Аладдиннің сиқырлы шамы

Араб ертегісінің қазақша нұсқасы

Оқиғаға қатысушылар:

Аладдин

Мәлике

Зухра

Жамал

Алмас хан

Таңғұт

Төлтай

Тюльтан

Зымзия

         Шаһар шетіндегі Аладдиннің жұпыны үйі. Аладдин үйде жоқ. Оның үйден кеткеніне бір жылдан асты. Жалғыз шешесі Зухра содан бері баласын жоқтап қайғыруда.

         Бұл жолы да ол өзінің жоқтау өлеңін айтып жүр.

Зухра. Қуанышым Аладдин

Жұбанышым Аладдин!

Бір жыл болды кеткелі

Сенен хабар жетпеді.

Өлімісің Аладдин,

Тірімісің Аладдин?

Сарғайттың ғой санамды

Ұмыттың ба анаңды?

Сағындырмай келсеңші,

Құшағыма енсеңші!

Қуанышым Аладдин,

Жұбанышым Аладдин!

Есік ашылып, мыстан Зымзия кіреді.

Зымзия. Зарлай берме, Зухра! Аладдин енді бәрібір қайтып келмейді.

Зухра. Жоқ, Зымзия! Аладдин тірі! Ол келеді!

Зымзия. Балаңнан үмітіңді үз, Зухра! Ол енді саған жоқ!

Зухра. Бұлай деуге қалай аузың барады, Зымзия! Мен одан үмітімді ешқашан үзбеймін!

Зымзия. Оның бекершілік, Зухра! Сен бостан-босқа қайғырып, өзің мерт боласың. Тоқтат күңіренуіңді!

Зухра. Жоқ, мен ұлымнан ешқашан күдерімді үзбеймін. Ол келеді, сөз жоқ келеді.

Зымзия. Бүгін тағы да бал аштым. Балаң тірілердің санатында жоқ! Ол өлген!

Зухра. Мен сенің балыңа сенбеймін, тек өз жүрегіме сенемін. Ал, менің жүрегім ол өлген жоқ дейді.

Зымзия. (Авансценаға шығып, өзіне-өзі). Мына кемпірдің қасарысып көнбеуін-ай! Егер ол үмітін үзсе, Аладдин қайтып келмес еді. Қазір ол жер астында жатыр. Қолында сиқырлы шамы бар. Ол шамды тапқан менің қожайыным Таңғұт еді. Бірақ, ол шамды Таңғұтқа бермей қойды. Сонан соң, Аладдин жер астынан жол тауып шыға алмай өлген соң өзім қайтып келіп алармын деп, оны жер астына тастап кеткен. Ол әлі тірі. Оны өлтірмей келе жатқан – Ана үміті. Егер анасы үмітін үзсе, ол да өлуге тиіс. /Зухраға/. Зухра! Үз үмітіңді балаңнан!

Зухра. Жоқ! Үзбеймін үмітімді! Аладдин тірі!

Зымзия. Соңғы рет айтамын, үз үмітіңді! (оны қалдырады).

Зухра. Жоқ! Үзбеймін!

Зымзия. Үз деймін үмітіңді (Алқымын қыса түседі)!

Зухра. Жо-о-қ!

Аладдиннің анасы қылқынып өліп бара жатады.

Осы кезде аспаннан сандық түседі.

Зухра мен Зымзия алысқандарын қойып, оған таңырқай қарап қалады.

Сандық ішінен Аладдин шығады.

Алдымен оны Зымзия таниды.

Зымзия. Алла-ддин! Қап! Сәл кешіге тұрғанда мына кәрі қақпасқа «үмітімді үздім» деп айтқызар едім.

Ол жан-жағына алақтай тайып отырады. «Аладдин! Ұлым! Жалғызым! Келдің бе?» деп анасы құшағын жайып ұлына ұмтылады.

Аладдин. Апа! Анашым менің!

Бір жылдан аса көріспеген ана мен бала құшақтасып көрісіп жатады. Олар көрісіп жатып, Зымзияның шығып кеткенін байқамай да қалады.

Зухра. Бір жылдан бері қайда болдың, ұлым?

Аладдин. О-о, ол ұзақ әңгіме, апа! Мен оны кейін айтып берермін. Ал әзірге өзіңізге алып келген мына сыйлықтарды ала тұрыңыз!

Ол сандықты ашып, ішінен уыс-уыс қымбат тастарды анасына ұсынады.

Зухра. Мұнша байлықты қайдан алып жүрсің, ұлым! Мен бұларды ұстауға да қорқып тұрмын!

Аладдин. Қорықпаңыз, апа. Бұл менің өз еңбегім. Мұндай асыл тастар жер бетінде жоқ!

Зухра. Бізге мұндай шектен асқан байлықтың керегі не, ұлым! Асқан байлық адамды бақытсыздыққа душар етеді.

Аладдин. Жоқ! Байлық – ақылды адамды тоқ қылады, ақылсызды жоқ қылады. Біз бұл байлықтан өзімізге керектісін ғана аламыз, апа!

Зухра. Қайдам, ұлым! Жоқ кезінде жұрттың бәрі ақылды, байлыққа қолы жеткен соң адам ақылынан адасады.

Аладдин. Олай болмайды, апа!

Зухра. Оны сен қайдан білесің?

Аладдин. Білетін себебім – сіз барсыз. Мен сізбен ақылдаспай ештеңе жасамаймын.

Зухра. Ал, мынау не?

Аладдин. Жер астында әулие шал кездесіп, менің аман қалуыма сол себеп болды. «Сенің әкеңнен қалған аманат еді, өзіңе табыс етейін» деп осы ескі шамды берді. Менен бұрын мұны Таңғұт патша алмақ болған екен, бірақ, әулие шал иесіне табыс етемін деп бермей қойыпты. Таңғұт патша мені жер астына алып барған. Шамды көріп Таңғұт патша қуанып кетті. Алдап алмақ болды, ат басындай алтын берейін деді. Әкемнің аманатын ешқандай алтынға айырбастамаймын деп көнбей қойдым.

Осы кезде даладан кернейсырнайдың үні естілді.

— Апа, бұл не қылған дабыл?

Зухра. Алмас ханның жалғыз қызы Мәлике жақында күйеуге ұзатылмақ. Бір жұмадан бері ол күнде нөкерлерімен осы кезде серуенге шығады.

Аладдин. Олар қаланың үлкен көшесімен емес, неге біздің үйдің қасындағы тар көшемен өтеді?

Зухра. Оны мен қайдан білейін, ұлым!

Сырттағы жаршының айғайлаған даусы келеді.

Жаршы. Жарандар, жарандар! Үйлеріңе тараңдар! Ханның қызы Мәлике серуенге шықты. Бетіне шаң-тозаң қонады, тез үйлеріңе кіріңдер!

 

Аладдин терезеден сыртқа қарайды. Ашық күймеде отырған сұлу Мәликені көріп, оған сол жердеақ ғашық болып қалады.

Ашық күйме дәл Аладдиннің үйінің жанына келіп тоқтайды.

Аладдин. Апа, күйме біздің үйдің жанына кеп тоқтады!

Зухра. Неге екенін қайдам, хан қызының күймесі күнде осында кеп бір тоқтап өтеді.

Аладдин. Әне, күймеден күтуші қыздардың біреуі түсті. Ол тура біздің үйге қарай келе жатыр!

Хан қызының күтушісі Жамал кіреді.

Жамал. Бұл үйден ылғи да жоқтау үні естіліп тұрушы еді. Бүгін неге естілмейді? Немене, былтыр кеткен балаңнан бір хабар естідің бе?

Зухра. Өшкен шырағым жанды, жоғым табылды. Жоғалған ұлым бүгін кеп, зарлауымды тоқтаттым.

Жамал. Табылған ұлың қайда?

Зухра. Міне, алдыңызда тұр, бикеш.

Жамал Аладдинге ұзақ қарап тұрады.

Жамал. Хасанның ұлы Аладдин!

Аладдин иіліп тәжім етеді.

Жамал оған ораулы зат ұсынады. Аладдин оны ашып көрмек болғанда Жамал оны бөліп жібереді.

–Мен кеткен соң ашасың. Естеріңде болсын, менің мұнда кіргенімді үшеуімізден басқа бір адам білмеуі керек!

Ол шығып кетеді. Аладдин жүгіріп терезеге барады.

Күйме жүріп кетеді.

Аладдин ораулы затты ашады. Ол хан қызы Мәликенің суреті екен. Аладдин басы айналып тұрып қалады.

Аладдин. Пері ме, періште ме! Неткен сұлулық, неткен көрік!

Зухра. Ұлым-ау, не деп тұрсың? Тағы не бәлеге тап болғалы тұр сорлы басым!

Аладдин. Апа, хан қызы суретін беріп жіберіпті! Мұнда не сыр бар?

Зухра үндемейді.

— Неге үндемейсің, апа?

Зухра. Бұл жақсылық емес, ұлым!

Аладдин. Айтыңызшы, неге?

Зухра. Қара халық – ханның ойыншығы. Олар бізді әурелеп көңіл көтергісі келген шығар.

Аладдин. Жоқ, апа, бұл жай көңіл көтеру емес. Хан бізді мазақ еткісі келсе, суретін жібермей-ақ мазақ етер еді. Мұнда бір сыр бар!.. Апа! Сіз бүгін хан сарайына барыңыз. Мәликеге құда түсіңіз. Мен оған ғашық боп қалдым. Мен енді онсыз өмір сүре алмаймын!

Зухра. Не деп тұрсың, ұлым! Хан біз сияқты кедейді сарайына жолата ма?

Аладдин. Әйтпесе, өзім барамын!

Зухра. Көрші елдің ханы үш күннен соң той жасап, Мәликеге үйленгелі жатыр. Олар сені тірі қайтармайды.

Аладдин. Мәлике маған суретті текке жіберген жоқ! Мен онымен қалай да тілдесуім керек! Апа, менің тәуір киімдерімді әзірлеңіз!..

Зухра. Жоқ, бармайсың, балам! Одан да, өзім-ақ барайын! Бірақ, патшаға қалай құр қол барсам екен?

Аладдин. Мен әкелген асыл тастардың бір уысын құтыға салып апарыңыз. Патша сізді сөз жоқ қабылдайды.

Зухра. Жарайды, ұлым. О, Алла, өзің жар бола гөр!

*                 *                 *

Әсем табиғат аясында хан қызы Мәлике нөкер қыздарымен қыдырып жүр. Бәрінің ортасында хор қызындай сұлу Мәлике. Ол бірақ көңілсіз.

Қыздар биі. Ақ көйлекті аққудай әсем қыздар мың бұралып билеп жүр.

Биден соң қыздар ән айтады.

Бірақ, Мәлике сонда да жадырамайды.

Ән мен биден жалыққан ол қолын көтереді.

Әншібишілер тарап кетеді.

Жамал. Сен бүгін кешегіден де көңілсізсің, Мәлике. Неге қабағыңды ашпайсың?

Мәлике. Оның себебін сен жақсы білесің ғой, Жамал, несіне сұрайсың.

Жамал. Иә, түсінем. Әкең сені көрші елдің кәрі ханы Таңғұтқа күйеуге бермек. Егер әкең келіспесе, ол қаламызды қиратып, бәрімізді құлдыққа салмақ. Оны жеңетін күш жоқ. Өйткені, оның қолында сиқырлы шам бар.

Мәлике. Ол шам – Хасан тігіншінің шамы болатын. Ал, Таңғұт сол шамды тартып алатын болған соң Хасан оны жеті қат жер астына тығып тастаған. Мұны білген Таңғұт Хасанды өлтіріп, оның әйелі мен ұлы Аладдинді жетім қалдырды. Аладдин ол кезде жаңа туған бала екен, ол бұл құпияны білмейді.

Жамал. Ал, анасы біледі ғой.

Мәлике. Аузыңнан шықса балаңның көзін жоямын деген соң байғұс кемпір ол туралы есіне де алмайды.

Жамал. Хасан тыққан шамды Таңғұт қалай тауып алған?

Мәлике. Менімше, сиқырлы шам менің қолымда деп өтірік айтады. Әкемді қорқытып, мені көндіру үшін жасап отырған айласы.

Жамал. Сен мұның бәрін қайдан білесің?

Мәлике. Маған анам айтып берген.

Жамал. Аладдин ол шамның қайда екенін біле ме?

Мәлике. Білмейді /Жылайды/. Мен Таңғұтқа тигенше жартастан құлап өлем…

Жамал. Ата-анаңды аясаң етті.

Мәлике. Бір ғана үміт Аладдинде. Егер оның тірі екенін білсе Таңғұт әкемді бұлай басына алмас еді.

Жамал. Бүгін оның тірі екенін көзіммен көрдім ғой. Сенің суретіңді қолына ұстатып кеттім.

Мәлике. /сәл езу тартып/. Ол қандай күйде болды?

Жамал. Сенің суретіңе қарап есеңгіреп тұрып қалды.

Мәлике. Қалай, өзі көрікті жігіт пе екен?

Жамал. Мәлике! Сен қайдағы бір қаңғыған кедейді неге еске ала бересің?

Мәлике. Айтшы, Жамал! Оның түр-түсі қандай?

Жамал. Ол ма? Ол… Қырғи қабақты, ат жақты, құс мұрынды, қыран көзді, еңсегей бойлы келісті жігіт екен.

Мәлике. Оң жақ бетінде меңі бар ма?

Жамал /таңдана/. Ім-м… Иә, иә, оң жақ бетінде меңі бар.

Мәлике /қиялға еліргендей/. Дәл сол!.. Дәл соның өзі!..

Жамал. Мәлике, сен оны қайдан білесің?

Мәлике. Мен оны түсімде көргем!..

Жамал. Түсімде?! Қаңғыған бір қу кедейді түсіңде көріп жүрсің бе?

Мәлике. Иә…

Жамал. Сенің есің дұрыс емес, Мәлике!

Мәлике. Оны ылғи да түсімде көрем. Оянып кеткенде осының бәрі өңім емес, түсім боп шыққанына өкініп, көзімді қайта жұмамын…

Жамал. Егер мұныңды әке-шешең естісе, сені өздері-ақ жартастан лақтырып жіберетін шығар.

Мәлике. Жоқ, олай етпейді. Олар мені жанындай жақсы көреді.

Жамал. Сен суретіңді Аладдинге неге бердің?

Мәлике. Суреттің сыртында жазу бар. «Сиқырлы шам менің қолымда деп жұртқа жария қыл» деп жаздым. Бәлкім, әкем сол кезде Таңғұттың еркіне көнбес.

Жамал. Егер ол жазуды оқи алмаса ше?

Мәлике. Онда той болып жатқан кезде мені қала сыртындағы жартасқа алып барасың

*                 *                 *

Таңғұт пен Зымзия.

Таңғұт. Қалай, Зухра баласынан күдер үзді ме?

Зымзия. Жоқ, тақсыр! Ол алжыған кемпір менің айтқаныма көнетін емес.

Таңғұт. Бір ай бойы айтқаныңа көндіре алмай жүрген сен кінәлісің, Зымзия!

  Зымзия. Бал аштым, Зікір салдым, әрі беріден соң айнадан жер астында өліп жатқан баласын да көрсеттім. Бәрібір күдер үзетін емес.

Таңғұт. Онда… ол кемпірдің көзін жой. Сиқырлы шам менің қолымда емес екенін ол қақпас білуі мүмкін.

Зымзия. Бұл бұйрығыңызды орындай алмаймын, тақсыр!

Таңғұт. Қалай? Сен не былжырап тұрсың! /Қынабынан қылышын суырады/

Зымзия. Мен оны енді өлтіре алмаймын… Өйткені, бүгін… бүгін Аладдин үйіне аман-есен қайтып оралды…

Таңғұт. Не-ме-не? Оны саған кім айтты?

Зымзия. Өз көзіммен көрдім, хан ием!

Таңғұт. /өзімен өзі/ Аладдин! Аладдин! Ол жер астынан қалай тірі шықты екен! Ол жер бетіне шығатын жолды таппай өлуі керек еді ғой!.. Ах, оңбаған, қара сирақ тігіншінің өлермен баласы!!. /Зымзияға/. Қалай, оның үйінде не бар екен?

Зымзия. Түсінбедім, тақсыр…

Таңғұт. Үйінде өзгеріс бар ма? Алтын, күміс, жақұт…

Зымзия. Үйі сол баяғы жұпыны қалпы.

Таңғұт. Ал… ал… шам көрген жоқсың ба? Міне, мынадай? /шамды көрсетеді/.

Зымзия. Жоқ, тақсыр. Мұндай шам көзіме түспеді.

Таңғұт. Ей… сен не көрем деп едің!.. Бәлкім ол жер астынан сиқырлы шамды алып келген шығар. Егер менің қолымда сиқырлы шамның жоқ екенін білсе… мына Алмас хан бізбен соғысады. Қап! Енді не амал бар? Зымзия! Сен Зухраның үйіне қайтадан бар. Аладдин шамды алып келді ме, келмеді ме, соны біл. Егер алып келсе, мына шамға айырбастап қайтасың.

Зымзия. Тақсыр… Хан ием… Ол менің қолымнан келер ме екен?

Таңғұт. Келеді! Келтіресің! Мен сені осы кезге дейін бекер асырап келген жоқпын. Жөнел! Мә, мына шамды ала кет!

*                 *                 *

Хан сарайы. Мұнда тойға дайындық жүріп жатыр. Алмас ханның төңірегінде уәзірлер, нөкерлер. Мәлике кіреді.

Алмас хан. Қызым! Қабағың неге қатулы?

Мәлике. Себебін біліп тұрып оның несін сұрайсыз, көке!..

Алмас хан /күрсініп/. Қайтемін, қызым! Таңғұт ханның айтқанына көнбейтін менде шама жоқ. Оның қолында сиқырлы шам бар. Егер айтқанына көнбесем ол бүкіл патшалығымыздың күлін көкке ұшырып, бәрімізді құлдыққа салады. Оған қарсы тұрар ешқандай күш жоқ.

Мәлике. Мен бұл сөзіңізді естігем, әке, маған оны қайталап айта бермей-ақ қойыңыз. Ерік өзіңізде… тойға дайындала беріңіз. Бірақ… Алланың ісіне пенде ашу танытпас…

Алмас хан. Бұ не дегенің, қызым?

Мәлике. Оны кейін түсінесіз, әке.

Уәзір Төлтай кіреді.

Төлтай. Хан ием! Таң атқаннан бері қақпа алдынан бір кемпір қанша қусақ та кетпей қойды. Сізге айтатын бір арызым бар дейді.

Алмас хан. Ол неғылған кемпір? Қайдан кепті? Не айтпақ?

Төлтай. Арызыңды бізге айт, ханға жеткізейік десек, «Ханға ғана айтатын шаруам бар» деп кетер емес.

Алмас хан. Жарайды, кірсін!

Төлтай. /Есіктегілерге дауыстайды/ Кірсін! Әкеліңдер кемпірді!

Зухра кіреді. Ханға иіліп тағзым етеді.

Алмас хан. Ал, сөйле! Қандай арызың бар еді?

Зухра. О, хан ием! Мен өз басыма ажал іздеп жүрген бір бейбақпын.

Алмас хан. Ажал?! Сен неге өзіңе өзің ажал іздеп жүрген жансың?

Зухра. Ажал іздеп жүрмін деп қалай айтпайын. Қазір менің тілегімді естіген соң өзіңіз-ақ басымды алуға әмір етесіз.

Алмас хан. Егер басың кететінің біліп тұрсаң, ондай тілекті несіне айтасың?

Зухра. Айтпасқа амалым болмай тұр, хан ием.

Алмас хан. Ал, айтып көр, тыңдайық.

Зухра. Менің ұлым сіздің қызыңыз Мәликеге ғашық болып, онсыз өмір сүре алмайтын халге жетті. Мен қызыңызға құда түсіп келіп отырмын. Енді басымды ала беруіңізге болады.

Жұрт гуілдеп кетеді. Уәзірлер қарқылдап күле бастайды.

Төлтай. Бұл басыну ғой, хан ием! Қайдағы бір қаңғыған біреулер ханға кеп қызын айттыратын болса, ондай әумесердің ақымақ басын алудан басқа амал жоқ /қылышын суырады/.

Алмас хан /қолын көтеріп/. Жә, сабыр! Сенің балаң не ақымақ немесе асқан батыр болуы керек…

Төлтай. Хан қызына құда түсу үшін әуелі ат басындай алтын әкелесің, бейбақ! Сенде ондай дүние бар ма? /Күледі/.

Зухра. Алтын, гауһар дегенді өмірімде ұстап көрген жан емеспін. Бірақ, әзірге алып келген мына түйіншегім бар. Оның құны қанша екенін де білмеймін.

Зухра түйіншекті уәзірге береді. Ол түйіншекті шешіп қараған бетте есінен танып қала жаздайды.

Төлтай. Мұндай асыл тастар жер бетінде жоқ! /Зухраға/ Мұндай байлық саған қайдан келді? Айт!

Зухра. Бұл байлық… Күйеуімнен қалған. Оған оның әкесінен, оған оның атасынан, сөйтіп, жеті атасынан келе жатқан дүние. Бәрі хан қызы Мәликенің жолына садақа!

Уәзір кемпірді шеткері алып шығады.

Төлтай. Шыныңды айт, мынадай тастар үйлеріңде тағы бар ма?

Зухра. Бар. Осындай екі түйіншек болады.

Төлтай тағы есеңгіреп кетеді.

Төлтай. О, Алла жар бола гөр! Тағы осындай екі түйіншек болады дейсің бе? Сен… балаңа сәлем айт. Ханның қызы Мәлике үш күннен соң Таңғұт патшаға күйеуге шығады. Оның әскерлері қазір біздің қаламызды қоршап жатыр. Ал… /күліп, әзілдесіп/, ал менің қызым Айша Мәликеден де сұлу. Сенсіз де қазір патшаның басы қатулы. Ханның мазасын алмау үшін сенің балаңа мен-ақ өз қызымды берейін.

Зузра. Балам оған көне қоймас…

Алмас хан. Уәзір!

Төлтай. /хан қасына жетіп барып/ Құлағым сізде, тақсыр! Мен мына кемпірді… ім-мм… Сіздің мазаңызды алмасын деп…

Алмас хан /Зухраға/. Зухра! Егер сенің балаң менің қызымды шын жақсы көретін болса… ертең кешке барлық сән-салтанатымен, менің сарайымда болсын! Он екі алтын күйме мініп, қырық қыз, қырық жігіт нөкер алып, он екі сандық әкелсін!

Уәзірлер жағаларын ұстап, гуілдеп кетеді.

Төлтай. О, ұлы мәртебелім! Бұл не дегеніңіз! Таңғұт патша қалаңызды қиратып, еркек біткенді құл, әйел біткенді күң етеді ғой. Патшалығымызды аман сақтау үшін, мен мына кедейлерге өз қызым Айшаны беруге дайынмын!

Алмас хан /қолын көтереді. Уәзірлер таппа тиылады./. Бар, балаңа осы сәлемімді жеткіз! Егер айтқанымды орындамасаңдар, бастарыңды аламын. Жөнел!

Зухра. Құп, тақсыр.

Зухра тағзым етіп шығып кетеді.

*                        *                 *

Аладдиннің үйі. Аладдин Мәликенің суретіне қарап отыр. Анасы кіреді.

Аладдин /алдынан шығып/. Апа, жүзіңіз сынық қой! Хан келісім бермеді ме?

Зухра. Ол бізді мазақ етті, ұлым!

Аладдин. Мазақ еткені қалай?

Зухра. Он екі алтын күйме мініп, қырық қыз, қырық жігіт нөкер алып, он екі сандық алтын жасаумен ертең кешке ұлың келсін дейді. Әйтпесе, екеуіміздің де басымызды алмақшы. Қара халық – ханның ойыншығы деп айттым ғой, ұлым!

Аладдин. Кешір, апа! Келе салып басыңызға бәле салдым ғой. Енді не амал бар?

Зухра. Енді не амал бар?

Екеуі қайғырып отырады.

Аладдин. Еһ, Мәлике, Мәлике! Арман болып жүрегімнен орын алып едің, енді ажал боп алдымнан шығып тұрсың. (Суретті аударып қарайды. Жазуды көреді). Тоқта, тоқта! Мұнда жазу бар сияқты (оқиды).

«Менің құтқарушым сен ғанасың, Аладдин! Сенің әкеңнің ескі шамы Таңғұт патшаның қолында ма, әлде, ол жер астында жатыр ма? Ертең түнде күтуші қызды жіберем. Содан хабар айт».

— Ескі шам?! Ол неғылған шам? Ә-ә, Таңғұт патша мені сол үшін жер астына түсіріп еді ғой. Мен шамды тапқан соң ол менен шамды алып кетпек болды, мен бермедім. Сонан соң ол жер үстіне шығатын тесікті қайта жауып кетті. Бұл шам оларға не үшін қажет болды екен? Ертең түнде… Ал, мен хан сарайына кешке баруым керек. Қош, қош бол, Мәлике!

Зухра. Үй қараңғы боп кетті, шам жағайық, ұлым. Бір тәулік өміріміз қалды, қараңғыда қайғыра бермей, бір түн болса да жарықта жарқырап отырайық.

Аладдин. Апа, мен алып келген шам бар ғой. Соны жағайық. Қазір!..

Аладдин өзі әкелген шамды тауып алып, аласа жозының үстіне қояды.

— Ту-у, әбден шаң басып кетіпті! Апа, шүберек берші, сүртіп жіберейін.

Анасы шүберек береді. Аладдин оны сүрте бергенде үйдің іші гүрілге толып, көк түтін қаптап кетеді. Көк түтін айыққан кезде шам ішінен шыққан еңгезердей Тюльтан пайда болады. Зухра қорқып, есінен таңып қалады.

Аладдин (ол да қорыққанынан дірілдеп). Сен… Сен… кімсің? Қайдан шықтың?

Тюльтан. Менің атым – Тюльтан. Сенің қолыңдағы шамның ішінен шықтым. Бұл шам кімде болса, мен соның әмірін орындаушы құлымын. Ал, айт қожайын! Қандай қаланы қиратып, кімдердің көзін жояйын?

Аладдин. Тоқта, тоқта… ім-мм. Демек, сиқырлы шам осы екен ғой. Таңғұт мені осы үшін өлтірмек болған екен ғой… Бәсе-е!

Тюльтан. Иә! Осы сиқырлы шам үшін жер бетінде қаншама қырғын соғыс болды. Талай патшалықты талқандап, талай мемлекетті құртып едім. Сенің әкең Хасанның қолына түскеннен бері шам ішінен бір де бір шыққан емеспін. Арқа-басым әбден құрысып қапты.

Тюльтан аяққолын жазып, арыбері керіледі.

Аладдин. Онда… Сен ертең кешке он екі алтын күйме, қырық қыз, қырық жігіт нөкер, он екі сандық алтын алып кел де, мені Алмас ханның сарайына апар.

Тюльтан. Жұмыссыз әбден жалығып кеттім. Бүгін барсақ қайтеді?

Аладдин. Жоқ, ертең.

Тюльтан. Құп болады!

Жын кетеді. Аладдин анасына су бүркіп, оны тұрғызып алады. 

*                                    *                          *

Аладдин нөкерлерімен Алмас ханның сарайына келеді. Мынадай салтанатты топты бірінші көрген сарай қызметкерлері таңтамаша боп тұра қалады.

Аладдин Алмас ханның алдына келіп, иіліп сәлем береді.

Аладдин. Сіздің әміріңіз бойынша алдыңызға келіп тұрмын, хан ием!

Алмас хан. Түр-тұрпатың бекзадаға лайық жігіт екенсің! Ал, қалауыңды айт.

Аладдин. Қалауым сізге белгілі, ұлы мәртебелім! Мен Мәлике ханшайымсыз өмір сүре алатын емеспін. Сіздің айтқан талабыңыздың бәрі мүлтіксіз орындалды, тақсыр!

Ол алақанын соғады. Нөкерлер жасаужабдықтарды алып кіреді.

Төлтай. Бұл – сиқыр, хан ием! Сіз бұған сенбеңіз!..

Алмас хан. Сен маған күйеу бала болуға лайық екенсің. Бірақ, мен қызыммен сөйлеспей тұрып саған уәде бере алмаймын.

Аладдин. Сіз келіссеңіз, Мәлике ханшайым қарсы бола қоймас, хан ием!

Алмас хан. Сен қалай-қалай астам сөйлейсің? Немене, онымен тілдесіп пе едің?

Аладдин. Жоқ, тақсыр! Бірақ, Мәлике ханшайымның мына бір белгісі бар.

Ол ханға Мәликенің суретін көрсетеді.

Алмас хан суретті қолына алып қарайды. Сыртындағы жазуға назар аудармайды.

Алмас хан. Шақырыңдар Мәликені!

Мәлике кіреді.

Аладдин Мәликені көріп, оның алдына барып тізерлеп отыра кетеді.

Аладдин. О, жер бетінің періштесі Мәлике!..

Алмас хан. Қызым, сен мына жігітті танимысың?

Мәлике Аладдинге ұзақ қарап тұрды да, басын шайқады.

— Ал, мына сурет оның қолында қайдан жүр?

Мәлике. (жігітке жақындап) Аладдин!

Аладдин. Мәлике!

Алмас хан. Аладдин?! Сені өліп қалды деп еді ғой.

Аладдин. Айып етпеңіз тақсыр, мен әлі тірімін.

Аладдин мен Мәлике қол ұстасады.

Алмас хан. Жалғыз қызымның бақытты болуын көру – менің басты арманым. Бірақ, Таңғұт патша әскерлерімен қаланың шетінде тұр. Ертең ол Мәликені алып кетуге келеді.

Аладдин. Таңғұтпен шайқасуды маған тапсырыңыз, тақсыр!

Алмас хан. Онымен соғысатындай сенде қандай күш бар?

Аладдин. Маған сеніңіз, хан ием! Ертеңге дейін әскеріңізді сапқа тұрғызсаңыз болғаны!

Алмас хан шығып кетеді. Аладдин мен Мәлике оңаша қалады. Бірбіріне ұзақ қарайды.

Мәлике. Мен сені ылғи да түсімде көрем, Аладдин!

Аладдин. Ал мен дәл қазір ұйықтап тұрмын, Мәлике!

Мәлике. Неге? Сен ояусың ғой.

Аладдин. Өйткені, осының бәрі маған түс сияқты.

Мәлике. Адамның бақытты сәтінің бәрі түс сияқты.

Аладдин. Иә, түс сияқты…

Мәлике. Түс сияқты.

Аладдин. Оянып кетпесек екен!..

Мәлике. Иә, оянып кетпесек екен!

*                               *                 *

Таңғұт патшаның шатыры.

Зымзия кіреді.

Таңғұт. Қандай жақсы хабар әкелдің?

Зымзия. Бұйрығыңыз орындалды, тақсыр! Алжыған кемпірді алдап соқтым. Міне, алыңыз!

Таңғұт шамды қолына алып, арыбері қарап, қарқылдай күледі.

Таңғұт. Міне, енді мен жер бетіндегі ең күшті, ең құдіретті патшамын! Жарайсың, Зымзия! Осы қызметің үшін сенің дәрежеңді көтеріп, Аға мыстан етіп тағайындаймын!

Зымзия. Құзырыңызға құлдық, әміршім! Таңғұт патшаға әрқашан адал қызмет етемін!

*                          *                          *

Аладдин мен Мәлике үйлеріне келеді.

Аладдин. Апа! Апа! Мәлике біздің үйдің табалдырығын аттады. Алдынан шығыңыз!

Зухра қуанып, олардың алдынан шығады.

Зухра. Өң бе, түс пе? Құлындарым! Ботақандарым! Бақытты болыңдар! Неткен қуаныш, неткен бақыт!

Олардың бетінен сүйеді.

Аладдин жозы үстінде тұрған шамды көреді.

Аладдин. Апа, мынау біздің шам емес қой.

Зухра. Бағана өзің сұратып алдырған жоқпысың?

Аладдин. Мен сұратып алдырдым?

Зухра. Иә, Аладдин сұрап жатыр деп бір кемпір алып кетті. Орынына жаңасын тастап кетті!

Аладдин. Сені алдап соққан екен, Апа! Таңғұт патшаның мыстаны ғой ол! Қап!

Мәлике. Міне, біз ояндық. Түсіміз осымен аяқталды, Аладдин! Таңғұт патша бүгін-ақ бәріміздің тас-талқанымызды шығарады.

Аладдин. Түңілме, Мәлике! Бір амалын табармыз. Жүр, кеттік!

Мәлике. Қайда?

Аладдин. Таңғұт патшаның өзіне! Апа, үйде ескі шам бар ма?

Зухра. Оны қайтесің?

Аладдин. Маған беріңіз! Тез!

           Анасы жүк аяқ астынан бір ескі шамды алып береді. Аладдин оны қойнына тығады да, Мәликені қолынан жетелеп, үйден шыға жөнеледі.

*                                    *                          *

Таңғұт патшаның шатыры. Патша көңілді.

Таңғұт. Ертең кешке жер бетінің періштесі Мәлике менің әйелім болады! Ал, оның патшасымақ әкесі атқорамды тазалап, әйелі аяғымды жуады! Ха-ха-ха! Билеңдер! Көңілденіңдер, сарбаздар! Билеңдер, көңілденіңдер! Ішіңдер шарапты тостақтарыңды толтырып!

Аладдин мен Мәлике кіреді.

Ол тайсалмай Таңғұт патшаның алдына келеді.

Аладдин. Ей, Таңғұт!

Таңғұт жалт қарайды.

Таңғұт. Мен сияқты ұлы патшаны атымен атап тұрған кім?

Аладдин. Мен, Аладддин, (кекесін түрде) мәртебелі тақсыр!

Таңғұт. Ә-ә, сен Аладдинбісің? Иә-иә, есіме түсіп келе жатыр (оған үңіліп қарап алып). Таныдым. Маған сиқырлы шамды бермей жер астында қалып едің. Енді өзің әкеп бердің. Оныңа мың да бір рахмет, Аладдин! Ертең той. Жер бетінің періштесі Мәлике менің әйелім болады! Тойға кел, анаң екеуің қонақтарға табақ таратып, қарындарың бір тойсын.

Аладдин. Сен бекер шалқып отырсың Таңғұт!

Таңғұт (қаһарланып). Мен ұлы патшамын, аяғыма тағзым етіп отырып сөйлес, сонда бәлкім тірі қаларсың!

Аладдин. Сен мені бір рет өлтіргенсің, ендігі кезек сенікі, Таңғұт!

Таңғұт. Ха-ха-ха! Сен жер астында бір жыл жатам деп жынданған екенсің, Аладдин. Жарайды, мен кекшіл емеспін, сенің ақымақтығыңды кешірейін. Ал, мына қыз кім?

Аладдин. Бұл қыз – менің қалыңдығым!

Таңғұт қызға енді ғана назар сап қарайды да Мәликені таниды.

Таңғұт. Мәлике! Бұл Мәлике ғой! Мына қаңғыған қайыршының қасында неғып жүрсің?

Мәлике. Біз бір-бірімізді жақсы көреміз.

Таңғұт. Сен менің қатынымсың! Жасауыл! (Үш-төрт жасауыл жетіп келеді)

— Мыналардың аяқ-қолдарына кісен сап, бөлек шатырға апарып байлап тастаңдар!

Аладдин. Тоқтаңдар! Сені мастандырып отырған қолындағы шам шығар. Бекер мастанасың, Таңғұт! Нағыз шам, міне, менің қолымда (қойнынан шамды суырып алады). Сенің мыстаның шатасып басқа шамды алып кетіпті, тақсыр!

Таңғұт. Өтірік! Жалған! Мен қазір мұны сынап көрейін! (ол шамды сыйпамақ болады).

Аладдин. Ескертіп қояйын, Таңғұт. Егер қолыңдағы шам жалған боп шықса, маған өкпелеме! Мен жынды шақырып аламын да, бәріңнің көзіңді жоямын. (Ол шамын сыйпауға дайындалады). Мен Тюльтанды шақырмай тұрғанда қолыңдағы шамды таста. Әйтпесе, қазір күлің көкке ұшады. Беске шейін санаймын, шамды тастамасаң менен аяушылық күтпе! Бір! Екі!.. Үш! Төрт!..

Таңғұт қорыққанынан қолындағы шамды лақтырып жібереді.

Аладдин жетіп келеді де, шамды көтеріп алады.

— Қорыққан екенсің, Таңғұт! Сендей су жүрекке патша болу жараспайды. Ал, енді бері қара!

Аладдин Таңғұт тастаған шамды сыйпап қалады. Жердүние гүрілге толып, еңгезердей дию жетіп келеді.

Тюльтан. Не бұйырасыз, әміршім! Қандай қаланы қиратып, кімнің көзін жояйын?

Аладдин. Мына тұрған жауызды нөкерлерімен қосып Арал теңізіне апарып батырып жібер!

Таңғұт (Еңбектеп кеп Аладдиннің аяғына жығылады). Кешір, Аладдин! Ат қораңды тазалап, аяғыңды жуайын, тек шыбын жанымды қалдыра гөр!

Аладдин. Сенің осындай су жүрек екеніңді білмесем, шатырыңа баса-көктеп кірмес ем!.. Тюльтан, алып кет!

Таңғұт патша нөкерлерімен жоқ болады.

Мәлике. Қалған жұртқа қандай жаза қолданасың, Аладдин!

Аладдин. Қалған жұртта жазық жоқ! (Көпшілікке) Сарбаздар! Енді соғыс болмайды. Бәріңе азаттық! Үйлеріңе қайтыңдар!

Қуанған сарбаздар улапшулап тарай бастайды.

Аладдин. Ал, Мәлике, ақ боз ат жеккен алтын күймеге мінейік, ақ сарайға кірейік! Енді екеуімізді ешкім де, ешқашан да ажырата алмайды.

Мәлике. Иә, ешкім де, ешқашан да! Біз мәңгі біргеміз. Мәңгі бірге!

Аладдин. Солай, Мәлике! Алдымен барып анамызды қуантайық!

Екеуі қол ұстасып шығып кетеді.

 

Соңы