Әпке

Екі бөлімді драма 

Қатысушылар:

Қамажай

Омар – інісі

Тим, Тимур – інісі

Ермек – інісі

Наз, Назила – сіңлісі

Гауһар – Назиланың құрбысы

Кама, Кәмила – Тимурдың сүйген қызы

Сұлтан – Тимурдың досы

Сұлухан, Светлана – Сұлтанның қасындағы қыз

Қабен

Көрші әйел

 БІРІНШІ АКТ

(Сахна төрінен Қамажай мен Қабеннің тұлғалары көрінеді. Қараңғыдан шығып, олар бері жақындайды).

(Қабеннің даусы).

«Мен сені үш күн бойы күттім. Адамды осылай қорлауға бола ма? Балалар оянып кетеді деп, телефон соқтырмайтын өзің. Сондықтан, бір парақ қағаз жазып отырмын. Қымбаттым-ау, күтудің де, шыдамның да шегі болады ғой. Неге келмейсің? Мені ұнатпайтын болсаң, күндіз телефонмен сөйлескенде оныңды ашып айт. Кісіні әуре-сарсаңға салып қойғаның не? Бүгін тағы да күтем. Екеуміз әуелгі келіскен жерде. Өтнемін, жүздесіп кет. Бүгін, сөз жоқ келгейсің. Өтінем, асыға күтем. Соңғы рет».

Қамажай:

Бір алапат сезім кіріп кеудеме,

Жұлқынғанда айта алмадым деп «неге?»

«Өмір деген жалғыз сенің үйің бе?

Халат тастап, далаға жүр киін де», –

Деді маған ыдыс жуып жатқанда.

Ән естілді,

Көктем кеткен жақтан ба?..

Дала кезген самал болып кеттім мен,

Оралдым ба баяғы бір шақтарға,

Толқын болып тулап шықтым далаға.

(«Екеуі қол ұстасады. Бірақ ұстасқан қолдары еріксіз ажырай береді).  

                            *                          *                          *

(Қамажайдың үйі. Шашылған, бей-берекет көрініс. Қамажай,Омар, Тимур, Нәзила, кішкентай Ермек. Ортада Тимур отыр. Ол ішкенге ұқсайды. Алдында бөтелке).

Тимур. Кетіңдер. Бәрің де кетіңдер. Маған ешкімнің де қажеті жоқ. Өйткені, мен ешкімге де қажет емеспін. Анам болса бүйтпес едіңдер.

Қамажай. Саған не болған? Не айтып тұрғаныңды білемісің өзің?

Нәзила. Білмейді. Ол бүгін тұңғыш рет азамат болып, арақ ішіп келіп отыр. Азамат болғаныңыз құтты болсын.

Тимур. Батыр қараңды, сайрамай. Әзіліңді көтерер жайым жоқ. Бағана жұмыстан шаршап келгенімде біріңді таппадым. Құдай сендерге тек тіл берген.

Қамажай. Темір-ау, үйде болмасақ, қыдырып жүрген жоқпыз ғой.

Тимур. Қыдырып жүрсіңдер. Паркте. Жігітпен. Осы үйдің қамын ойлайтын жалғыз мен бе? (Әкелері кіреді. Бәрі тұрған орын-орындарында қимылсыз қалады).

Тимур. Ом. Наз… Қыдыр аралап жүрген екен десем, әкеміз екенсіз ғой.

(Әкелері үй ортасына кеп, бәріне үнсіз көз тастайды).

Тимур. Жылаған баланың үніне қарайламап едіңіз, енді не іздеп жүрсіз? Құдайға шүкір ер жеттік. Даусымыз да шықты, дауласып та жатырмыз. Көзіңіз өтіп кетер, сұқтанбай тез кетіңіз. Кетіңіз, кетіңіз…

Қамажай. Тимур…

(Ол жайлап басып шығып кетеді. Оның соңынан әпкесі жүгіреді).

Тимур. Әпке-е.

(Ермек оянып кетеді де, сыртқа жүгіреді).

Ермек. Әпке. Әпке.

Қамажай. Ермекжан. Әпке дегенің қалай? Мен сенің мамаңмын.

Ермек. Жоқ, сен әпкем екенсің. Менің мамам өліп қалған. Сен әпкем екенсің, әпкем екенсің.

Қамажай. Жоқ. Мен сенің мамаңмын. Әпке де, мама де, мама де.

*                 *                 *

(Стол басында Қамажай, сіңлісі, сіңлісінің құрбысы тамақ ішіп оты)р.

Нәзила. Илансаң бар ғой, әпке, таңертеңнен бері Гауһар екеуіміз дым сызған жоқпыз.

Қамажай. Немене, ақшаларың болмай қалды ма?

Нәзила. Жоқ, өзің берген ақшам да болды, Гауһар да құр алақан емес.  Ательге барып едік, адам көп екен, шаршап өле жаздадық. Так что, әпкешка, бүгін алдымызға күнжара қойсаң да жей береміз.

Қамажай. Ақшаларың болмаса, ательге неге барып жүрсіңдер?

Нәзила. Бұрынғы ақшалы кездерім еске түсіп… Ательеге ақшалы адамның баруы жаңалық емес. Қолыңнан келсе, ақшасыз барып көр. (Күліп). Жай айтқанымыз ғой. Әпке деймін, ательеге маркизет түсіпті. Гауһарда азын-аулақ ақша бар екен, мен одан қарыз ала тұрмақ едім. Кезекке тұрып едік, жете алмадық. Жете алмағанымыз да дұрыс болды. Әйтпесе, кейін қайдан тауып берер едік.

Қамажай. Неге?.. Тауып береміз… Тимур ертең айлық алады ғой.

Нәзила. Оның айлығы өзінен артылмайтын болды ғой. Өткен жолы мен оны паркте бір қызбен көргем. Меніңше, финанс жағын сол кісі басқаратын болуы керек. Ал, енді іске кіріселік.

(Екі құрбысы сықылықтай күліп, тамақтан қарбытып жеуге кіріседі).

Қамажай. Ойбай-ау, сендердің қарындарыңның аш екенін білмей қалдым ғой, тамақты мол жасайтын едім. Әлгі Темірбек бір жолдасымды  ертіп келем деп еді. Сол екеуінің… Жарайды, сол екеуінің сыбағасын салып берейін.

Гауһар. Жо-жоқ, апа, керек емес. Бізге осы да жетеді.

Қамажай. Азаннан бері дым сызбасаңдар қайдан жетсін. Оларға… котлет қуырып бере салармын. Әкеліңдер ыдыстарыңды.

Нәзила. Біздің әпкешка бала сияқты. Не айтсаң, соған сене береді.

(Үйге Темірбек және гитара көтерген бір жігіт пен екі қыз сау етіп кіріп келеді. Бәрі көңілді. Қамажай тамақ қамын ойлап, аңырып тұрып қалады).

Нәзила. Әпкешка, котлетті көбірек қуыр.

Темірбек. О-о, біздің үйде той боп жатқан-ау шамасы. Мамуля, мен білмейтін бұл қандай той?

Қамажай. Ә-ә… той емес… Жай, өзіміз. Жігіттер, қыздар, жоғары шығыңдар. Ермекжан, сен өз бөлмеңе бара ғой, кәне. (Ол кетеді). Ал, төрлетіңдер.

Темірбек. Мамуля, біздің үйде той жоқ дейсің, неге той жоқ? Той бар. Енді болады. Бүгін екі жылдан бері бір фирмада істеп келе жатқан менің ең жақсы досым Сұлтанның туған күні. Және ол біздің босағаны бірінші рет аттап отыр. Демек, біздің үйде бір емес, екі той өтуі тиіс. Ал, Кәмила, шығар сумкадағыларыңды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15