Бізге белгілі әрі белгісіз Горький (жалғасы)

2

Горький шығармашы­лы­ғын­­дағы үлкен белестердің бірі – оның «Егор Булычов жә­не басқалар» драмасы мен «Вас­са Железнова» трагедиясы бол­ды. Тақырып жағынан екеуі де бір-біріне ұқсас.

Егор Булы­чов та, Васса Железнова да Ресей­дегі ең ірі кәсіпорын иелері. Мұн­дағы драмалық ситуациялар да бір-бірімен қарайлас келеді. Сон­дықтан да болар, театр сыншылары Васса Железнованы «юбка киген Булычов» деп те атап жүрді. «Егор Булычов және басқалар» пьесасы А.М. Горькийдің Октябрь революциясынан кейін жазған алғашқы пьесасы болды.

1931 жылдың күзінде М.Горь­кий Малая Никитская көшесіндегі өз үйінде пьесаны Вахтангов теа­тры­ның әртістеріне оқып бер­ді. Бір кездері Ф.Шаляпинмен бір­­ге кон­серваторияның вокалдық фа­­куль­тетіне емтихан тапсырған А.Пеш­­ков қоңыр да қомақты дауы­сы­мен пьесаны жақсы оқып шық­­ты (консерваторияға Пешков қабыл­­данып, Шаляпин түсе алмай кеткен). Пьесаны театр әртістері үнсіз тыңдап, оқылып біткен соң бұ­рынғыдай ағылып сөйлей алмай, қысылып-қымтырылған, тиіп-қашып мақтаған боп тым сараң пікір айтты. Қысқасы, пьеса ешкімге ұнамады. Онда әрекет аз, диалогтар дөрекі, оқиға дамуы театрға арналмағандай көрінді. Үш акт бойы адуынды да өркөкірек басты кейіпкердің өлім аузында жатқаны, әні-міне өледі деп күткенмен өліп те тынбайтыны көрсетіледі. Оқиғаның бас-аяғы осы ғана. Пьесаны талқылау кезінде актерлер турасын айтудан тайсақтап, айта қалса да сыздықтата сөйлеп, жеңіл-желпі сын-ескертпелерін жақауратып айтумен ғана шектелді.

Горькийге тән ерекше қасиет – ол ешқашан атақ-даңқы мен бе­деліне салып өзін өзгелерден биік ұстамайтын. Сол әдеті бо­йын­ша ол театр ескертпелерін аса бір ыждаһаттықпен тыңдап, ес­­кер­­ту­лер бойынша мәтінге өз­ге­ріс­­тер енгізіп, бірақ алғашқы нұс­­қа­­сын негізінен өзгеріссіз қал­дырды.

Екі-үш айдан соң спектакльдің бірінші актісі көркемдік кеңе­сінің назарына ұсынылды. Жи­нал­ғандардың басым көпшілігі тағы да тұйыққа тіреліп, драматургтің не айтпақ болғанын түсіне ал­май дал болды. Ең бастысы, Горь­кий бұл пьесасында кө­рер­менді сыртқы оқиғалардың әсері­мен, интриганың кенеттен сы­нып, басқа бағытта өрбуі сияқ­ты ежелден келе жатқан театр әді­сінен саналы түрде бас тартып, Булы­човтың неге, не үшін үш акт бойы өле алмай жатқанының себе­біне режиссерлік жіті көзбен қарау керек екенін талап етті. Сах­­нада үш акт бойы өлемін деп өле алмай жатқан адамға қандай ре­жис­серлік жіті көз керек? Ол қан­дай әдіс? Үш акт бойы өле ал­май жатқан адамнан көз алмай қарап отыру көрерменді жалықтырып жібермей ме?

Көрермендер назарын аулау үшін режиссер Булычовтың жастығының астына бір қағазды жасырып қою керек деген идея ұсынып көрді. Ол қағазда өсиет жазылған болу керек. Демек, оған келіп жатқан жақын-туыстары сол өсиет-қағазды ұрлап алуға әрекет жасаулары тиіс. Қойылымның финалында тірі актерлардың орнына үрмелі қуыршақтар шығып, сабын көпіршіктері сияқты олар бірінен соң бірі жарылып, сол жарылыстан Булычовтың ескі үйі опырылып құлап түсуі тиіс. Символика – ескінің күйреуі. Мұндай әдіс шығарма ар­қауына мүлде жат, сюжетпен кіріге алмайтын әдіс еді. Қойылым осындай режис­серлік «жаңашыл әдіспен» то­лық қойылып шыққан соң ав­тордың ұнжырғасы түсіп, театр ұжымы тағы да дел-сал күйге түсті. Қойылымды қатты сынға алушылардың бірі Б.Е.Захава «мұндай арзанқол «тапқырлық» пьеса тақырыбына мүлде жат, шығармадағы материалға мүлде үйлеспейтінін, ақыры осындай «жаман» пьесаны қою керек деп шешкен екенсіздер, оған шын мәнінде жаңаша түсінік керек» деген ұсыныстарын айтқан соң, театрдың көркемдік кеңесі оның өзіне бас салып, пьесаны «жаңаша» қоюды тура осы жерде Захаваға жүктеді.

Режиссер келісім берді. Бірақ ол үшін екі апта уақыт сұрады. Ой­ланып, нақты шешім қабылдау үшін.

«Екі апта мерзімнің бітуін күтпестен Борис Евгеньевич Мәс­кеуге қайта оралып, бірден театрға келді, – деп еске алады Немирович-Данченко. – Ол екі аптаға жетер-жетпес уақыттың ішінде осы «жаман» пьесаға «ғашық» болып оралды. «Бұл пьесада біз көрмеген, біз байқай алмаған күрделі әлем жатыр, – деп мойындады Б.Захава. Ол әлем – Горький жасаған күрделі образдар галереясы, құйылып тұрған құнарлы тіл, астарлы сөздер, адам жанының қатпар-қатпар терең сырлары, Егор Булычовтың үш акті бойы өле алмай жатуының ар жағында қандай мотив бар? Жеке адамның тағдыры-жеке адамның өмірі ғана. Сол жеке тағдыр арқылы М.Горький сол кездегі қоғам тағдырын көрсетіп отыр. Ауру қоғамның өлгісі келмей жанталасып бағуда. Горький міне, осы «ауруды» ашына жазып отыр. Әйтпесе Булычовтың өсиет қағазын кім алады, кім-кіммен жаға жыртысып, кім кімнің тұмсығын бұзады – Горький үшін бәрі бір емес пе? Драматург ауру қоғамның өлгісі келмей жанталасуын тәптіштеп көрсетіп отырған жоқ па? Булычов үйінің сыртында болып жатқан оқиғаны негізгі сюжеттің паралелі ретінде көрсете білуіміз керек». Драматургтің ойын тап басу, шығарманың астарына үңіле білу, қоғам өмірі мен жеке тұлғаның тағдырын біртұтас организм ретінде тұтастай біріктіре қарауда режиссерлік «жіті» көзқарас осылай болса керек.

Режиссер театрға келгенде пьесаны басқаша оқып, оны басқа қырынан танып қана келген жоқ, болашақ спектакльді тұтастай «көріп» келді. Тіпті басты рөлді белгілі де беделді В.Щукинге тапсыратынын да айта келді.

Жаңа қойылымда қойы­лым­дағы барлық кейіпкерлерге қайта жан бітті. Егор Булычов енді өлімсіреп, талмаусырап жүр­ген жоқ, өлер алдындағы «бой жасаған» адамдай барлық сөзін жынданған адам секілді буырқана айтып, құтырына әндетіп, жынданудан сақтандыру үшін оның «ішін жайлаған» жын-сай­танды қуып шықпақ боп келген әйелінің сіңлісі Игуменья Маланияны қатты қойылған грамофон музыкасының астында аласұра билеп, Құдайға қарсы айғайлай сөйлеп қуып шығады. Үстелге шығып тепсініп, өрт сөндіруші Гавриланың зәресін алады. Терезені айқара ашып тас­тап, «қараңғылыққа тұншыққан патшалық тұншығып өледі» деген өлеңді тыңдап, «Дүние қараң!.. Бәрі бітті! Мен адасып, басқа әлемде өмір сүріп келіппін! Тарт трубаны, Гаврила! Тарта түс!» деп жанұшыра айғайлап барып жан тапсырады. Ескі Россия өлді, жаңа Россия жаңғырығы ашық терезеден азынап естіліп тұр. Қойылым адам айтқысыз зор табыспен өтті.

Pages: 1 2 3