Бізге белгілі әрі белгісіз Горький

Шығармашылық шеберлік, жазушының өзіндік лаборатория­сы, әдебиет төңірегіндегі парасат-пайымдары – қаламгердің ең үлкен қазынасы. Біз де жазушы Дулат Исабековтің қоржынындағы әдебиет туралы жазған дүниелеріне қолқа салып отырған жайымыз бар. Жазушының сериялы мақалаларының алғашқы бөлімін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

2

Ресей тарихында сол кездегі ұғым бо­йынша, мемлекеттік ғы­лым мен саясат әлемі дү­ниеге Ленин сынды бұрын-соңды болып көрмеген және қайталанбас ғұламаны берсе, әдебиет әлемінде тақылеті ерекше, құпиясы мол, терең ойлы, бір ғасыр мен бір ғасырдың арасын жалғастырып тұрған алып көпірдей бір құдіретті тұлға болды, ол тұлға – Алексей Максимович Горький. Өткен тарих болған соң жүзеге асуы оп-оңай боп көрінген социалистік реализмнің негізін өз қолымен, жалғыз қалаған да осы ұлы тұлға еді. Ол социалистік реализм негізін ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ дүниеге алып келді. Ол өмір есігін Алексей Пешков боп ашып, Игудиил Хламида боп жалғастырып, Максим Горький боп мәңгіге қалды. Бір ғұмырында бір адам жалғыз есімін тарихқа жазып кете алмай жатқанда, ол осы үш атты да дүниеге мәшһүр етіп кетті. Бұл тұлғаны да түсіндім, түгел зерттеп болдым деп ойлауға, сірә, болмас. Жалпы, дү­ние­дегі әрбір жай жүрген адамның өзі құпия еке­нін ескерсек, Горький сынды екі ғасыр фи­лософиясы мен психологиясын, мінездері мен жан дүниесін бойына түгел сіңіріп, сол бойға сіңірген қасиеттерін байыпты ой мен ақылдың салиқалы сарабынан, қан мен жүректің бұлқынған темпераментінен суара біліп, оны үлкен шеберлікпен қағаз бетіне түсіре алған адамның суреткерлік сыры бізден кейінгі ұрпаққа да тылсым боп қала бермекші. «…Жазушы пайғамбар боп туылуы керек» деген тұжырым жасағанда Максим Горький отызда ғана еді, яғни 1898 жылы бо­латын. Бұл тұжырымның ба­тыл­дығы мен тереңдігі сон­шалық, алғаш естігенде зәрең кетеді. Ақылың мен санаң шар­тарапты шарлап, өзіңнен де, өзге замандастарыңнан да пай­ғамбарлықтың нышандарын таба алмай, Абай айтқан «адасқан күшіктей» ұлып кеп өз тәніңді қайта табады. «Қалай пайғамбар болу керек? – дейсің діңкең құрып. – Қалай? Ол кісінің жазушы байғұстың алдына орындалмайтын талап қойғаны несі? Осы замандағы адамдар пайғамбарды қажет ете қояр ма екен? Қажет еткен күнде, бір Қазақстанда ғана ресми 850 жазушы бар, егер солардың бә­рі пайғамбар болса… Құдай сақтасын, бұл деген пай­ғамбарлардың бүтін бір армиясы ғой! Әлде, ол әр заманда бір рет қана туылатын нағыз жазушыны айтып отыр ма? Әлде «әдеби шығарма атаулыға бұдан былай бір тиын да ақша төленбейді» деген шешімнен кейін де ақыл-ойын сарып қып, денсаулығын да ойламай, қағаздан бас көтермеуге дайын боп туған «әпенде-жазушыны» мегзеді ме екен? «Пайғамбар боп туылу керек!..» Өзі ше? Бұл сұ­раққа нақты бірден жауап беру мүмкін емес. Оған Горькийдің бүкіл тіршілігі, тындырған ісі, әлемдік әдебиеттегі тым асқақ тұлғасы, оған деген барша ұлт пен нәсілдің, әртүрлі наным мен таным өкілдерінің жаппай сүйіс­пеншілігі жақсы дәлел болар. 1898 жылы, яғни өзінің әйгілі «Жазушы пайғамбар боп туылуы керек» деп тұжы­рым жасаған жылдың көктемінде оның алғаш­қы кітабы жарық көрді. Сол кітап оған бүкілресейлік атақ алып кел­ді. Замандас­тарының айтуы бо­йынша «үлкен даңққа бір-ақ аттам қалып еді». Әдебиеттің алтын бесігі болған он тоғызыншы ғасыр соңғы екі жылда келесі ғасырдың қамын ойлап, оған ең соңғы ұлы перзенттерінің бірін сыйға тартты… Сөйтіп ол перзент халыққа қызмет етуде екі ғасыр даналығы мен тәжірибесінің «қарапайым көпірі» (Л.Леонов) болып қалып­тасты. Өзінің алғашқы кітабымен-ақ дүниежүзілік даңққа қол созған адам жиырмасыншы ғасырда отыз алты жыл өмір сүрді. Бұл отыз алты жылдың әр жылы, әр­ күні жеміске де, жеңіске де­ толы болды. Еуропалық, дүние­жүзілік ой мен образдар қорына «Ана», «Фома Гордеев», «Клим Самгиннің өмірі» романдары мен «Шыңырауда», «Күн балалары», «Жаулар», «Тоғышарлар», «Васса Железнова» секілді маз­мұны терең, көркемдігі биік драмалар кеп қосылды. Горький­дің біз көріп, біз танып жүрген әдебиеттегі бейнесі мұхиттағы көшіп жүрген айсбергке көбі­рек ұқсайды. Жалпы, оның адам­дық, суреткерлік образы тек жа­зушылық қана шеңберде қарал­май, өмірдің барлық спектрлерінен қарағанда ғана толық ашылмақ. Оның қаламынан туған көркем шығармаларынан басқа «Горький оқыған», «Горький пікір айт­қан» деген кітап пен кітап боп шық­паған қолжазбалардың өзін тізіп отырсаң, бір адамның ғұ­мырына жетерліктей. Біздің Иван Шуховтың да қолжазбасы оның назарынан тыс қалмапты. Ал ке­ңес жазу­шыларының алғашқы одағын құрып, алғашқы съезін өткізіп, алғашқы баяндамасын­ жасап, аяғынан қаз тұрып келе жатқан басқа ұлт­тардың да әде­биетін қамқорлыққа алу, ол әде­биеттер жайлы ұлағатты пікір айту да бір адам­ның бір ғұмырына аз жүк болмас еді. 1936 жылы Горький мәңгілік көз жұмды. Оның тәні ғана арамыздан кетіп, рухы мен ойы келер ұрпақтарға мұра боп қалды. Оның мәңгілікке аттанғанына биыл сексен екі жылдан асты.  Менің құрдастарым «дүниеге еңбектеп кел­генде, ол әлдеқашан шалқалап үйден шығып кеткен» екен. Ол көз жұмғанда бүкіл ел аза тұтса, сол азаның ішінде қа­зақ халқының даусы қаттырақ шыққанына күмәнім жоқ. Өйткені жақсыға жаттығы жоқ қазақ өз­генің жақсылығына қашан да баладай қуанып, өзгенің қайғысына өз қайғысындай қайысқан. Өзге ұлттың ұлы өкілдерін өз ұлындай көріп, оны қазақ деп санаған. Сондықтан да ақ-қарасын, түп-төркінін танымай жатып, қисыны келмей тұрса да өз перзенттеріне жат та болса жақын боп кеткен басқа ұлт өкілдерінің есімін бер­ген. Қазақта «Мақсым» боп жүр­ген көп азаматтар Волга бойының ұлы жазушысына деген құрметтің бел­гісі болса керек. Совет әдебиетінің барлық игі дәстүрі Горь­кий есімімен тығыз байланысты. Социалистік реализм әдісі, сондағы жаңашыл рух, рево­люциялық дәстүр, бәрі-бәрі де Горькийден бас­тау алады. Біз бәріміз «Горькийдің ши­не­лі­нен шыққанбыз», сондықтан кеңес әде­биетінің Горь­кийді оқып өскен буыны оған мәңгі қарыздар. Бұл күндері ұлы жазушы рухына риза халқы оның қабірінің басына тынбай ағылуда. Ол өмір сүрген уақыт пен қабір басына барып бас иіп тұрған кезекті ұрпақтың арасын уақыт кеңістігі ұзартқан сайын оған деген махаббат, оған деген құрмет молая бермек. Сөйтіп әдебиет табалдырығын аттап басқан жылы өзі айтқан: «Жазушы пайғамбар боп туылуы керек» деген орындалмас талаптың шыңына жападан-жалғыз көтеріле бермек. Бірінен бірі­нің артық екенін мойындау қолына қалам ұстап, бір нәрсе тындырып жүрмін деп ойлаған үлкенді-кішілі жазушы атаулыға, әрине ауыр да қиын. Қиналдың, қимадың деп іштей қынжылыс білдіргендерді сөгуге де болмас, өйткені олардың әрқайсысы өз әлінше шыңға ұм­тылып келеді ғой, сол жолда сарапшыл мінез көрінсе ол мінез­дің түп-төркінін де түсінуге болар. Әйтсе де, бәріміз Горький шыңына қарағанда, қызғаныштан гөрі күлімсіреп өз бойы­мыздағы міндерден арылудың жолын ой­лаң­қырап тұрып қарағанымыз ғанибет сияқты. Өмірінің соңғы кезеңінде замандастары әзіл-шынын аралас­тырып, оны мекеме деп атаған екен. Бұл сөзде Горький бейнесін, оның болмысын тап басқан теңеу бар. Оның әдебиеттегі, қоғамдық өмірдегі, саясаттағы, күнделікті тір­шіліктегі қарекетін жақсы біле­тін кісі оның шын мәнінде жеке адамнан гөрі бүтін бір мекемеге ұқ­сайтынын жақсы түсінер еді. Бәрін былай қойғанда, алыстағы қазақ әдебиеті жайлы аталы сөз айтып, оның І.Жансүгіров, Ғ.Мү­сірепов, С. Мұқанов секіл­ді өкілдерімен тығыз қарым-қа­ты­наста болуы­ның өзі оның ұлыға тән­ қарапайым екенін таныт­пай ма? Кеңес әдебиетінің аса көрнекті өкілі, фи­лосо­фия­дағы публицист, жазу мен ойлаудағы стилист Лео­нид Леонов Горькийдің 100 жыл­дығында сөйлеген сөзінде оның болмысы жайлы мынадай ша­­­ғын портрет жасаған еді: «…Ме­­­­нің жанымда адам бойындағы бас­ты мінездер мен қасиеттердің тарлан төрешісі, ұлы ұранмен алға ұмтылған екі ұрпақтың елшісі тұр еді. Ол табиғатынан ұлы ұстаз боп мына ғасырдағы бүтін бір ұрпақтың азаматтық өсиет сөзін өз қолымен жазып, монархтарды талқан етіп, сөзбен айтып жеткізе алмас терең ой, шексіз парасатымен күні ертең Жер деп аталатын алып шардың қожасы боп тұра қалу үшін жаратылғандай кең иықты, алып денелі, айта беретін асыл тұқымды, жаны елгезек Новгород перзенті еді. Ол алып тұлғаны Төменгі – Новгород, қасиетті Еділ бойы тарих өзенінің арынды бір тасқыны тұсында егіздің сыңарындай ғып ұлы Ле­нинмен бірге біздің жағалауға тарту еткен-ді». Әдебиеттегі алғашқы адымын отыз жасында бастаған Алек­сей Пешков отыз сегіз жасында тұлпар шабыс ашты. Оның дү­бірі іргеде жатқан кішкентай Дат елінен бастап, арғы жағы Аме­рика мен Англияны түгел дүрліктірді. Қырыққа жетер-жетпес шағында ол дүниежүзілік әдебиеттің майталмандары – Р.Роллан, Г.Уэллс, К.Гамсун, С.Цвейг­тердің қатарынан қысы­лып-қымтырылмай еркін орын алды. Ал бүгінгі таңда ол тек орыс халқының емес, адамзаттың ортақ мақтанышына айналып отыр. Сол Л.Леоновтың сөзімен айт­қанда, ол өткен ғасырдан біз­ге көпір боп жетіп, қалам мен жа­зу­шылық қуатын халыққа қызмет етуге жұмсаудың, шығар­машылық ойды мемлекет экономикасын көтеруге арнаудың негізін салып, үлгісін көрсетіп бер­ді. 1898 жылы Ресей Толстойдың 70 жыл­дығын тойлап жатты. Нижгород театрын­да Толстой пьесаларынан жекелеген көрініс­тер, прозалық шығармаларынан әртүрлі эпи­з­од­тар көрсетілді. Сол кезде Толстойды Шекс­­­пир,­ Сер­вантес, Данте, Гетенің қа­та­рында бағалаған Горький, қа­рапайым халықтан гөрі шалағай интеллигенцияның, яғни ақсүйек­тердің тоғышарлығына қатты налыған еді. Ол әдебиетті жасайтын жекелеген адамдар бол­ғанымен, оны тудыратын – ха­лық, ха­лық­тың жалпы талғам дәре­жесі деп білді. Шынында да, әр халықтың өзіне лайық патшасы болатыны сияқты, әр елдің де өзіне сай жазушысы болады емес пе? Ұлы жазушы деп танып отырған адамның ой-өрісі мен болмысына қарап, сол жазушы шыққан халықтың рухани және мәдени деңгейін тануға болады. Оқушысының санасы мен деңгейі көтерілмеген елде дүниежүзілік атқа лайық жазушының жеке дара тууы неғайбыл. Горький дәлізде сөйлескен адам­дардың ой-өрісіне қатты қын­­жылып, ашына жазды. «Қыз бен жігіт сөйлесіп тұр. Түрлеріне қарағанда көпестер әулетінен болса керек. – Граф Толстойдың арғы тегі шаруа ма еді? – Ж-жоқ, меніңше, ол… помещик болса керек. – Онда оның өзі неге шөп шауып, жер жыртады? – Ә… не істерін білмей еріккен­нен ғой. Бәлкім, кедейліктен де шығар»… Шыға берісте қарны жуан екі мырза сөй­лесіп тұр. – Түсінсем бұйырмасын, – деді біреуі басын шайқап. – Толстой болса төрде отыр, ал Россия залда түрегеп тұр. Оның төңірегіндегі топырлап отырғандар кімдер соншама? – Графтың туған-туысқан­дары, немере-шөберелері мен аға­йын­дары шығар… – Неге олардың бәрі Толстой­дың шығар­масы жайлы айта береді? – Енді… туысқандары бол­ғасын… Тағы бір ақсүйек еркек пен әйелдің әңгі­месі. – Оркестр неге «Крейцер сонатасын» орындамады екен? – Соған менің де басым жетпей тұр. Ешқашан кешірілмес қателік. Меніңше, өзінің «Крейцер сонатасын» Толстой Крейцердің музыкасына жазғанын Собольщиков кешті жүргізуші әрі дирижер ұмытып кетті ғой деймін. – Қойыңыз, өйтіп шатастыр­ма­ңыз, – деп дауыс көтерді әйел. – Толстойдың «Крейцер сона­тасының» сөзіне музыка жазған Бетховен емес пе?». Әдебиетті көгертпейтін мұн­дай тоғышар­лар­дың өзі өмір сүріп жатқан кезде ғана емес, күні бүгінге дейін бар екенін, молдау еке­нін Горь­кий байғұс білмей өтті-ау! Уақыт өтер, желдей есіп жыл­­­­­дар да жылжи берер. Жаңа мем­­­лекеттер пайда болып, жаңа материктер ашылар, біздерге ұқсамайтын, бізбен келіспейтін жа­ңа ұрпақтар да өмір сүрер. Бірақ ұрпақ пен жаңа дәуірдің қандай талабына болмасын жауап берер, төтеп берер ірі тұл­ғаларға біздің кезеңіміз кедей емес. Сол ірі тұлғалардың ішінде ғасырлар тұманына бой бермей, керісінше жылдар өткен сайын жаңғырып, асқақтай түсетін ұлы бейнелердің бірі – Алексей Максимович Горький бейнесі. Лев Толстой туралы Горькийдің өз сөзін қай­таласақ: «Біздің сө­зіміз қанша жылы бол­ғанмен, оның қабірін жылыта алмас, бірақ оның ойы, оның ісі, оның сөзі келер ұрпақтардың жүрегіне жылу, бойына ізгі дару беріп тұратыны даусыз». (4 июнь, 1986 жыл. «Қазақ Әдебиеті» газеті). Оның туған қаласы – Ниж­нийнов­город көпте­ген елді мекендер мен мектептер, кі­тапханалар, көшелер, барлық ірі қалалар­дағы орталық демалыс парктері және «Мос­фильм» киностудиясы оның көзі тірі кезін­де-ақ Горький есімімен аталды. Бұл – оның атақ-даңқының шыңы еді. Оның туған қаласы Нижнийновгород жазушы шығар­машылығының 40 жылдығына орай Горький қаласы деп аталды.

(Жалғасы бар) Дулат Исабеков,  жазушы

https://egemen.kz/article/177808-bizge-belgili-ari-belgisiz-gorkiy