Өз сынынан қорыққан драматург (1-бөлім)

 Н.В.Гоголь өзінің хаттарының бірінде былай деп жазған еді: «Театр деген еріккеннің ермегі емес, әрбірден соң қажеті жоқ бос әурешілік те емес. Егер оның шаңырағының астына бір-біріне ұқсамайтын мыңдаған адам сыйып, сол мыңдаған адам бір сәтте күліп, бір сәтте күңіреніп, бір сәтте көзіне жас алып күрсінетін болса, оны қалайша қасиет тұтпауға болады? Ол деген барша әлемнің алдында асқақ үніңді білдіре алатын алып кафедра ғой». Бұл жолдарда Гоголь театр дегеннің шынайы бейнесі мен мәнін, оның бүкіл болмысын ашып көрсете білді.

2

Драмалық шығармашылықты қандай ағымдар жетелеп, сах­налық идеалдар уақыт талабына сай қандай формаларға көшіп-қонбасын, театр үшін ешқашан өзгермейтін заңдылық бар, ол заңдылықтың аты – бәрінің бір сәт­те әсерлену заңы (закон общего переживания), яғни залдағы көрермендердің сахнада өтіп жатқан оқиғаларға реакциясы. Қандай жағдай, қандай заман болсын, театрда ешқашан бұлжымайтын бірыңғай әсерлену заңын драматург, мейлі ол жас бол­сын, мейлі кемеліне келген драматург болсын, бұл заң­дылықты өзгерте алмайды. Бұл заңдылықты ол қашан, қай кезде меңгереді? Туа бітті ме, жүре біт­ті ме? Кез келген драматург­ шығармасын жазу үстінде мұн­дай заңдылықтарға сүйене отырып жазбайтыны белгілі, ол мұның бәрін ішкі түйсік ар­қылы сезініп отырады. Ал іш­кі түйсік пен бірыңғай сезіну заң­ды­лықтарын шығарма барысын­да өне бойы сақтап отыру Гоголь сияқ­ты туа бітті талантқа тән қа­сиет. Драмадағы алдыңғы эпизод келесі эпизодтың интригасына жауапты. Оқиға эпизод сайын ши­рығып, шиеленісіп отыруы тиіс. Көрермендер оқиғадан «суып» қалмау үшін драмалық, комедиялық ситуациялар көрініс сайын жаңарып, баяндалып келе жатқан оқиғалар күтпеген жерден басқаша бағыт алып, өсіп, өршіп отыруы тиіс. Мұндай оқи­ғалар тізбегінің бәрі бастан-аяқ ұлттық психология мен ұлт­тық болмыстың шеңберінен шық­пауы тиіс. Гоголь ұлттық, та­за орыстық комедия жасай біл­ді, шығармаларының бәрін ұлт­тық эффектіге құра білді. Су­мароковқа дейін бір жарым ға­сыр бойы Ресей сахналарында сай­ран салып келген неміс пен фран­цуз театрларының әсерінен ұлы комедиогроф Грибоедовтің өзі арыла алмаған болса, Гоголь барлық бөтен өнерден іргесін аулақ салған тап-таза орыс оқи­ғасын, орыс тұрмысын, орыс адам­дарын, орыс психологиясын, қысқасын айтқанда, орыс күл­кісін сахнаға алып шықты.

Театрдың өмірдегі шынайы, нағыз халықтық рөлін ерекше бағалай білген Гоголь өзінің ең атақты комедиясы «Ревизорды» жазуға айрықша дайындықпен кірісті. Астана емес, губерниялық үлкен де қала емес, Ресейдің бір түкпіріндегі шағын қаланың арасынан Н.В.Гоголь бүкілресейлік ащы шындықтың бетін ашып бере алатын адамдарды іріктеп алып, әр адамға орыс өміріне тән типтік оқиға мен типтік об­раз­дар галлереясын асқан ше­бер­лікпен жіпке тізгендей қара­пайым әдіспен тізіп шықты.

Барлық елдің түгелдей дерлік классик драматургтері оқиға желі­сін шиеленістірудің амалын әркім әртүрлі әдіспен қарас­ты­рып, экспозицияны біршама созып алатын да, шиеленісті бастау үшін бірнеше сахналық көрі­ністерге жүгінетін. Ал Гоголь үшін бір-ақ сөйлем, жалғыз-ақ фраза жеткілікті болды. Қала бастығы Антон Антонович Сквоз­ник-Дмухановский: «Мырзалар, мен сіздерді аса бір жайсыз хабар айту үшін жинап отырмын: бізге ревизор келе жатыр».

Осы фразамен пьеса бірден басталды да кетті. Осы сөйлем пье­саның фабуласын да анықтап берд­і. Ең маңыздысы – жұрттың бәріне үрей тастап өтті. Пьеса персонаждары ғана емес, залда отырған адамдардың да санасын үрей билеп алды: «енді не болар екен, әрі қарай кейіпкерлерді не күтіп тұр?» деген сұрақ театр атмосферасын бірден жайлап алды. Фабула әрі қарай қа­лай дамымақ, салған жерден, пье­саның алғашқы фразасымен бас­талған үрей мен қорқыныш әрі қарай қалай жалғасын таппақ? Комедияның бүкіл энергетикасын бір ғана сөйлемге сыйдыра білген Гогольдің фантазиялық қуаты бүкіл спектакльдің аяғы­на дейін жете ме, әлде, орта жол­­дан өтпей жатып оқиға же­лі­сі қожырап кете ме? Пье­са­ны оқыған, спектакльді кө­ріп отыр­ған оқырман мен көрермен­дердің кө­кейінде тұрып алатыны да осы сұрақ.

Гогольдің мұндай сауалды пье­саға кіріспей тұрып-ақ өзіне қоя білгені шығарма барысында көз жеткізу оңай. Алғашқы беттерден-ақ әр кейіпкердің өзіне тән мінезі, сөйлеу мәнері ала­қандағыдай анық боп шыға келді. Көрер­мен қала бастығының әлгі сөзінен кейін-ақ оқиғаның әрі қарай жалғасын көруге ынтыға түседі. Залда отырған адамдарды, Гогольдің өз сөзімен айтқанда, «бірін-бірі танымайтын 5-6 мың тобырды» шашау шығармай уысында ұстап, бәрін бір адамдай сахнаға телміртіп, түймелерін үзгенше күлдіріп, ең соңында кү­ні бойы өздеріне-өздері кү­ліп отырғандарын түсініп, кейіп­­керлермен бірге «мылқау сах­наға» тап болып, «енді қайттік?» дегендей бәрін үнсіз қалдыруға дейін жеткізетіндей Гоголь қан­дай айла тапты? Оның коме­дия­сындағы динамика мен сар­қылмас ішкі қуат бірте-бірте өр­шіп барып, әр түрлі талғам мен әр түрлі түсініктегі «тобыр­ды» найзағай түскендей бір сәтте катарсиске әкеп тіреу үшін сарқылмас юмор мен трагедия­ның кілтін қалай тапты?

Әрбір ұлы шығарма қашанда қара­пайым. Гоголь өмірдегі бар­лық көрген-білген, естіген күл­кілі, келеңсіз жайларды юмор мен сатираның жібіне тізе білді. Оқиғаны өмірдің өзінен ойып алып, елеп-екшеп, іріктеп, ең қажеттілерін ғана қағазға түсіре білді. Неміс классигі Томас Ман­ның «Театр – тобырды ұлтқа ай­нал­дырады» деген атақты қанат­ты сөзі дәл осы «Ревизорға» арнап айтылғандай еді.

Pages: 1 2 3 4