып алады да: “Қойға бар, қиналсаң суды өзім-ақ әкелемін”, — дейді ақырын ғана. Ыбыштың атқұмарлығы мен шабандоздығына әкем қашан да разы. Көкпар болады деген хабарды да алдымен өзі айтып келеді. Үлкен баласының мен сияқты емес, қайратты, шабандоз, көп сөйлемейтіндігін ол мақтаныш тұтады. Сондықтан, көкпар хабары сонау Қазықұрттың бауырынан шықса да, Ыбыштың баруын әкем іштей тілеп отырады. Мұндай кездерде ол оған ерекше мейірімді де, шешіліп сөйлегіш. Өйткені, көкпар –ата мен бабаның атын шығаратын, даңққа бөлейтін қасиетті бәйге. Ал, көкпар болмайтын күндері ол Ыбышты уысынан шығармай берік ұстайды. Біз бәріміз де оның ызғарлы жүзінен ығысып жүре береміз. Тау қопарар еңгезердей Ыбышың да оның алдында бір уыс мақтадай бола қалады. Сондықтан, мен өзім шаппасам да көкпар хабары шықса екен деп тілеп жүремін. Онда, үй ішіне жылылық, көңілділік енеді.

Әкем де, Ыбыш та осы кезге шейін бетімнен бір сүйген емес, тіпті, айналайын деген сөзді айтқан-айтпағандары да есімде жоқ. “Баланы айналып-толғана берсең әйел тәрізді сынық, жасық боп кетеді” деген әкемнің сөзін әлденеше рет естігенмін.

Міне, бүгін де үнсізбіз. Анадай жердегі сықырлауық ағаш кереуеттің үстінде бәтес көрпені айқара жамылып Ыбыш жатыр. Ойына ешнәрсе кіріп шығар емес. Мен ертең оқуға жүремін. Алысқа, Алматыға кетемін. Апам айтқандай “Әзірет сұлтанның аруағы қолдап, бағым жанса түсемін, түспесем қайтып келемін. Оқымасам да күн көруге болады. Іс қып, ден сау болсын”.

Әкем үйде жоқ, қайда кеткені де белгісіз. Жалпы ол үлкен бір іске аттанарда мақсатын ешкімге айтпауды әдетке айналдырып, қанына сіңірген. Әйтеуір, бүгін кешке келетіні ғана белгілі, бірақ қазір түн жарымы боп қалды, неге екені белгісіз, кешігіп жатыр. Ыбыш қимылдар емес. Жатар алдында таңертең ерте тұрып, мені теміржол станциясына шейін күрең қасқамен апарып тастауға келіскен. Ол осының өзіне әрең көнді. «Ат шаршайды. Есекпен-ақ барсаңшы. Жеткен соң есекті Сопыбектің бастырмасына байлап кете сал, бір барғанда әкелерміз!” — деп күңгірлеген. Бірақ, араға апам араласып: “Мейірімсіз, олай деуге қалай дәтің барады? Қарғадай балаға жаның ашыса қайтеді. Өліп қалмас атың. Бөтен емес, інің ғой әйтеуір” — деген соң біраз үндемей отырып келіскен рай білдіріп жантая кеткен. Әне, сол бойы ұйықтап кетіпті. Көнетоз қара шабаданға бар тапқан-таянғанын салып, апам байғұс қана көбелектей шарқ ұрып жүр. “Әдірә қалғыр, мейірім бар дейсің бе бұларда. Бауыр еті жалғыз інісі алысқа кетіп бара жатқанда қайтіп қана ұйықтайды екен”… — деп, анда-санда қапалана сөйлеп қояды. Сонан соң төсекте жатқан менің қасыма келіп шашымнан сипап, бетімнен қайта-қайта сүйе береді. Сол сәтте оның көзінен жып-жылы жас бетіме тамып кетеді. Менің де көңілім босайды. Бұл — әкем айтқандай жасықтықтан емес, мен кеткен соң апама мына үйдің ішінде көңілсіз болатынын ойлағандықтан еді.

Бір кезде тігулі үйдің алдынан ат дүбірі естілді. Сәлден соң үйге әкем кіріп келді.

— Жатпағансындар ма? — деді ол қамшысын керегенің басына іліп жатып. Үнінде бір жылылық бар секілді. Мен қуанып кеттім. Тым болмаса, оқуға жүрер кезімде мейірімді болса екен.

— Жоқ, — деп апам орнынан тұрды да ас қамына кірісе бастады.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26