Бізге белгілі әрі белгісіз Горький (жалғасы)

2

Өмірдегі және шығар­машы­лықтағы драма

«Театрдың туылуы» атты кітабында МХАТ-тың негізін салу­шылардың бірі әрі Остров­скийдің, Чеховтың, Толс­той­дың, Горькийдің пьесаларын реформаторлық жоғары та­ным деңгейімен сахналап, олар­дың шығармаларына  өлмес ғұмыр сыйлаған В.Немирович-Данченко бүкіл театр болып Ял­таға, Чеховтың көңілін сұрау­ға барған кезінде кенеттен Горь­кий­мен танысқанын, сол та­ныс­тықтары шығармашылық дос­тық­қа ұла­сып, оған бір емес, бір­неше пьеса жаздырғанын айтады. «Ялтаға келген соң, театр ар­тистерін қонақүйге орналастырып болдым да, чемоданымды нөмірге қоя салып, Чеховпен жо­лығу үшін ол тұратын үйді асығыс іздеуге шықтым. Сыр­қаттанып жүрген оның кешкі сағат тоғызда ұйықтауға жататынын білгендіктен, мекенжайы жазылған қағазды қолыма ұстап, көше-көшені кезіп, қыр басына салынған деп естіген Чеховтың дачасын таба алмай әуре болдым. Қараңғылықта сұрай қоятын да адам жоқ. Жоғары өрлеп келе жатқанымда төмен қарай түсіп келе жатқан адамның сұлбасын көріп қалдым. Ол тура маған қарай келе жатты. Бойы ортадан жоғары, үйрек тұмсықты, қою жирен мұрты бар, қорғасындай салмақты қоңыр дауысты, Волга бойына тән «о» әрпін ерекше ырғақпен айтатын, аяғында биік өкшелі етік, үстінде матрос плащы бар. Чеховтың дачасының қайда, қай жерде екенін ол сау­сағымен түрткендей анық көр­се­тіп берді. Мен келгенде Чехов есікті өзі ашты. – Горький қазір ғана үйден шық­ты. Ол сені ұзақ күтіп еді, – деді Чехов амандық-саулықтан бұрын. Чеховтың вилласын анық көр­сетіп берген әлгі кісі – Горь­­кий екен. Алакеуімде мен оны тани алмап едім. Ол кезде Горь­кийдің портреті кең тарал­маған еді». Горь­кий пьесаларының қалай жазылып, қалай қойылғаны туралы айтпас бұрын, жазушының сол кездегі сергелдең халінен хабар бере кетудің ешқандай артықшылығы бола қоймас.

* * *

1900-жылдары Горький айдау­да болатын. Жандармерияның шешімі бойынша  ол тек Ниж­ний-Новгородта немесе сол гу­­­бернияға қарасты уездік қала Ар­­замаста ғана тұруына рұқсат етілген-ді.

Театр труппасымен Ялтада өте жақын танысып, Чехов пьесаларын ерекше ықыласпен кө­ріп шыққан Горький театрға ар­нап «бірдеңе» жазуға уәде бер­ген еді. Кейіннен Немирович-Дан­ченко Горькиймен жолығу үшін Арзамасқа әлденеше рет барып жүріп, ақыры оған пьеса жаздырып алады. Горький  саяси сенімсіз адам ретінде қуғында жүргендіктен би­лік өкілдері, әсіресе Петер­бург шенеуніктері оған қырын қарап, онымен қандай да бір қарым-қатынасқа түскен қа­уымға да қауіпті топ ретінде қа­­рай бастады. Сөйтіп Ресей қо­ғамы екіге бөлінді – Горькийді жақ­таушылар және оны жек кө­рушілер. Оның алғашқы пьесасы – «Мещандар» сахнаға қойылғанда ерекше оқиға орын алады.

Қойылымды көруге Горький шығармаларын бағалай­тын­дармен қатар, оның атын естігісі  келмейтін шенеуніктер үлде мен бүлдеге малынып, бриллиантқа көмілген ханымдарын қолтықтап, театр табалдырығын аттады. «Өнерде де, театрда да, көркем әде­биетте де шығармаға атақ-даңқты әйел қауымы жасайды» деген жазылмаған қағида рас екен. Горький десе құлағын басатын күйеулерінің құлақтарының құрт етін жеп әрі Көркем театрға барып, сол кезде модаға айнала бастаған Горький шығармаларын тамашалауға көндірген еді.

Нағыз көркем шығарма – әрқашан бүлікшіл. Ол өмірде қа­тып қалған қағидаларды қа­қырата бұзып келеді. Ол қар­сыластарын да, жақтау­шы­ларын да өзімен бірге шұбырта ертіп келеді. Петербургтің үлкен драма теа­трында қойылған «Мещандар» нағыз «бүлікшіл» қойылым болды. Соған қарамастан қарсыластар мен жақтаушылардың, тіпті немқұрайды тоғышарлар мен скептиктердің басын  бір залға түгел жинаған қойылымға айналды.

Нағыз өнердің арқасында аса таңғаларлық саяси үш бұрыш бір жерге тоқайласты: Петербург, Театр және Максим Горький.

Горькийдің жеке басы­ның­ драмасы сахнада драма­лық си­туацияға ауысып, көрермен­дердің бәрін бірдей әуелі саспенс­ке, қойылым соңында катарсиске «шомылдырып», ақ жағалылар мен қара жағалыларды, фрак кигендер мен қоңыр шекпенділерді, бриллианттары жарқ-жұрқ етіп көз шағылыстырған мойындар мен ақ білектерді, қысқасы, ақ сүйектер мен қара сүйектерді тазартып шығарды. Олардың бә­рі театрға кірген кездегіден бас­қаша адам болып шықты.

Ялтадағы  кездесу мен «Ме­щан­­дар» аралығында Горь­кий­дің атақ-даңқы шарықтап өсе бастады. Соның нәтижесінде Мак­сим Горький Академияның құр­метті мүшесі болып сайланады. Горький өмірінің кезекті дра­­­масы басталды. Ұлы князь­ Кон­стантин (Романов) Ака­де­мия­ның президенті болатын. Оған жоғары жақтан қысым көр­сетіліп, ол Горькийді құрметті мү­шеліктен сызып тастайды. Оның бұл қылығы жұртшылық наразылығын туғызып, Чехов пен Короленко Академия мүше­лігінен кететіндіктерін білдірді.

«Мещандардың» кезекті қо­йы­лымдарының бірінде ұлы князь­дің мынадай өрескел ше­шіміне наразы жұрттың жаппай демонстрацияға шығу қаупі төнді. Мұндай қауіптің алдын ала­тын бір-ақ шара бар еді. Ол – пьесаның қойылуына тыйым салу.

Солай болды да. Цензура «Ме­щандар» пьесасын сахнадан алдыртып тастады.

Театр мен билік арасында ұзақ­қа созылған әуре-сарсаңнан соң әрі қойылымды біржола жа­уып тастау жұртшылық нара­зылығын өршіте түсуі мүмкін деген театр ескертуінен кейін, цен­зура амалсыздан пьесаны қою­ға рұқсат береді. Онда да өте шектеулі түрде – абоненттер ар­қылы ғана.

«Мещандардың» (алғашқы нұсқасы «Мещан» деп аталған) премьерасы саяси толқуларға себеп болды. Комиссаржевская театрындағы премьерадан соң зал толы жастар Горькийдің айдауда жүргенін біле тұра әдейі  «Автор! Автор! Автор!» деп айғайлап, сахнаны жаптырмай қойды. Пьесаның тақырыбы бір отбасының өміріне арналғанмен оның финалы езілген жұмысшы тобының, қарапайым еңбек ада­мының ауыр тұрмысы, кедей­ші­лік өмір көрермендердің санасын оятып, халықтың қайыр­шы­лықта өмір сүріп жатуы само­державиенің халықпен санас­пайтын саясаты деп қабылдап, кейбір ашу-ызаға булыққан жас­тар «Жойылсын самодержавие!», «Жойылсын ұлы князь!» деп ай­ғайға басты.

Pages: 1 2 3