Бізге белгілі әрі белгісіз Горький (Соңы)

2

Аңыз бен ақиқат Дәл осы сәтке дейін М.Горь­кий өмірі аңыз бен ақиқат ара­сындағы жазушыға қажет атақ-даңқ пен құрметке бөленіп келсе, бір кездері өзін 25 жасар жі­­гіт­тей сезіндірген ғашығы сол­ аңыздың бәріне қара нүкте қоярын романтикалық сезім мен се­німге құлай сенетін талант иесі қай­дан білсін. Кеңес өкіметінің әдебиет әлеміндегі атын асқақ­тата түскен «Егор Булычев және бас­қалар»,  «Шыңырауда», «Ме­щандар», «Саябақшылар» («Дач­ники»), «Күн перзенттері», «Жау­лар», «Тағылар», «Васса Железнова» атты пьесаларымен қатар, «Клим Самгиннің өмірі», «Фомма Гордеев», «Ана» ро­мандарын, атақты «Макар Чудра», «Челкаш», «Изергиль кемпір», «Коновалов» сынды классикалық шығармаларды дүниеге келтірген ұлы суреткер, «жаулар» деген пьеса жазса да өз жауларының дәл қасында, тіпті төсегінде бірге болып, жанын бақыт пен ләззатқа бөлеп келген әйелден ажал құшатынын байғұс Горький қайдан білсін.

Француз детектившілерінің арасында «Ищите женщину» деген қанатты қағида кең тараған. Үлкен бір қылмыстың шешімін та­ба алмай, әбден бастары қат­қан кезде айтылатын сөз. Де­мек, шатысқан оқиғалардың іші­нен әйелді іздеп көру керек. Өйт­кені барлық қылмыс көп жағ­дайда әйелдің араласуымен жасалады екен. Егер М.Горький өзінің атақты шығармалары ар­қы­лы мақтау мен мадақтаудың шыңына көтерілсе, сол шыңның төменгі жағында терең шыңырау жатқанын да бейғам суреткер аңғара алмады.

Шыңырау

Чекистердің Сталинге әкеп тапсырған Горькийдің күнде­лігінде мынадай жолдар бар еді:

«Менің бір таныс механигім бар еді, сол айтады: егер кішкен­тай ғана бүргені жүз есе үлкейтсе, ол жер бетіндегі ең барып тұрған жыртқыш аңға айналып, онымен күресуге ешкімнің шамасы келмес еді. Большевиктік насихат пен сұмдық үрей тудыратын гипноз нәтижесінде пайда болған Сталин де сондай бүргенің бірі».

Күнделіктегі осы жазбалармен бірге, чекистер Горькийдің атақты француз жазушысы Луи Арагонды қонаққа шақырғанын, келген кезде «өте бір маңызды мәселе жайлы айтамын» деп хат жазғанын да хабарлайды.

Сталин бұл хабардан қатты шошынады. Егер ол Луи Арагон­ға кеңес шындығын жайып салса, көсем туралы әлгіндей жазбаларды таратып айта қалса француз жазушысы ол шындықтардың бәрін бүкіл әлемге таратпай ма? Лениннің 50 жылдығында бүкіл залды дүр сілкіндіріп, революция көсемі жайлы жүрек біт­кенді тебіренте баяндама жа­сап, ол жайлы кітап жазған Горький неге Сталин туралы мақала жазудан бас тартты? Аме­рикаға жасаған сапары кезінде бұқаралық ақпарат көз­дері оны КСРО-ның болашақ пре­зиденті деп жазуларының ар жа­ғында не тұр? Кеңес одағының бас жа­­­­зу­­шысы деп оны көкке кө­те­ріп, шыңға шығарғанда билік одан мұндай әрекет күтіп пе еді? Демек, екі Горький болғаны ғой! Айдың бергі беті жарқырап әсем көрінгенімен, арғы жағы қараң­ғылық екен ғой.

Дәл осы кезде Горький нау­қас­­­танып, ауруханаға жатып қа­ла­ды.

Ягода жедел түрде Англия­дан Мураны шақыртып алады. Еш жерде жазылмаған қауесет бо­йынша, Ягода 1936 жыл­дың 18 мау­­­сымында Му­раны Кремльге, Сталиннің қабыл­дауына алып барған деген алып­қашты сөз жұртқа тарап кетеді. Сталин Мурамен ұзақ сөйлескен көрі­неді. Сонан соң Ягода баронесса Будбергте ауруханада жатқан Мак­сим Горькийге алып барады. Ол Горькийдің ма­­­ңынан дәрігер атаулының бі­рін қалдырмай қуып шығып, 40 ми­нуттай жазушы төсегінің жа­нында отырады. Сол кезде ол дәріге у қосып берді деген де жора­мал бар.

Мура ауруханадан шыққан соң, 20 минуттан кейін Максим Горь­кий қайтыс болды.

Міне, аңыздың ақыры осындай. Бұл жөнінде ешқандай құ­жат болмаса да, Горькийдің бір кездегі сүйікті әйелі оны өз қо­лымен о дүниеге аттандырды де­ген дәлелденбеген қауесет бар. Горький қайтыс бола салып, Мария Будберг Лондонға, Гер­берт Уэльске қайтып оралады. Ал Сталин Горькийдің шетел­дегі барлық қаламақысын Мураға заңдастырып береді. Мура 1974 жылы Лондон­да­ғы кең пәтерінде өз ажалынан қайтыс болады. Горькийдің мүрдесі Кремль қабырғасына қойылады. Луи Ара­гон келгенде досының кенет ­қайтыс болған үстінен түсіп, онымен тілдесе алмай қалғанына қатты өкінеді.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы

Толығырақ: https://egemen.kz/article/178374-bizge-belgili-ari-belgisiz-gorkiy-sonhy