Эмигрант

«Я—человек не этого времени».

Болат Окуджава

 

«Адамның екі мақсаты бар, біріөмірге келу, екіншісікету. Арасындағының бәрі алданыш. Келгеніңнің қызығы бітті-ау дегенде адамның кете салғаны да жөн шығар».

Асқар Сүлейменов

 

Болат Окуджава болса әлгі сөзді биыл 1996 жылдың жазында, ауруханада жатып айтты, ал, Сіздің мына сөзді қашан айтқаныңыз есімде жоқ, есімдегі сол — бұл сөзді ылғи айтатынсыз. Біз күлетінбіз.

Е-е, Асеке, сіз не айтпадыңыз! Қаншама күндер, қаншама түндер бірге өтпеді, сол сәттерде біз қандай тақырыпқа бармадық, қандай сөздер төгілмеді! Саясат, әдебиет, таным, талғам, кісілік, кішілік, дос, жолдас, қызмет, ағайын-туыс, адалдық, харамдық, өзге ұлттар және қазақ, өнер, спорт, әйел т. б. толып-толып жатқан тақырыптар бізден артылды ма?

Сіз туралы жазу, құданың құдіреті, сіз көз жұмбай тұрып-ақ ойыма келген еді. Аяқ астынан сіз ана жаққа «кетіп» қалдыңыз. Әні-міне деп жүргенде сіздің асыңыз да өтті. Жазамын деген оймен әлі жүрмін, оның үстіне Әлия да қайта-қайта телефон соғып, кездескен сайын ұялатын болдым. Сізді қойшы, сіз күтесіз ғой, тіпті ешкім ештеңе жазбай қойса да, енді Сізге бәрібір. Қолыма қағаз, қалам алып талай рет жазуға отырдым, бірақ, қазақтың жөні түзу бір сөзі қалам-қармағыма ілінсеші! Тіпті, қаппайды да. «Асқар Сүлейменов» деген есік құлыптаулы. Қолымда бір буда кілт бар, соның біреуі дәл келмей-ақ қойды. Бастаймын — ұнамайды, сонан соң тұрып кетемін. Тағы отырып, екі-үш бет тағы жазамын. Қағаздан басымды көтерсем, Сіз қарап тұрасыз. Әрине, Сізге ұнамайды. Сізге ештеңе ұнамайды. Зәрлі көзбен бедірейіп қарап қалғансыз. «Сізге не ұнаушы еді,— деп тұрып кетемін,— Жазсын өзгелер. Ұнасын, ұнамасын соларды оқи тұрыңыз. Қарық болсаңыз».

Сіз туралы жазу замандас үшін азап екен. Әлденеше жыл қиналып, әлденеше жыл он ұмтылып, он тұрған сәтте өзімнен-өзім азаланып «құдай пендесін қинағысы келсе Асқар жайлы естелік жазуға жазсын» деп те күйіндім. Сіз туралы қазір жазушылар көбейді және солардың бәрі сізбен етене араласқан, дос-бауырдай, бірін-бірінсіз өмір сүре алмайтын қарын мен тамақтай етіп суреттейді. Оның да жолы бар шығар. ІІІынында, сіз кіммен бірге жүрмедіңіз. Қасыңызға кімдер ермеді, тіпті, өлердей жек көретін адамдармен де сырластай бірге отырғаныңызды талай көрдім. Кей кезде, тіпті өзіңізбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, қосылмақ түгілі қайнаған сайын іри беретін, иннтеллект жағынан араларыңыздың алшақтығы сонша, «екі ит шөлдеп өліп, үшінші ит сүйегін сүйретіп әрең жететін» (Асекеңнің тіркесі) адамдармен де талай-талай бірге болдыңыз. Солардың бәрі Сізбен таным тереңінен табысқандай тамсана жазып жатыр. Жазсын. Бәлкім, әркім әртүрлі жаза келіп, Сіздің портретіңіз жартылай болса да жанданар. Ал, шындығында, Сіз туралы жазу, Сіздің қағаздағы бейнеңізді жасауға тырысу — Колымадан құлаш ұрып өтемін деп тәуекел еткенмен бірдей.

Сізді қазір кейбір азаматтар «танылмаған данышпан», «табылмаған мұхит» ден жатыр. Сіз мұндай пікірмен келіспейсіз. Өйткені, Сіз Мұхаммед Пайғамбардың хадистерін бәрімізден бұрын оқып, «Адам адамға табынбауы керек» деген өсиетін қаныңызға сіңіріп қатайғансыз. Сіз үшін жер бетіндегі «ұлылық» дегеннің өзі басқа биіктікпен, жұрт түсіне бермейтін түсінікпен өлшенетін, өйткені, жалпы жұрт кіретін есік Сізге есік боп танылмайтын, барлық өмір шындығы мен таным дүниесіне кіретін есік мүлде басқа еді, оның қандай есік екені өзіңізден басқа жан адам білмейтін. Солай, құданың құдіретімен, Сіз солай жаралғансыз. Осы қасиетіңіздің өзін ежелгі достарыңыз да (егер Сізде дос болса), егде ұрпақ пен кейінгі ұрпақ та «Асқардың қисық мінезі ғой» деп оңай топшылай салатын, өздері түсінбеген, өздерінің өресі жетпеген жоғары математиканы олар осылай қосу-алудың оңай жолына салып құтыла салатын.

Есіңізде шығар. Мұқағали қайтыс болғанда, естелік жазушылар көбейіп кетіп, онымен бір-екі рет «шараптас» болған адамдардың өзі терезесі тең адам болғандай мақтана жазып жатты. Біз осы жөнінде біраз сөйлесіп едік.

— Рухани жақын болмаған адамдар кездейсоқ, бірге болғандарын неге малданады екен? Олар бір-бірінен мүлдем алыс адамдар болды ғой.

— Ну что же! Жазсын. Өлген соң мен туралы жазып қалар деп Мұқағали жалғыз жүру керек пе?

— Осындай адамдармен бірге жүрмей-ақ қоймады ма екен, жарықтық.

— Әй, слушай, егер Гегель қазақ болса, оның үстіне Алматыда тұрса, оның үстіне вино ішетін болса, ол рухани теңдес іздеп, соны тапқан соң, барып көшеге шығуы керек пе? Ол оны кәйтіп табады? Вот и приходится бедному Гегелю пить вино с кем попало. Сендер осы Арыстың суынан акула іздегенді қашан қоясыңдар? Сенің ойыңша Гегель Шопенгауэрмен, Кантпен, Спинозамен, Маркспен, Ленинмен, тым құрығанда Сен-Симонмен ғана бірге жүруі керек пе? Қазақстанда? О бейшара оларды қайдан табады?

Әрі зәрлі, әрі ызалы, әрі сарказмге толы осы сөзіңіз әлі есімде. Бұлтартпас, мойынбұрғызбас, терең де дәл жауап, әр ғасырда шашылып жатқан адамдарды бүгінгі күнге иіп алып келіп, сол доғалардан қазақы сананың қажеті үшін оп-оңай жасалына салған параллель. Сіздің бұл секілді ойларыңыз, ешкімнің миына кірмейтін абстракцияларыңыз, оңайды қиындатып, қиынды оңайлатып салатын тұжырымдарыңыз, жоғары интеллект иесімін деп кеудесіне нан пісіп жүретін талайлардың өзін бас-аяғы сүт пісірім ішінде таңқалдырып кететін, еріксіз мойындататын немесе шапқа тигендей тулатып өтетін. Маңайдағы есті құлақты елең еткізбей қоймайтын айрықша ойлар мен жаңа фразалар әртүрлі отырыстарда жабайы өріктей шашылып, аяқ асты боп жатушы еді. Төңірегіңіздегілердің көбісі оны теріп алмайтын, теріп алайыншы деп талпынбайтын да. Есіңізде ме, осы жөнінде Сіз екеуіміз сөзге де келіп қалып едік қой. «Немене бұл, көрінген жерде, көрінген адаммен отырып, «бетінде миы жоқ» адамдарға қымбат сөзді арзандатып отырғаныңыз? Жатпайсыз ба, одан да үйде. Жазыңыз. Диктофонды қосып қойыңыз да сөйлей беріңіз!» Ол мырс етіп күліп алды. «Слушай, қасымда ешкім болмаса неменеге оттай беремін?». «Ал әлгілермен неге отырасыз?» «Оларды мен жек көремін». «Тем более! Жек көрсеңіз, оларда неңіз бар?». «Странно, мен жек көретін адамдардың ортасында жақсы сөйлеймін. Сондай кезде басыма өзім күтпеген ойлар келеді». «Онда соларды жинаңыз да жүріңіз. Олар аздық, қылса менің де жек көретін адамдарымды қосып алыңыз». Ол тағы мырс етіп күліп алады. «Айтоты екеуіңнен-ақ бәлеге қалдым-ау осы. Шетінен ревизор. До свидания! Хоп!».

Pages: 1 2 3 4 5 6