Енді 700 жыл жасасам да пьеса жазбаспын деген драматург

Чехов және пьесаларының тағдыры

АНТОН ПАВЛОВИЧ ЧЕХОВ

(1861-1904)

 2

Хрущов: «В человеке все должно быть прекрасно: и лицо, и одежда и душа и мысль»

                                                                                         («Леший»)

Чеховтың әкесі Павел Егорович өте қатал адам болыпты. Ол балаларына аяушылық жасамайтын: ұрады, ұрысады, суық лавкада жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Сабақты да суық лавкада оқытатын. Ағалары Александр мен Николай да жазадан көз ашпайтын.

Чеховтың қиын балалық шағы өсе келе өз шығармаларына өзек болды. Әсіресе, «Ванька» атты әңгімесінде. Әрине, онда автор өмірбаяндық шеңберде ғана қалған жоқ, қатыгездіктің көрінісі шығармашылық фантазиямен жалғасып жатты. «Ванька» Крепостниктік Ресейдегі қараңғылықтың, надандықтың, топастық пен тайыздықтың көрінісі еді.

Әкесінің шектен шыққан қаталдығын болашақ жазушы есейген шағында да кешіре алмады. Мұздай лавкада отырып әкесіне деген мұз боп қатқан жүрегін Қырым жағалауының жұмсақ ауа-райы да жібіте алмады. Ағаларына қарағанда әлжуаздау боп туылған Антонның жүрегіндегі мұз жүре келе оның өкпесіне ауысты. Сол ауру ақырында оған ажал боп жабысты.

«Орыс семьясында бала тәрбиелеудің екі түрі ғана бар, бірі «адам болмайсың деп ұрысу, екіншісі – жұдырық» – деп жазды Чехов есейген кезінде. Әкесінің қаталдығынан ол Ресейді тұмшалап тұрған қараңғылық пен надандықты көрді. Оның барлық әңгімелеріндегі трагедиялық мотивация қоғам өмірімен астасып жатады.

Өсе келе ол дәрігер болуды армандады. Ол мақсатына да жетті. Әкесі де, ағалары да, әпкелері де оның дәрігер болуын құптады. Дәрігерде табыс көп деп ойлады.

Бүкіл семьяның ауыртпалығы Антонның иығына түсті.

1879 жылдың 15-маусымында А.Чехов кәмілеттік аттестат алды. Сөйтіп, ол жастық шағы өткен Чернигов қаласын тастап шықты. 1879 жылдың 8-тамызында ол Мәскеу қаласына анасы Евгения Яковлевнаның шақыруымен келіп, Мәскеу Униеверистетінің медицина фаультетіне оқуға түсті.

Лекцияларға үзбей қатысты, латын тілін ыждағаттылықпен үйренді – қысқасы ол нағыз дәрігер болып шығуды мақсат етті.

Студент-медик шығармашылықпен де айналыса бастады. Мәскеу журналдарының бірінде оның алғашқы юморға құрылған «Оқымысты көршіге хат» деген әңгімесі жарияланды. Бұл журналда оның әңгімелері бұдан соң бірінен соң бірі жариялана бастады.

Арада бірнеше жыл өтіп, Чехов әйгілі жазушы боп танылған кезде ол медицинамен тиіп-қашып айналыса бастады. Соның өзінде ол: «Медицина – менің заңды әйелім, ал әдебиет – көңілдесім (лоюбовница)» деген әзіл сөзін жиі айтатын.

Юмор… Сатира, памфлеттік интонация, мәдениетті әжуа… «Говоря откровенно, Трифон Семенович – порядочно-таки скотина» («За яблочки»)

Оның ең алғашқы шығармасы – «Оқымысты көршіге хаттан» бастап «Шиелі баққа» дейін, яғни, ширек ғасыр аясында Крепостниктік тақырып екінші, үшінші планға жылжуы мүмкін еді. Бірақ, ол крепостниктік өмірді, крепостниктік моральді сынауын жалғастыра берді. Ағасы Александр жас жазушы Антонды «Ниглист» деп атады. Кіші ағасы Михаилға жазған хатында: «Не нравится мне, зачем ты величаешь свое ничтожество? Ничтожество свое сознавай, знаешь где? Перед Богом, пожалуй, перед умом, красатой, природой, но не перед людьми»

Чеховтың ағаларына арнап жазған бұл сөздері оның өзінің өмірлік кредосына айналды: Ерінбеу, жалықпау, күресу, іздену, өзіңді өзің қор санамау, құдайдан басқаға табынбау.

*            *                 *

Чеховтың ең негізгі драмалық шығармалары: «Ваня ағай», («Леший») «Иванов», «Шағала», «Шиелі бақ», «Апалы-сіңлілер».

1903 жылдың наурыз айының соңында жұбайы, әйгілі актриса О.Книпперге: «Шиелі бақ» бітетін шығар, бітіруге бар күшімді саламын, оқиғаға қатысты кейіпкерлерді мейлінше азайтуға тырысамын, ол интимдік шығарма ғой» деп хат жазса, 1903 жылдың 27 қыркүйек айындағы хатында: «Саған телеграфпен хабарлағанымдай, пьеса аяқталды. Төрт актінің төртеуі де бітті. Мен оны көшіріп жазуға кірісе бастадым» деп қуана хабарлайды. Сол жылдың 12-қазанында: «Пьеса бітті, толығымен аяқталды, ертең кешке қарай, немесе, қазан айының он төрті күні Мәскеуге салып жіберемін. Сонымен бірге, өзіңе арнап кейбір ескертпелерімді де қоса жіберемін».

Книпперге жазылған бұл хаттарға мән беріп отырған себебім – пьесаның жазылу процесіне назар аудару. «Шиелі бақты» жазу үстінде Чеховтың көп толғанғаны, қиналғаны, көп уақытын сарп еткенін көрсету.

Мұндағы көңіл аударарлық тағы бір нәрсе – Чехов пьесаны МХТ-ға 13 немесе, 14 қазан айында жіберіп отыр. Ал, арада бір апта өтпей жатып, 1903 жылдың 20-қазан айында Станиславский Чеховқа мынадай мазмұнда телеграмма жібереді. «Пьесу только что прочел. Потрясен, не могу опомниться. Нахожусь в небывалом восторге. Считаю пьесу лучшей из всего прекрасного Вами написанного. Сердечно поздравляю гениального автора. Чувствую, ценю каждое слово. Благодарю за доставленное уже предстоящее большое наслаждение. Будьте здоровы. Алексеев.»

1904 жылдың 17-қаңтарында МХТ «Шиелі бақты» алғаш рет сахнаға шығарды.

Чеховқа спектакль мүлдем ұнамады. «Мен комедия жаздым, жылаңқы драма емес. «Афишалар мен газет хабарландыруларында менің пьесамды табанды түрде «драма» деп қайталай беретіні несі?» – деп күйіне жазды ол О.Книпперге, 1904 жылдың 10 сәуірінде. – Немирович пен Алексеев менің пьесамның мәнін басқаша түсінсе керек, демек, көрмейтінді көруге тырысқан.

«Шиелі бақты» Чеховтың «Комедия» деп атауының өзі түсініксіз. Оқырман да, көрермен де бұл пьесадан күлкілі ситуациядан гөрі драманы  көп көреді.  Күлкілі көріністер жоқтың қасы. Пьесаның құрылымы мен оқиға желісі күлкі шақырудан гөрі ойға, ойлануға шақырады. Шиелі бақты аукционда сату, қарызын өтеуге бүкіл балалық шақтары өткен, ата-анадан мирас боп қалған мұраны алаяқтардың олжалап кетуі күлкілі ме? Енді олар қалай күн көрмек? Дәулетті әпкесі берген 15 мың рубль қанша уақыт оларды асырай алады?

Ең соңында, отанын амалсыз тастап, қайтадан Парижге кетіп бара жатқан Раневскаяның әрекеті мен жан күйзелісінен күлкі табу, күлу мүмкін бе? Ол – қайғы, ол – мұң! Жалғыз ғана Гаевтың бильярд шарын қалай ұратындығы жайлы сөз арасындағы бірді-екілі айтылған репликасы болмаса бұл пьесадан езу тартарлық эпизод таппайсы. Сөйте тұра, Чеховтың бұл пьесаны «комедия» деп атағанда ұтымды болар деп ойлағанына түсіну қиын. Ал, жұртта ешкімге керек болмай жалғыз қалған Фирс – нағыз трагедиялық образ. Раневскаяның сенген адамы – Лопахин зымиян боп шықты. Имениені өзі сатып алды. Ал, имениенің бар шаруасын жүргізуі тиіс Епиходов болса, қорғансыз әйелдің дәрменсіздігін пайдаланып, осы үйде ойына келгенін істеп жүр. («Епиходов кий сломал»). Конторщик Епиходов енді Лопахиннің кеңсе ісін жүргізушісі боп бұлт ете қалды. Екі жүзді, опасыз образ.

Пьесаның соңында шие бағын кесіп жатқан балталардың үнін есту қандай аянышты!

Бұл – Чеховтың күйіне қорғаған ешқандай да «комедия» емес, қаны тамып тұрған драма. Трагедиямен ұштасып жатқан драма.

«Чехова с удовольствием читаешь, даже когда с ним не согласен. Он сцену не превращает в бойню как Шекспир» деп бағалады Лев Толстой Чеховтың пьесаларын.

Шығармашылығының алғашқы 7 жылының ішінде А.Чехов адам айтса нанғысыз жұмыс тындырды: 5 жыл медицина саласында беріле оқыды, алғашқы әңгімелерін, фельетондарын, қысқасы 500-ге жуық шығармаларын жариялады, Гомерден бастап Толстойға дейінгі әдебиетті сүзе оқып шықты, Шекспир мен Лопе де Вегаға дейінгі драмалық шығармаларды зерттеп, 5 томдық кітап шығарып үлгерді.

Неткен фантастикалық еңбекқорлық!

Айықпас науқасы бар Чеховтың 1890 жылы қисапсыз жол азабын арқалап Сахалинге сапар шегуінің өзі неге тұрады. Өз қаржысына!

Ол өзін «саясаттан тыс» жазушымын деп есептеді. Бірақ, ол өзінің бүкіл шығармаларының саясатқа құрылып жатқанын аңғармады. Әсіресе, А.М.Горькимен достасқаннан кейін өмірге көзқарасы күрт өзгерді. Сахалин сапарынан соң «№6 палата» атты көлемді әңгімесін жазды.

Ол кезде әлі жас революционер, бертін келе адамзат санасына өзгеріс енгізіп, әлемді қайта құрудың көсеміне айналған Владимир Ульянов (Ленин) өзінің әпкесіне жазған хатында: «Когда я дочитал вчера вечером этот рассказ («6 палата»), мне стало прямо-таки жутко, я не мог оставаться в своей комнате, я встал и вышел. У меня было такое ощушение, точно и я заперт в палате №6».

«Художник не должен быть не судьею своих персонажей, а только беспристрастным свидетелем» – деп жазды Чехов.

«Шиелі бақ» Чеховтың осы айтқан сөзіне толық жауап береді. Мұнда драматург не авторлық ремаркада, не оқиға барысында, не кейіпкердің басынан өтіп жатқан оқиғаларға баға бермейді. Чехов оқиғаны баяндады да шықты, өзі айтқандай «беспристрастный свидетель» болумен шектелді.

Пьесада қандай кемшілік бар? Оқырман қандай сұрақтарға жауап ала алмады?

Олар – шиелі бақты сатуға мәжбүр еткен қарыз қайдан шықты? Оны кім алып еді? Бар-жоғы 15 мың рубльмен Парижге не үшін кетіп барады? Махаббат па? Мемлекет саясатына қарсылық па? Әділдіктен түңілу ме? Оған негіз жоқ. Бәріне өзі кінәлі емес пе? Мещандық өмір сүріп, бейғам тіршілік құрды. Көңілі ауды, – махаббат жолында Парижге кетті, Париж де, күйеуі де көңіліне жақпап еді, Ресейге қайтып келді. Шиелі бақ та сол бейқамдықтың салдарынан аукционда сатылып кетті. Сөйтіп, алаяқтарға оңай «олжаға» айналды.

Драмадағы ең бір тартымды, аяғына дейін толық ашылған бейне – қартайған Фирс. Ол жұртта қалды. Раневскаяларға, әсіресе Гаевқа әбден берілген 87 жасар лакей тағдыры өте аянышты. Оны қасіретті өлім ғана күтіп тұр. Фирс сияқты қайғылы кейіпкері бар «Шиелі бақ» пьесасы автор қанша келіспесе де, «комедия» болуға хақысы жоқ. Ол – басы ашық драма. А.Чехов Немирович-Данченко мен Алексеевке (Станиславскийге) босқа ренжіген.

Пьесаның өн бойында көпсөзділікке ұрыну да жоқ емес. Көпсөзділік – Чеховтың барлық шығармасында кездеседі. Әсіресе, «Апалы-сіңлілі үш қыз» драмасы. Ол пьесаны жазып бітіру Чеховтың өзіне де ауыр тисе керек. «Үш қыз! Генералдың үш қызы! Олардың әрқайсысын орналастыру оңайға соқпады» деп мойындады Чеховтың өзі Суворинге жазған хатында.

*                 *                 *

                                                                                                                                 «Шағала»

А.П.Чеховтың ең атақты шығармаларының бірі – «Шағала». Солай бола тұрса да дәл осы шығармадай авторға ауыр тиген, жүрегін ауыртқан, денсаулығын әлсіретіп, бұдан кейін пьеса жазбаймын деп түңілткен шығармасы болған емес. Петербургтің Александринский театры қойған «Шағала» спектаклі оңбай сүрінді. Спектакль мейлінше сәтсіз ойналып, ойын біткен соң Чехов ешкіммен қоштаспай, банкетке де кірмей, Петербургтің жаңбырлы көшесін жападан-жалғыз кезіп кетті. Сол күйінше ол Мәскеуге кетіп, одан әрі деревняға, Мелиховаға барып тұрақтады. Бұл жылдары ол театр әлемінен біржола аулақтап, ұзақ уақыт бойы ешкіммен тілдеспеді де, ешкіммен байланыс та жасамады.

Күрделі шығарманың жолы әрқашан ауыр. Әсіресе, айтқанынан айтары мол, мәдениетті, астарлы шығарманы түсіну де, ойнау да қиын. Петербург театрындағы актерлар әр сөзді тәптіштеп айтқанмен, пьесаның негізгі арқауын түсінбеді, оны қалай, қандай рухта ойнау керек екенін де ұға алмады. Ал, көрермендер болса спектакльден ләззат ала алмады. Бірініші акт біткенше ешкім қол соқпады. Ал, спектакль аяқталғанда олардың көбісі не көргендерін, қандай оқиғаның куәсі болғандарын аңғара алмай, киім ілгіштен пальтоларын алып жатқанда-ақ спектакль жайлы ұмытып кетті. Авторды естеріне де алмады. Бұл – 1896 жылғы императорлық театрдың спектаклінен кейінгі оқиға еді. А.Чеховтың бұл пьесасын сол кездегі атақты актер, Чеховтың шығармаларына ғашық әрі оның досы болған Кіші театрдың актері Ленский «Шағаланы» оқып шыққан соң Чеховқа мынадай хат жолдаған.

«Вы знаете, как высоко ценю я ваш талант, и знаете, как вообще люблю Вас. И именно поэтому я обьязан быть с вами совершенно откровенен. Вот вам мой самый дружеский совет: бросьте писать для театра. Это совсем не ваше дело».»

Бұл хат Чеховқа өте ауыр тиді.

Газеттер «Шағаланы» арадай талады. «Шағаланы» жалғыз Суворин ғана мақтады. Ал прессада мынадай жүрек сыздатар пікірлер айтылып жатты: «… точно миллионы пчел, ос, шмелей наполнили воздух зрительного зала», «лица горели от стыда», «со всех точек зрения, идейной, литературной, сценической, пьеса Чехова даже не плоха, а совершенно нелепа», «пьеса невозможно дурна», «пьеса пройзвела удручающее впечатление как вовсе не пьеса и не комедия», «это не чайка», а просто дичь»…

Орыс әдебиетіндегі ең поэтикаға толы шығарма жайлы кезінде осындай да пікір айтылған!

Москвадан аулақтағы бір оңаша жерге барып, өзінің «Өмірдің мәні» деген пьесасын жазып жатқан Вл.Немирович-Данченко Чеховтан мынадай хат алады.

«Моя «Чайка» имела Петербурге в первом представлении громадный неуспех. Театр дышал злобой, воздух сперся от ненависти, и я, по законам физики, вылетел из Петербурга как бомба. Виноваты Ты и Сумбатов, так как это вы подбили меня писать пьесу…

Никогда я не буду пьес этих ни писать, ни ставить, если даже проживу семьсот лет»

«Шағаланың» алғашқы нұсқасында доктор Дорн мен Маша сахнасында кенеттен Маша Дорнның туған қызы боп шығатын, – деп еске алады Немирович-Данченко. – Бірақ, бұдан соң ол тақырып қайта сөз болмай қалады. Мен авторға айттым: екінің бірі – не ол мәселені жеткізіп айту керек, не болмаса ол туралы мүлдем айтудың керегі жоқ. Оның үстіне, дәл осы оқиғамен 1-акт біткелі тұр. Театрдың заңдылығы мен табиғаты бойынша, бірінші актының соңында жағдай кілт өзгеріп, ол өзгеріс екінші актіде жалғасуы керек». Чехов айтты: «Көрермендер 1-актының соңында оқтаулы мылтықтың ілулі тұрғанын жақсы көреді емес пе?» – деп. «Өте дұрыс, – деп жауап бердім мен. – Бірақ, кейінірек ол мылтық атылуы керек қой, оны антрактыда алып тастау үшін ілеміз бе?»

А.П.Чехов бұл фразаны кейінірек жиі пайдаланып жүрді.

Бұл күнде әлем мойындаған Чехов драматургиясының, оның ішінде «Шағала» мен «Шиелі бақ» секілді классикалық туындылар талай-талай талауға  түсіп, кезінде оны сыншылар да, көрермендер де қабылдай алмады. Чехов драматургиясы айсберг – оның мәні тереңде жатыр.

1896 жылы оңбай құлаған «Шағала» К.С.Станиславский мен Вл.Намирович-Данченко 1898-99 жылдар аралығында Мәскеудің Көркем театрында (МХТ) қайта қойғанда, ол нағыз шағала боп көк аспанға шарықтай ұшты. Содан бері «Шағала» әлі күнге дейін әлем театрларының аспанында самғап ұшып келеді.

Біреулер жабайы үйрек, «Гадкий утенок», «Дичь» деп мойындамаған «Шағала», «оқиғасы сұйық, мәні жоқ құрғақ сөз» деп актерлардың өзі теріс айналып, көрермендер спектакль бітпей жатып киім ілгішке асыққан, авторды бейшара беллетрист ретінде қабылдатқан «Шағала», «Чехов өзін-өзі қайталап, бұрынғы «Леший» комедиясының негізінде «Ваня ағайды» жазды», «В человеке все должно быть прекрасно: и лицо, и одежда, и душа и мысль» деген «Лешиидегі» Хрушовтың сөзі «Ваня ағайда» да қайталанады» деп авторды өз-өзінен ұрлаған «Самоплагиат» ретінде кінәлаған шығармалар, бұл күнде әлемдік драматургияның інжу-маржанына айналып отыр. Шығарманы дер кезінде түсінбеу, бағаламау, орынсыз, тіпті, жүгенсіз сындар айту авторға қаншалықты ауыр тиетін түсінбеушілік десеңізші! Айлар бойы ойланып, толғанып, сызып, өшіріп, жыртып, қайта жазып, әр сөйлем, әр сөзді таңдап-талғап барып қағазға түсіретін драматургтің мәтінін оп-оңай өзгертіп, жекелеген сөз бен сөйлемдерді ғана емес, тұтас беттерді алып тастап, өз беттерінше жаңа кейіпер қосып, пьесаның тініне қабыспайтын тұтас монологтар қоса салу бүгінгі таңдағы театрдың, режиссерлардың айықпас «жаңа ауруына» айналды. Оларға қарсы дау айту мүмкін емес. «Классика сонымен классика, оны әр заманға лайықтап, ықшамдап, керек кезінде жаңа сөздер қосып, уақыт талабына сай өзгертіп отыруға мүмкіндік береді» деп ақталады қоюшы режиссерлар. Немирович-Данченко Б.Пастернакқа жазған хатында: ««Гамлетті» ғажап аударыпсыз. Оның бір сөзін де өзгертуге болмайды. Біз пьесаның әр сөзін поэзияның сөзіндей қабылдауымыз керек. Ал, поэзиядан бір сөзді ауыстырып, не болмаса өзгертіп көріңізші. Онда ол поэзия болудан қалады».

Драматургияға деген көзқарастың алтын ғасыры-ай! Мұндай көзқарас салтанат құрған елде, әрине, Гоголь, Островский, Толстой, Чехов, Булгаков сынды ұлы драматургтердің пайда болуы заңды құбылыс.

Сонымен, «Шағала» қандай шығарма? Ол Чеховтың өзі тықпалағандай «комедия» ма, «драма» ма? Қысқа-қысқа воедвильдер мен бір актылы пьесалары болмаса, Чеховтың көп актылы пьесаларының бір де бірі комедия жанрына жатпайды. Олардың бәрі трагедиямен астасып жатқан драма. Адам жанындағы аласапыран боп жатқан жеке-жеке қайғы-мұңды Чехов ешқашан алдыңғы планға шығармайды, оны тәптіштеп, қазбалап айта бермейді. Ондай көріністерден ол саналы түрде бас тартып отырған. Сондықтан да болар ол ағасы Михаилға жазған хатында: «Мен жылауық драма емес, комедия жазып едім, оны Петербург театры мүлде түсінбепті» деп «драма» дегеннен ол әдейі бас тартып отырған. «Ваня ағай», «Шағала», «Шиелі бақ» пьесаларының «комедия» боп қойылуынан гөрі «драма» боп сахналануынан шығармаларының не ұтатынын ол анық түсінбеген де сияқты. Одесса, Харьков, Петербург театрларындағы репетиция кезінде Чеховтың ұнжырғасы түсіп, салы суға кеткендей ренжіп отырғанын көрген театр актерлары автордан: «Өзіңіз ұсыныс айтыңыз, бізде не жетпейді, не артық, нені түсінбей жатырмыз?» деген сұрағына Чехов мандытып ештеңе айта алмайды екен. Жалпы, ол өзі айтқандай, «күрескер» емес, өз шығармаларын өзі қорғауға мүлде қабілетсіз болыпты. Театр актерлары мен режиссердарына: «Пьесада бәрі жазылған ғой» деп сыпайы пікір айтудан әрі аса алмай, өз шығармасын тәптіштеп түсіндіре алмай, ішіндегі қайнап тұрған ойларын ауызбен айтуға таласқұмарлық қабілеті жетпей, іштей тынып, іштей мүжіліп жүре берген. Соның салдары болуы керек, «Шағала» мен «Шиелі бақтан» соң оның онсыз да нашар денсаулығы күрт төмендеп, ауруы асқына түсті.

Құдай адамды азаптағысы келсе жай жүрген жазушыны драматургияға қарай күштеп айдайтын болуы керек. Немесе, «драматургия» деген жанрдың наркотикалық әсері бар ма, «енді жеті жүз жыл өмір сүрсем де театрға арнап шығарма жазбаймын» деп Намирович-Данченко мен Алексеевке (Станиславскиге) ант-су ішіп хат жазған Чехов, өмірінің соңында «Шиелі бақты» жазып, ол да сәтсіз қойылып, ауруын бұрынғыдан бетер асқындырып алды.

«Шағалада» бір-бірімен тікелей байланысып, шығарма желісінің дамуына белсенді араласатын кейіпкерлер: Аркадина-Тригорин-Треплев, Треплев-Заречная-Тригорин. Пьесаның басты оқиғасы осылардың арасында өтеді. Пьесадағы Треплев (Актриса Аркадинаның ұлы) ойда жоқта атып әкелетын шағала Чехов шығармасына символикалық та, тікелей де қатысы бар басты деталь. Пьесаның соңында Нина Заречная Треплевқа: «Есіңізде ме, сіз көл жағасында қыдырып жүріп шағаланы атып әкелгеніңіз. «Шағала осы көлді жақсы көретін. Бір күні бір жақтан бөтен бір адам келді де, еріккеннен шағаланың өмірін құрта салды. …Мен сол Шағаламын.»

Заречная, провинциялық жас актриса беллетрист Тригориннің құрбандығы болды. Аркадина – атақты актриса, әлі өзін жас қыздай сезінетін 43-44-тер шамасындағы өзін асқақ ұстайтын менмен де көрікті әйел. Шетел банкісінде 70 мыңдай ақшасы жатса да (ол кезде бұл көп ақша. Пьесадағы мұғалім Медведенконың айлық жалақысы 21 мың) баласына костюм сатып алуға ақша бермейтін сараң әйел. Тригорин Заречнаяға ғашық боп қалады. Заречнаяға Треплев те өлердей ғашық. Есігінің алдына барып, таңға дейін тұруға дайын. Ал, Заречная Тригоринді сырттай жазушы ретінде қатты сыйлайды. Оны тіпті, пір тұтады. Ақырында Тригорин жас қызды уысына түсіріп, екі жылдан соң оны тастап кетеді. «Сырттан келген бөтен адам Шағаланың өмірін көктей солдырды». Тригоринге ғашық екенін Нина Заречная оған медальон сыйлап, оның сыртына жұмбақтап Тригориннің шығармаларының беттерін жазып көрсетеді. «121 бет, 11-12 қатар». Тригорин кітабын алып, беттерін ашып қарағанда, өз шығармасындағы мынадай сөздерді оқиды. «Если тебе когда-нибудь понадобится моя жизнь, то приходи и возьми ее».

Басқа авторлардай «Күйдім-сүйдім» деп алқынбай, Чехов кейіпкерлері өз сезімдерін осылайша «сыбырлап» жеткізеді. Тіпті, өзін сахна шеберімін деп эмоциясын тежеп ұстауға дағдыланған Аркадиннің өзі Тригориннің Заречнаяға көңілі құлағанын біліп, қызғаныш әсерінен: «Ты последняя страница моей жизни!» деп Тригориннің аяғына жығылғанын өзі де аңғармай қалады. Чехов Аркадинаның асау да менмен мінезіне сәйкес оның аузынан осындай лапылдай төгілген сезім отын шығарып отыр. Әр мінезге сәйкес әртүрлі сөз айтқызудың ерекше үлгісі де осында жатыр. Аркадина Заречная секілді сабырлы бола алмайды, өйткені, ол жас емес, сәл кешіксе Тригорин уысынан шығып кеткелі тұр. Бәрібір ол Тригоринді өз махаббатының эгоистік құрсауында ұстап тұра алмады: Тригорин «Шағаланы» «атып» тынды.

Бұл қорлыққа төзе алмаған албырт жас Треплев пьеса соңында өзін-өзі атып тастады. Бұл трагедиялық көрініс те таза Чехов стилінде баяндалады.

Сахна сыртынан мылтық даусы естілгенде доктор Дорн: «Ештеме емес, менің аптекамда бірнәрсе жарылған болу керек» жеп жай ғана айтады да, Тригоринді қолтығынан жетектеп, «Ирина Николавнаны бір жаққа алдандыра тұрыңыз. Мәселе мынада: Константин Гаврилович өзін-өзі атып тастады» , – дейді.

Бұл – финал. Финалдағы ең соңғы сөз.

Алапат трагедияны А.Чехов өз стилінде баяу ғана баяндай салды.

Шекспир кейіпкерлері сахнада өлсе, Чехов кейіпкерлері спектакль біткен соң өледі: не физикалық өлім, не рухани өлім.

Осындай трагедиямен бітетін «Шағала» сияқты пьесасын А.П.Чеховтың комедия деп атағысы келетіні түсініксіз-ақ!

Триогриннің Нина Заречнаямен оңаша сөйлескен кезіндегі бір беттен асатын ұзын-сонар сөзі болмаса, «Шағала» зейінді оқырман үшін айтқанынан айтары мол, айсберг сияқты терең мағыналы, мәдениетті драма. Солай бола тұрса да, Чехов пьесаларындағы кейіпкерлердің  көпшілігі бірін бірі қайталап тұрғандай көрінеді. «Шиелі бақтағы» Раневская мен «Шағаладағы» Аркадина кейбір сәттерде бір пьесадан екінші пьесаға «көшіп» келген бір адам сияқты боп елестейді. «Шиелі бақтағы» Раневская жұмсақтау да, «Шағаладағы» Аркадина одан сәл өзгешелеу – адуынды, өр мінезді, махаббат сезімдері  әлі басылмаған жан боп көрінгеніне қарамастан, болмыс пен іс-әрекет тұрғысынан қарағанда ылғый да бірін-бірі еске түсіріп отырады. Тіпті, оқиғаның өтетін орны да екі пьесада біріне бірі мейлінше ұқсас. «Шиелі бақтағы» Фирс пен «Шағаладағы» Сорин де ұқсас кейіпкерлер. Тек, кәсіптері әр басқа.

Аркадина – әрі атақты, әрі мінезді, әрі кербез, әрі сараң актриса. Оның баласы Треплев – өмірде жолы болмаған, өз орнын таппаған, жас жазушы-беллетрист болуды армандап жүрген қиялшыл, сезімге берілгіш жас жігіт. Ол театр әлеміне реформа жасауды армандайды. Шығармалары да философиялық рухта, жерден биіктеп, аспандап тұрған ойға құрылған. Сондықтан да туған анасы бола тұрып, Аркадина оның шығармаларын ұнатпай, сынап-мінеп, тіпті, келеке етіп отырады. Сориннің имениесіндегі көл жағасына орнатқан үй театрының сахнасындағы өз баласының шығармасынан Нина Заречная монолог оқып жатқанда, көңілдесі Тригоринге: «Өзіміз үйренген қарапайым пьесаны қоюдың орнына, бізге қайдағы бір декаденттік сандырақты көрсеткені несі? Бұл жерде ешқандай да жаңа форманың иісі де жоқ», – деп баласының намысына тиер кекесінді сын айтады. Және, кімге айтады? Атақ-даңққа мас боп жүрген көңілдесі, өз баласы іштей жек көретін Тригоринге айтады. Сол Тригориннің кесірінен, әрі өмірден орнын таба алмай, ақыр аяғында өзі өлердей сүйетін Заречная Тригориннің құрбандығы бола тұрып, оны бәрібір әлі күнге дейін сүйетінін Нинаның өз аузынан естіген Константин ең соңғы үмітінен күдер үзіп, өзін-өзі атып өлтірді. Бұл – трагедия!

А.Чеховтың бұл пьесаны неге «комедия» атағысы келгенінің өзі күлкілі-ақ! Оны автордың өзі де түсіндіре алмай кетті.

***

19-ғасырдың соңғы он жылдығы мен 20-ғасырдың алғашқы он жылдығы орыстың ұлы режиссері әрі драматургы Вл.И.Немерович-Данченконың естелігі бойынша «театр көктемі» болды. Мәскеуде  көркем театры (МХТ) ашылып, оған жаңа рухтағы драматургтер келе бастады. Островский, Чехов, Горький драматургия деңгейін жоғары деңгейге көтерсе, Станиславский, Нежданова, Ермолова т.б. орыс өнерін әлемдік талғам дәрежесіне биіктетіп кетті. Сол кезең туралы естеліктерді оқып отырып, шын мәнінде  «театр көктемін» бастан кешіріп отырғандай сезінесің. Жаңалыққа, жаңа пьесаға ұмтылып, авторлардың театрға келуін әулие Лука келгендей ерекше қуанышпен қарсы алып, олардың әрбір сөзін «жаңа өсиеттің» («Новый завет») сөзіндей тына тыңдап, келесі келгенде қандай шығармамен келетінін, егер автор «мынадай шығарма жазып жатырмын» десе бәрі аспаннан інжіл түсетіндей қуанып, кездесудің соңы қимастықпен қоштасуға ұласатын кездер жиі болып тұрады екен. Осындай кездесулер, әрине, драматургке зор әсер, зор қуаныш сыйлап, оны жаңа шығармалар жазуға міндеттейтіндері айтпаса да түсінікті. Әрине, театр кез-келген авторға мұндай құрмет көрсете бермейді. Ерекше талантты ғана  құшағын жая қарсы алады.

Драматург. Режиссер. Театр

Бұл үшеуінің бірлігін Мәскеу көркем театрының шығармашылық атмосферасынан айқын көруге болады. Ол кезде театр драматургті іздейді екен. Іздегенде жеке режиссер не актер боп емес, бүтіндей театр боп кездесуге барады екен!

Денсаулығына байланысты, Чеховтың өз сөзімен айтқанда, «Ялтада қамалып жатқан» оған 1901 жылдың көктемінде Көркем Театр (МХТ) қонаққа келеді. Әрине, сонау Мәскеуден неше түрлі жол азабын көріп Қырымға келген соң, театр Ялта көрермендеріне екі-үш спектакль көрсетуі тиіс еді. Олар солай етті де. Бірақ, бұл жолғы әңгіме – Қырым жұртшылығының аңсап күткен театрын қандай қошаметпен қарсы алып, қалай қимастықпен қоштасқаны туралы емес, олардың екі ұлы жазушымен қалай кездесіп, қалай сырласқандарында. Сол екеудің бірі – Чехов, екіншісі Горький еді.

Атақты театрдың «гастроль» дегенді сылтау етіп Қырым түбегіне көтеріле көшіп келуінің ар жағында ешкімге жария ғып айтпаған жасырын сыр жатқан болатын. Ол – осыдан  төрт-бес ай бұрын МХТ сахнасында «Иванов» пьесасының сәтсіз қойылымынан соң қатты сын есітіп, сол кездегі «дуалы ауыз» боп саналатын театр сыншысы Петр Кичеевтің мейлінше дөрекі түрде: «Чехов ешқашан ақын бола алмайды, өйткені ол – дәрігер» деген пікірін өршелене дәлелдеп шығуға тырысса, екінші бір әйгілі сыншы Флеров-Васильев шығарманы аяусыз сынға алған еді. Артынша авторды жұбатқан боп: «Соған қарамастан автордың нағыз талант иесі екенін мойындауымыз керек» деп жуып-шайғанына қарамастан Чехов әйелі Ольга Книпперді Мәскеуде қалдырып, үн-жұрғасы түсіп, мейлінше пессимистік уайым құшағында жан адамға айтпастан өзінің «қапасына» – санаториге емделу   үшін аяқ астынан аттанып кетіп еді.

Ялтаға жеткенше, Ялтадағы «Қапасына» кеп жайғасқанда да Чехов еңсесін басқан ауыр ойдың құрсауынан құтыла алмады. «Проза азап болса, пьеса деген тозақ екен ғой. Жақын досым деп жүрген актер Ленский «Сенің қолыңнан пьеса жазу келмейді, проздан не жаманшылық көрдің? Барлық абырой-атағыңды әңгімелерің көтермеп пе еді, оны мансұқ етіп, драмаға неге ұрланып бара бересің? – деген сөзін іштей қайталай берді. – «Медицина – менің заңды әйелім, ал әдебиет – көңілдесім» деп едің бір кезде, көңілдесің әдебиет емес, көңілдесің – драматургия! Ол – асқақ та тәкаппар жанр. Ол сен сияқты пәкене бойлы, аурушаң адамды менсінбейді. Таста ол көңілдесіңді» деген ауыр сөздерді неге айтты? Ол шын айтып отыр ма, әлде… қызғаныш па? Бірақ ол неге қызғанады? Мен жазушы, ол актер. Екеуіміздің өрісіміз екі бөлек қой. Әлде, озған адамды көре алмайтын баршамызға тән қасиет пе? Менің пьесаларым шынымен түкке алғысыз ба? Залдағы жұрт спектакль біте салып киім ілгішке асығатындай тартымсыз ба? «Все пьесы хороши, кроме скучных!» Мұны кім айтып еді? Ә-ә, француз сыншыларының сөзі екен ғой. Ал, менің пьесаларым соншалықты қызықсыз ба еді? Мүмкін емес! Мүмкін емес! Оның бәрін мен қаныммен, жаныммен, жүрегіммен жаздым ғой. Оның бәрінің бекер болуы мүмкін емес!»

Осындай ой азабымен жүргенде кешкілік кенет есік қағылды. Ойда жоқта үйге Немирович-Данченко кіріп келді…

Театрдың Ялтаға көтеріле көшіп келуінің басты себебі – мұңайып кеткен сезімтал Чеховтың көңілін сұрап, рухын көтеріп, оны жаңа пьеса жазуға қанаттандыру болатын.

Көп ұзамай А.П.Чехов жаңа пьеса жазуға кіріседі. Ол пьесаның аты – «Шиелі  бақ». Әлемдік классиканың қатарынан орын алған драма!

Осы сапар барысында театрдың көркемдік жетекшісі Немирович-Данченко мынадай бір күлкілі жәйітті еске алады.

Сол заманда П.Гольцев деген жаттанды сөздің шебері, өзін жан-жақты білімдімін деп санайтын либерал журналистің аты дүрілдеп тұрған екен. Ол сөйлеген кезде оның не туралы айтатыны, сөзін немен бітіретіні алдынала белгілі болса да, либерал бикештер мен либерал мырзаларға ұнайтын. Ол айтқан жасанды да жаттанды сөздің әрбір қайырмасына түгелдей бас шұлғып, ол сөзінің соңына жуан нүкте қойған кезде – олар  бұрын-соңды естімеген жаңа сөз тыңдағандай дуылдап қол соғатын. Мән-мағынасыз сұлу сөзді жаны жек көретін Чехов ол сөйлеп біткенде ауыр азаптан құтылғандай терең бір күрсінетін.

«Мәскеуде Антон Павлович екеуміз бір шаруамен жеңіл пролеткаға отырып келе жатқан болатынбыз,-деп еске алады Немирович-Данченко. – Бір кезде қарсы алдымыздан трамвай шыға келді де, ат айдаушы тез бұрып үлгіре алмай, біз трамваймен бетпе-бет соғысып, аударылып түстік. Айғай, шу, ыңырсу, қорқынышты үрей. Абырой болғанда орнымыздан аман-сау тұрдық. «Міне, өмір деген қалай? Қазір барсың, қазір  жоқсың! Өліп те кетуіміз мүмкін еді-ау»,-дедім мен.

– Өлімді қойшы, сәті түссе өле саласың ғой, – деді Чехов үсті-басын қағып жатып. – Оның ең жаманы – моламыздың  басында Гольцевтің сұңқылдап сөйлейтіні ғой!» Чехов юморсыз өмір сүре алмайтын еді. Л.Толстойдың құлаш-құлаш романдары бірінен соң бірі шығып жатқанда О.Книппердің: «Көрдің бе? Толстой құлаш-құлаш романдар жазып жатыр. Сен болсаң екі-үш беттік әңгімемен шектеліп келесің деген сөзіне Чехов ызалы түрде күлімсіреп: «Толстой – үлкен ит. Ал, мен – кішкентай қанденмін. Үлкен ит үріп жатқанда кішкентай иттер үндемей тұруы керек пе?»  деген екен. Тіпті, ол шетелге емделуге аттанып бара жатып, «Жол болсын?» – деп сұраған кейбір таныстарына: «Қайда болушы еді, өлімге», – деп жымиып жауап беріпті. Расында да, ол сол сапардан қайтпады. Дәрігерлердің айтуынша, ол  өлер алдында: «Мен енді кислород жұтпай-ақ қояйын. Көптен бері шампан ішпеп едім, шампан беріңдерші» деп шампаннан бір ұрттапты да, о дүниеге жүріп кетіпті.

«Шиелі бақтың» премьерасынан соң бес айдан кейін мен Чеховпен әңгімелесіп отырғанда, оның барлық пьесаларының сюжетін ойша сараптай келіп, мынадай қорытындыға келдім: «Бұл талантқа бұрын-соңды ешкімнің ойына келмеген, тіпті, автордың да ойына келмеген мүлде жаңа режиссерлік ынта мен жаңаша әдіс, жаңаша көзқарас керек. «Шағалада» Треплев: «Жаңа форма, мүлде жаңа форма керек, егер ол болмаса, ештеңенің де қажеті жоқ» деп бекер айтқан жоқ қой», – Бұл – Немировичтің Чехов драматургиясы жайлы жаңа көзқарасы.

Станиславский мен Немирович-Данченко сияқты ұлы режиссерлары бар театрда Чехов сияқты ұлы драматургтың пайда болмауы мүмкін емес еді.

Чехов драматургиясының поэтикасын, оның мінез жасаудағы ішкі бұлқыныстары мен астарлы философиясын тап басып тани білген В.И.Немирович-Данченко, әуелгі кезде Чехов драматургиясына сенімсіздікпен қараған К.Станиславскийдің пікірін өзгертіп, өздері «Славян базарында» бір тәулік бойы ұзақ сөйлесуден кейін, әрең дегенде көптеген кедергілерді жеңе отырып жаңа ашылған көркем театрға Чехов пьесалары ауадай қажет екенін, уақыт өте келе бұл театр рефарматор-драматург Чехов театры боп қалыптасатынын білгірлікпен дәлелдеп шыға білді. Бұған дейін «Шиповник» (1881), «Новое дело», «Цена жизни» деген пьесалар жазып, соңғы шығармасы үшін Грибоедов сыйлығының лауреаты атанған Немировичтің үзілді-кесілді пікірімен санаспауға Станиславскийдің амалы қалмап еді.

Осыдан соң МХТ Чеховтың  өз үйіне, өз театрына айналды.

Чехов пьесалары әлемдік сахнаға дәл осы театрдан жол тартты. Чехов пен Немирович-Данченконың, Мәскеудің көркемдік-театрының драматург пен драматургияға деген көрегендік позициясы барлық режиссерлар мен театрларға үлгі болса керек.

Мұның бәрі орыс театрындағы біз қызыға қарайтын жағдай. Ал, қазақ театрында осындай үрдіс бар ма? Театр мен драматургтердің байланысы қандай деңгейде?

Біз бұл жөнінде «Қазақ театрларындағы драматург пен режиссердің бірлестігі» деген бөлімде айтып өтеміз.

А.П.Чеховтың өлімі жайлы да әр түрлі пікір бар. Оның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің көпшілігі жазушы өкпе ауруының салдарынан қайтыс болды деген пікірде. Өйткені, ол өмірінің соңғы кезеңінде Қырымда, дәлірек айтқанда, Ялта қаласындағы санаториде көкірек ауруынан емделіп жүрді. Бірақ ол қайтыс болғанда оның өлімінің себебін дәрігерлер жүрек талмасынан деп қорытынды жасайды. Антон Павлович өлер алдында қасында тұрған әйелі О.Книпперге: «Мен өліп бара жатырмын» деп соңғы сөзін айтыпты. Бір таң қаларлығы – Чехов бұл сөзін таза неміс тілінде айтады. Бүгінгі зерттеушілер мен ғалымдар оның өлімінің себебін анықтаудан гөрі, «ұлы жазушы неліктен ақтық сөзін неміс тілінде айтты екен» деп бас қатыруда.

Менімше, оған бас қатырудың ешқандай да қажеті жоқ, өйткені Чехов Германияда, Боденвайлер қаласының емханасында емделіп жатқан. Ол қасында неміс дәрігері тұрған соң, соңғы сөзін неміс тілінде айтуы әбден мүмкін ғой.

Мақаланың газеттегі нұсқасын төмендегі сілтеме бойынша оқи аласыздар:

https://egemen.kz/article/chekhov-zhane-pesalarynynh-taghdyry-zhalghasy

https://egemen.kz/article/179661-chekhov-zhane-pesalarynynh-taghdyry