ӨЗЕН СУАЛҒАНДА

Аспан айналып жерге түсердей шілденің шыжып тұрған кезі. Шақырайған күн минут сайын жерге жақындап келе жатқан тәрізді. Дала оты сөнбеген тандырдай аптап атып тұр. Әуе тымырсық. Лып еткен жел жоқ. Анда-санда ауыл арасынан тік көтерілген құйындар тыныш жатқан шөп-шаламдар мен теміржол жиегіндегі сары қағаздарды ту биікке алып шығып, ермек таппағандай құтырына ойнайды. Айнала жым-жырт. Осы маңдағы адамзат мекенінің бәрі де қаңырап қалған тәрізді.

Сонау қыр басынан шаңын бұрқыратып бір машина қоңыз сияқты баяу жылжып бара жатыр. Бұл маңдағы тіршілік иелерінің бәрі де күйдіріп бара жатқан күн көзінен жан сауғалап, салқын үйлеріне әлдеқашан жасырынып еді. Тек станция кезекшісі ғана сары жалауын шошайтып поезд күтіп тұр. Міне, сонау алыстан сіріңке қорабы сияқты болып көрінген ұзын состав дүниені дүрліктіріп дәл бір қара жерді ойып түсердей сарылдап өте шықты. Бұл шуға Ақпан тұрғындарының үйреніп кеткендігі сондай, олардың кейбіреулерінен: “Әлгінде поезд өтті ме?” — десеңіз, сізді таңқалдыра “жоқ” немесе “білмеймін” деп жауап берер еді. Тіпті, олардың бесіктегі балаларына шейін терезені сықырлатып, бейнебір бірнеше секундтан соң үйдің бұрышын жұлып әкетердей боп көрінген поездың тасыр-тасырын елең қылмай пыр-пыр етіп ұйықтай береді.

Көлеңкеде бір төбет тілін салақтатып, ысып бара жатқан дүниеге наразылық білдіргендей төңірекке немқұрайды қарайды.

Түс ауып, күн райынан қайтқан соң, Ақпан жұртшылығы жапа-тармағай тіршілік қамына қайта кіріседі. Осы кезде шөп тасыған арбалардың салдыры, тұла бойыңды тітіркендіре шалғы қайраған дыбыстар, ерсілі-қарсылы өткен поездың гүрілі, сиырдың мөңірегені мен мастанған есектердің шиқылдай ақырғаны, бәрі-бәрі қосылып, шағын ауылды тіршілік әуеніне орап алады. Бұл ауыл қанша белгісіз болса да өз қуанышы мен өз күйініші өзгелердікінен бірде-бір кем соқпайтын дүбірлі түкпір. Бұл жердің жастары жетіліп, жан-жаққа құлаш сермей ұшып жатса, талқаны таусылған кәрілері осы атыраптың топырағында мәңгіге қалып жатыр.

Дәл осы түкпірді іргелей өтетін момақан Арыс өзені көктем шықса буырқана тасып, ақпандықтардың апшысын бір-ақ уыс қылатын да күндері болатын. Ал жаз болса тайыздап, қайраңы көрініп жатады. Ақпан жұртшылығы мұнымен бірге тура осы жерден өтетін теміржол шексіз жердің бәрін аралап шығатынына, және оны жолмен өтетін поездардың бәрін де өз қолдарымен атқарып тұратындықтарына да мақтаныш етеді.

Демек, қанша кішкене болса да, бұлардың да барлық жер бетіндегі тіршілік иелеріндей өз мақтанышы мен өз қуанышы, өз күйініші мен өз сүйініші бар екен. Бүкіл адамзат жиналып “тіршілік” деген бүтін бір ұлы ұғымды құрайтын қасиетті дүниенің бір ұшқыны осында да тыныстап жатыр екен. Сондықтан, үлкенді-кішілі уақиғаны бұл ауыл да бастарынан кешіруге тиіс еді.

Үй алдындағы бастырма астында күн асқан сайын тақалып келе жатқан қарғыс атқыр кәріліктің хабаршысындай бурыл тарта бастаған шоқша сақылын жаймен сипап қойып, Мүсірәлі кемпірімен бірге қою шайды ұрттай түсіп үнсіз отыр. Ол маңдайынан аққан терін қолындағы сүлгімен сүртіп-сүртіп жіберді де, орамалды дүрілдетіп желпіне бастады.

— Дозақ болып кетпесе неғыл дейсің мына күн, — деді күбір етіп. — Аспаннан бір тамшы тамбай барады ғой биыл, дала өртеніп кетпесе болар еді!

Ол айналасына назалана бір қарап, көңілі толмағандай басын бір шайқап қойды. Сонан соң босаған пияласын кемпіріне қарай домалатып жіберді де, шалқасынан түсіп төбеге қарады. Бастырманың бұдан бірнеше жыл бұрын салынған жабындылары қарайып, шіруге айналыпты. “Е-е, жамылғы жаңартуды тілеп тұр екенсің ғой сен де. Ол қиын емес. Жаңартармыз-ау, — деді Мүсірәлінің еріндері болар-болмас күбірлеп. — Оһ, дәурен-ай, асау тұлпардай арындап қайда зырғисың! Аз кем кідіріп қарайласаң қайтеді айналаңа. Көрсең етті, аясаң етті мына біздерді!”

— Мүсір-ау, шайың суып қалды ғой, тұрсаңшы, — деді Айғаным талай заманнан бері ыстық-суықты бір көріп келе жатқан адамдар сияқты емес, алыс жолдан күні кеше ғана келген ұлын “тамағыңды ішші” деп жасқана оятқан ананың үнімен.

— Не? Ә, шай ма? Құй деген жоқ едім ғой мен саған, — деді басын көтеріп.

— Құдай-ау, алжығанбысың өзің. Бір-ақ пияла іштің ғой. Шөлдедім, шай қайнатшы тезірек деп жан-алқымнан алған сен емес пе едің әлгінде…

— Жарайды, жарайды. Мынадай аптапта қайтіп ішерсің. Бағанағы қымызыңнан қалды ма, бар болса бір кесесін әкелші, жандырып барады ғой мына күн, — деді ол Айғанымың сөзін аяқтатпай.

— Қымыз дейді? Мана бір топ сақалдыларды ертіп келіп, тауысып кетіп ең ғой өзің.

— Қарашы, қарашы барып. Сабаны сарқып көр, мендік бірдеңе қалған шығар. Сақалдылар келсе мен деп келіп отыр. Олардан менің аярым жоқ. Тілінің уыттысын қарай гөр өзінің.

Мүсірәлі тағы да ауыр бір күрсінді. Шалының көптен бері еш нәрсеге көңілі соқпай өзінен-өзі жиі-жиі күрсіне беретін әдет шығарғанына алғашында таңданып жүрген Айғаным, соңғы күндері сыралғы досынан сыр тартып көрмек болып, тиіп қашты сұрақ қойғанымен Мүсірәлі мандытып ешнәрсе айтпаған. Айғаным бұл жолы да шалына қарап ауыз ашқан жоқ. “Болмас” дегендей ернін бір сылп еткізіп, кәрі сүйектері сықырлап орнынан көтерілді де, кебісін сырп-сырп басып қоңыр-салқын үйге кірді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9