Енді қайттік?

Екі актілі комедия

Қатысушылар: 

Айбар Исаев – Аупарткомның 1-хатшысы

1-орынбасар

2-орынбасар

Айзада

Пашат – құрылыс бастығы

Мәрзия – прораб

Мелдеш

Хатшы қыз

Эпизодтағылар:

Эскимос Дәрбіш, Пүштү Темірбек, Шүршіт Шам Су Дин және олардың әйелдері – Фарида, Сәрсенкүл, Сусар 

БІРІНШІ БӨЛІМ

Аудандық партия комитеті Бірінші хатшысының кабинеті.

Жасы 40-45-тер шамасындағы аудан басшысы екі қолын артына ұстап, кабинетінде арлы-берлі жүр.

Төрде Брежневтің портреті ілулі тұр.

Хатшы қыз кіреді.

 ХАТШЫ: Айбар Исаевич, бір топ еңбек ардагерлері сіздің қабылдауыңызды күтіп отыр.

ИСАЕВ: Ертең келсін! Қазір қолым тимей жатыр.

ХАТШЫ: Құп болады! (шығып кетеді)

Аудан басшысы тағы да ары-бері жүре бастайды. Қаптаған телефонның біреуін алып көтереді де, орнына қойып, тағы жүреді. Хатшы қыз қайта кіреді. Ол бұл жолы төрдегі Брежневтің портретін алып, орнына Андроповтың портретін іледі.

ХАТШЫ: Айбар Исаевич, жиналған адамдарға не дейін?

ИСАЕВ: Ертең келсін! Қазір қолым тимей жатыр де.

ХАТШЫ: Құп болады! (шығып кетеді)

Аудан басшысы тағы да ары-бері жүре бастайды.

Хатшы қыз кіреді. Ол Андроповтың портретін алып, Черненконың портретін іледі.

ХАТШЫ: Айбар Исаевич, кешеден бері күтіп отырған адамдарға не дейін?

ИСАЕВ: Бүрсігүні келсін! Қазір уақытым жоқ.

ХАТШЫ: Құп болады! (шығып кетеді)

Исаев тағы да арлы-берлі жүреді.

Тағы да хатшы қыз кіріп, төрдегі Черненконың портретін алып, орнына Горбачевтің суретін іледі.

ХАТШЫ: Айбар Исаевич! Баяғыдан бері күтіп жүрген адамдарға не дейін?

ИСАЕВ: Келесі аптада келсін! Қазір қолым тимейді.

ХАТШЫ: Құп болады!

ИСАЕВ: Күтіп отырғандар баяғы сол ақсақалдар ма?

ХАТШЫ: Жоқ, Айбар Исаевич! Ол ақсақалдар баяғыда қайтыс боп кеткен!

ИСАЕВ: Ал, бұлар қай ақсақалдар?

ХАТШЫ: Бұлар – сол кездегі орта жастағылар, Айбар Исаевич! Қазір олар да ақсақал болды.

ИСАЕВ: Солай де. Олар да ақсақал болды де!.. Қартаймайтын, өзгермейтін біздер ғанамыз ғой, ә! (оны құшақтап бетінен сүйеді)

ХАТШЫ: Ия, солай, Айбар Исаевич! Бұл кабинетте сондай сиқыр бар. Бұл тек аудан басшысының кабинеті ғана емес, бұл кабинет – мәңгі жастықтың мекені. Бәрі өзгереді, тек біз ғана өзгермейміз, Айбар Исаевич!

ИСАЕВ: Мәңгі жастық дауасы! Эликсир молодости!

ХАТШЫ: Тап солай, Айбар!.. (Исаев аңырып қалады). Тап солай, Айбар Исаевич! Мәңгі жастықтың дауасын іздеп дүние жүзінің ғалымдары босқа бас қатыруда. Ал, ондай дауа біздің кабинетте екенін ол байғұстардың ойларына да кіріп шығатын емес.

ИСАЕВ: Кірмегені жақсы! Олар ондай дауаны таудан, тастан, жапан даладан іздей берсін. Ал, біз ол құпияны ешкімге ашпаймыз. Солай ма, сұлуым!

ХАТШЫ: Тап солай, Айбар… Исаевич!

Сырттан айғай-шу, дабырлаған адамдардың дауыстары естіледі.

ИСАЕВ: Бұл не дабыр? Олар не талап етеді?

ХАТШЫ: Не талап етуші еді? Жалақы, жұмыс, зейнетақы, баспана, отын, су, қымбатшылық! Тағы сол сияқты ұсақ-түйек мәселелер.

ИСАЕВ: Кешегі жиналыста бәрін түсіндіріп айтқан сияқты едім ғой. Зейнетақы өсті, жалақы көбейді, баға тұрақтады… Ал, жұмыссыздық дегенге келсек… Тап қазір сол мәселені қолға алып жатырмыз. Қазір бар да, бәрін тарат! Орынбасарларды шақыр!

ХАТШЫ: Құп болады, Айбар Исаевич! (шығып кетеді)

Үш орынбасар кіреді. Есік ашылып, жабылғанда адамдардың дабыры күшейіп барып басылады. Үш орынбасар бірінші басшымен жапырлап кеп амандасады. Олардың екеуі еркек, біреуі әйел.

ИСАЕВ: Ал, менің құрметті орынбасарларым, яғни, мен кетсем, менің орнымды басуға әрқашан дайын тұрғандарым, төрлетіңдер!

ҮШ ОРЫНБАСАР (үшеуі жамырай сөйлеп): О не дегеніңіз, Айбар Исаевич!

– Сізден басқа бұл орынға лайық кім бар бұл өңірде!

– Сізге адал көмекші бола білсек бізге сол да бақыт қой, Айбар Исаевич!

ИСАЕВ: Жарайды, жамырамай-ақ қойыңдар! Жай әзілдеп айтқаным ғой. Сырттағы адамдардың талап-тілектерін білесіңдер ғой?

ОРЫНБАСАРЛАР: Білеміз!

–  Білгенде қандай!

ИСАЕВ: Білсеңдер, оларды, менің кабинетімнің алдына топырлата бермей  мәселелерін жұмыс бабында шешпейсіңдер ме?

1-ОРЫНБАСАР: Шешілмейді, Айбар Исаевич!

ИСАЕВ: Неге?

2-ОРЫНБАСАР: Өйткені, олардың мәселелері ешқашан бітпейді, Айбар Исаевич!

ИСАЕВ: Неге?

3-ОРЫНБАСАР: Өйткені, бірін шешсең екіншісін айтады, екіншісін шешсең үшіншісін айтады. Сөйтіп-сөйтіп кете береді.

1-ОРЫНБАСАР: Осы қазақтардан-ақ құтыла алмай қойдық?

ИСАЕВ: Неге?

1-ОРЫНБАСАР: Неге деріңіз бар ма? Ашаршылықтағы мешел баладай жылай береді, ызыңдай береді, сұрай береді.

2-ОРЫНБАСАР: Тап солай, Айбар Исаевич! Беріп жатырмыз, беріп жатырмыз. Сонда да бір қанағат деген жоқ.

ИСАЕВ: Басқа ұлттар сұрамай ма?

1-ОРЫНБАСАР: Жоқ. Олар ештеңе сұрамайды. Бәріне риза.

3-ОРЫНБАСАР: Дегенмен, қазақтардың зарына да бірауық құлақ асып көру керек шығар. Баспанасыз жүрген кім – қазақ, жұмыссыз жүрген кім – қазақ, өз жерінде шетелдіктерге жалданып жұмыс істеп жүрген кім – қазақ, өз елінде жүріп, ұлтарақтай жерге зар боп отырған кім – тағы да қазақ.

1-ОРЫНБАСАР: Айзада ханым, жер алам десе оларға кім қарсы боп отыр?

3-ОРЫНБАСАР: Жақсы жердің бәрі игі жақсыларға әлдеқашан сатылып кетсе несін алады? Шөл даладан жер алғандар түземдік боп, таудың шың басынан жер тигендер қар адамына айналып кетті. Қазір бәрі жабайы боп жүр. Олардың бір-екеуі осында жүрген көрінеді. Өштескен адамдарын алып қашып кетеді деседі.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12