ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ АРМАН

“Қоянды” колхозының тірлігі соңғы он бес жылдың ішінде бір оңбай-ақ қойды. Мұзға құлаған түйедей бір аяғын әзер жинағанда екінші аяғы тайып, әбден қалжырап, болдырып, өмірден күдерін үзіп, тұралаған халге жетті. Ауыл адамдары күннен-күнге қожырап бара жатқан тіршіліктерін жөндеу үшін не амал жасамады десеңізші. Ауыл көлемінде әлденеше рет жиналыстар өткізді, талай-талай қаулылар қабылдады. Болмады. Басшылар ауданға барып, аудан ауылға келді. Одан та түк шықпады. Басшылардың талайы келіп, талайы кетті. Одан шаруашылық түзеле қоймады. Азап айдады ма, ажал айдады ма, дүрілдеп тұрған бір совхоздың директоры ең артта қалған шаруашылыққа барамын деп белсенділік көрсетіп осы колхозды сұрап алып еді, үш жылдан соң сотталып тынды. Содан бұл ауылға жан жуымайтын болды. “Қоянды” колхозының аты аталса-ақ болды аудан мен облыс көлеміндегі басшылар қояншық ұстағандай қалшылдап шыға келетінді шығарды. Соңғы жылы республикалық бір газеттен экономика жайлы жиі жазып жүрген бір журналист кеп өз газетінің бетінде көлдей материал жариялады. Шаруашылықтың өрге баспауының тарам-тарам себептерін айта келіп, ол өзінің очеркін: “Бұл колхозға сырттан экономист шақырмаса болмайды” деп түйді. Амалы құрып отырған аудан басшылары “үмітсіз шайтан” дегендей бұл ұсынысты да қабыл алып, колхозға Тәжікстаннан экономист шақыртты. Ресми мәліметтерге қарағанда, ол тұралап қалған талай колхозды аяғынан тұрғызып, кейбіреулерін тура тарап бара жатқан жерінен қайта біріктіріп алыпты. Ит арқасы қияннан келген бұл экономисті ауыл адамдары аспаннан құдай жіберген құтқарушыдай боз бие сойып қарсы алды. Ол тұратын еңселі ақ үйді ақ тауықпен аластап, жын-шайтанды бездіру үшін ол табалдырықты аттай бергенде үй артынан алты жігіт аспанға құр дәрілеп мылтық атты.

Тәжік жігіт жұмысқа құлшына кірісіп кетті. Шаруашылыққа кететін барлық шығын мен алынатын өнімді мұқият есептей келіп, ол үш жылдан соң колхозды миллионерлер қатарына қосатын нақты бағдарлама жасады. “Міне, іс білетін адам деп осыны айт, тиынына шейін есептеп қойыпты сабаз! Іс оңалса енді оңалар!” деп ауыл адамдары онымен өткен алғашқы кездесуден соң үйлеріне желпініп қайтты.

“Пенденің ойлағаны емес, Алланың дегені болады” екен, колхоз бұрынғысынан да нашарлап, екі жылда мемлекетке бес миллион сом қарыз боп шықты. Ал, ең соңғы — уағдалы үшінші жылы қырда астық шықпай, ойдағы мақтаны түгел үсік ұрып, жайлаудағы малдың жаңа туған төлін отамалының суығы қырып салды.

Тәжік экономисі жынданып кетті. Көрінген кісіге қарап күле беретін болды. Дәрігерлер “невменяемый” деп анықтама жазып берген соң ісі сотқа түспей аман қалды. Бір кездері бір елдің маңдай алды экономисі боп дүрілдеп тұрған жігітті артынан бір топ адам іздеп кеп, жынды ғып алып кетті. Ішінде шайпаулау біреуі кетерінде: “Сендердің қиюы қашқан мына колхоздарың бір емес, мың адамды жынды қылар” деп дүңк еткізіп қойып қалды.

Бұл колхозға енді бастық та, экономист те жоламай қойды. “Бұл ауылды құдай қарғаған” деген сыбыс та шыға бастады. Оны құдай неге қарғады, қашан қарғады,  ол жағын ешкім біле алмады. “Құдай қарғаған” деген сыбыс күннен-күнге етек алып, ол пікір діни күдіктен қоғамдық тұжырымға ұласып, коммунистер мен социалистердің де, демократтар мен толып жатқан ұлттық партия өкілдерінің, тіпті, айтулы атеистердің өздерін де иландыра бастады.

Енді көп адам бұл ауылдан айналып өтетін болды. Қолы ұзындар бұл колхоздан туыстарын көшіріп алып, қолы Қысқалары “құдайдың пешенеге жазғанын көріп”, осында қала берді. Облыс, аудан басшылары енді не істерге білмей бастары әбден қатты. Таратып жіберейін десе сонша адамды қайда жібереді? Бөлшектеп-бөлшектеп басқа колхоз-совхозға қосып жіберуді қарастырып көріп еді, басшылары сотталып, жынданып жатқан “қарғыс атқан ауылды” қосып алудан барлық бастық ат-тондарын ала қашты.

Істері алға баспай қойған соң ауыл қариялары мен басшылары бірігіп, мал сойып, тасаттық жасады. Аяқ жететін жердегі көріпкелдермен ақылдасып, балгерлерге бал аштырды. Олар да мандытып ештеңе айта алмады. “Облыс орталығында бір көріпкел тұрады екен, ол алақандай колхоз түгілі бүкіл бір ауданның он жылдық өмірін қолмен қойғандай айтып бере алады-мыс” деген қауесет жеткенде бүкіл ауыл боп ол жаққа аздап тәуіпшілікпен айналысатын Азнабайды шұғыл аттандырды. Ол қайтып оралғанда ауыл боп алдынан шығып:

— Не жақсылық бар, көріпкел не айтты? — деді басқарма мүшелері ең басты сауалға бірден көшіп.

— «Елдеріңде бір рет су тасқыны болады, үш әйел егіз туады,  деді.

Басқа планетадан адамдар келеді. Сақ боп жүрмесеңдер біреуіңді алып кетеді дейді».

Жұрт иықтарын қозғап, бір-біріне қарады.

— Немене, немене? —  Бастық оған төне түсті. — Мына кісі не деп лағып кетті. Оу, біз сізді облыс орталығына жібергенде бұл колхозда қанша әйел егіз туатынын білу үшін жіберген жоқпыз ғой. Тіпті, оны бізге білудің қажеті қанша! Экономикамыз қашан көтеріледі, эко-но-микамыз! Одан да соны нақтылап сұрамадыңыз ба?

— Сұрадым.

— Иә, не деді?

— Мен экономист емеспін. Оны білгілерің келсе шетелде аты жер жарған бір көріпкел тұрады, соған барыңдар, -деді.

— Ол қай жерде екен?

— Білмейм. Мына қағазға адресін жазып берді. — Азнабай бастыққа тілдей қағаз ұсынды. Бастық қағазға үңілді. “Австрия. Вена. Вагнерштрассе, 42. Эрхард Мария Глоба”. —  Бастық қағаздан басын көтеріп:

–Бұл еркек пе әйел ме өзі? — деді.

— Білмейм. Барғанда бір-ақ көрерміз.

— Немене, енді сонда бармақсыз ба?

— Валюта болса барып қайтқанға не жетсін.

— Валюта! Оны қайдан табамыз? Колхоздың кассасында совет ақшасымен бір сом да жоқ.

— Елден жинау керек.

— Елден! Ел де титықтап болды емес пе, — деп бастық өзімен-өзі сөйлескендей күбірлеп еді, осында тұрған экономист сөзге араласты.

— Ел табады ғой. Жинайды, жинаймыз, — деді сенімді үнмен. — Ертеңгіні білу бәрімізге ортақ іс қой.

Кешке қарай актив жиналысы шақырылып, Азнабайды Австрияға жібереміз бе, жібермейміз бе деген мәселе талқыланды. “Азнабайға қарап тұрған күн жоқ, қолы бос, барса барып қайтсын” деген пікір айтылып, актив жиналысы оны шетелге жіберуге шешім қабылдады. Елден ақша жинап, оған валюта сатып алу мен шетелге шығу тәртібін реттеу экономист Өзденбекке тапсырылды.

Бір айдан соң ауыл улап-шулап Азнабайды Австрияға шығарып салды.

Азнабай шетелде бір жарым ай жүріп келді. Оны өлдіге санап, енді іздеу салғалы отырғанда ол кенет екі кештің арасында су жаңа “Мерседеспен” сап ете қалды. Кешегі қатқан қайыстай Азнабай жоқ, диланып, беті жылтырап, мұрты майланып қапты. Басынан аяғына дейін шыттай шетелдік киім.

Ол ауылдастарын жинап ап екі күн, екі түн әңгіме айтты. Әуелгі кезде жерлестері оның өзгерген түрі мен пошымын көріп сөйлесуге батылдары жетпеп еді, бірте-бірте үйреніп, сырт киімі болмаса ішінде баяғы Азнабай жүргенін көріп қуанып қалды.

— Сонымен, әлгі Глоба не айтты? — деді колхоз басқармасы шыдай алмай.

— Ой, ол туралы кейін, — деді Азнабай жұртты таң қалдырып. — Алдымен мен неге кешіктім, соны сұрамайсыңдар ма?

— Иә, соны айтшы, — деп итінді шалдар жағы.

— Ойбо-ой, бұ қазекемнің де жүрмейтін жері жоқ екен. Әлгі жерге барып түскен күні ертесіне қолыма әлгі адресті алып ал кеп іздейін, ал кеп іздейін. Олар қазақша білмейді, мен шетелше білмеймін, ай қор болдым ғой. “Осы жалпақ елде нежойлы қазақша білетін бір адам табылмас дейсің” деп көрінген қара адамды тоқтатайын.

— Әй, қазақша білесің бе? — деймін. Олар басын шайқап күледі де кете береді. — Содан бір күні… О, құдай-ау десеңші, пендесін өлтірмеймін десе Алла есебін табады екен ғой. Бір күні үмітім үзіліп, қонақ үйге қайтып келе жатыр едім, әп-әдемі келген бір жігіт, жасы осы Шыдандар қатарлы болуы керек, машина сүртіп тұр екен. Қолыммен ымдап әлгі қағазды соған көрсеттім. Ол оқып қарады да “білмеймін” дегендей басын шайқады. “О, құдай, енді елге не бетімді айтамын” деп күрсініп едім, әлгі жігіт мені бас салып құшақтай алғаны. “Бауырымдап” көзіне жас алды. Сөйтсем ол қазақ екен. Үйіне ертіп барды. — Әке-шешесімен таныстырды. Ұзақ таңға елдің жағдайын айттым, олар бала-шағасымен ауыздарын ашып еліте тыңдады. Ол жерде отыз шақты қазақ семьясы тұрады екен. Бәрі бірінен соң бірі қонақ қылып, бір ай уақытым соған кетті. Қалаларын аралатты, орманға аң аулауға алып шықты. Әне бір алдыңғы аяғы қысқа бір жануар болушы еді ғой, аты немене еді?

— Қалталы қасқыр.

— Иә, қалталы қасқыр деген андыздап жүр. Соның бір-екеуін атып алдық.

— Қалталы қасқыр? — деп экономист Шыдан қайталап сұрады. — Ол онда болмаушы еді ғой.

— Неге болмасын, болмаса менің көзіме шайтан елестеген жоқ шығар.

— Иә, сонымен, әлгі көріпкелге жолықтыңыз ба, соны айтшы, — деді бастық.

— Жоқ. “Ондай адам бұл жақта тұрмайды, ол алыста, әуре болмаңыз” деп жібермей қойды.

— Әй, осы сіз қайда барып келдіңіз өзі? — деді Шыдан Азнабайға күдіктене қарап.

— Қайда барушы ем, әлгі қағаздағы адреске дағы.

— Менімше сіз Австрияға емес, Австралияға барғансыз. Әлгі қалталы қасқырларыңыз сонда.

— Қой, өйтіп құдай ұрып па?

— Ұрса да, ұрмаса да солай. Шетелде шекара ашық, Австрияға баратын самолет деп Австралияға өтіп кеткенсіз.

— Қой… олай емес шығар, — деп Азнабай да абдырай бастады.

— Өй, берекесіз, — деді Мәулен ақсақал қолын сілтеп. — Осыны шетелге жіберіп жүрген біз ақымақ. Жіберген жаққа бармай басқа жаққа барып қайтыпты ғой.

— Ойпырмау, көшеде кетіп бара жатып: “Бұл Австрия ма, Австралия ма?” деп бір сұрамағаның ба? — деді насыбайшы шал Рамаш ашуға мініп.

— Тоқтай тұрсаңдаршы, ар жағын айтайын да, — деді Азнабай да дауыс көтеріп. — Әлгі адресті әлгі жігіт алды да екі күн жоқ болып кетті. «Үйде отыра беріңіз, өзім тындырып» келем деді. Сонан соң оған жолыққанда не айтатынын әбден түсіндірдім. Көріпкелге жолығу қиынға соғыпты. Есігінің алды топырлаған адам дейді. Көпшілігі кеңес өкіметінен барғандар екен. Бәрі ертең не боларын болжап беруін өтінетін көрінеді. Ол жігіттің әңгімесін тыңдап болыпты да, міне, мына қағазды жазып беріпті. Оны аудартып та алдым.

— Ойбай бағанадан бері соны айтпайсыз ба? — деп бастық оның қолындағы бір парақ қағазды жұлып алды. Онда бір-ақ ауыз сөз жазылыпты: “Жұмыс істеу керек”.

Азнабайды қоршаған жұрт ауыздарын ашып отырып қалды. Әлден соң барып бастық орнынан тұрды.

— Сонау жердің түбіне барып алып келген ақылың осы ма? — деді ол ашудан жарыла жаздап. — Сізде де ми жоқ, сізді жіберген бізде де ми жоқ, әлгі Глобада да ми жоқ! — Ол осыны айтты да есікті сарт жауып шығып кетті.

Шет елдерден де жөні түзу жауап ала алмаған облыс басшылары мен аудан басшыларының ақырғы үміті үзіліп, мойынға масыл боп мінген мына колхоздан құтылудың жолын қарастыра бастады. Он ойланып, жүз толғанып кеп ақыры олар бір шешімге келді-ау!

“Қоянды” колхозы облыс бойынша өзін-өзі басқаратын тұңғыш “ерікті экономикалық аймақ” деп жарияланды.

Сөйтіп, колхоз ауданнан “енші” алып, өз күнін өзі көретін боп шықты. Елу бес жыл бойы жоғары жақтың нұсқауынсыз ас ішіп, бата қылып үйренбеген ауыл тұрғындары бостандықтың мұндай түрін қалай қабылдауларын білмей, айдалада адасқан жолаушыдай аңтарылып тұрды да қалды. Аудан болса “бір бәледен құтылдық-ау, әйтеуір” дегендей сол кеткеннен мол кетіп, бұл жақтың өлі-тірісімен ісі болмай үшті-күйді ғайып болды. Басқа шаруашылықты аралайтын ауданның ірілі-уақты басшылары бұл маңды айналып өтетін адырдан жаңа жол салып алды.

Аудан бөліп тастады екен деп ауыл адамдары қарап отырып өлсін бе, он шақты күннен соң естерін жиып, тіршілік қамына кірісті. Әуелі төбе басына кешқұрым шалдар жиналды. “Бет-бетімізге тараймыз ба, әлде бір әрекет жасаймыз ба? Жасасақ, әрекетті неден бастаймыз?” деді ауылдын ең үлкен қариясы ұсқындары құйылып, мүсәпір халге түсіп үлгірген он шақты қиқы-жиқы шалға қарап. Ешкім үндемеді.

— Тарағанда қайда барамыз? — деді әлден соң маңдайын шибарқыттай әжім басқан бақташы шал күрсініп. — “Қарғыс атқан ауылдың” адамына кім ынтық боп отыр дейсің. Ел аман, жұрт тынышта ата-бабаның моласын тастап қайда үдере көшеміз? Көшкеннен мүйіз шықса шығар еді ғой осы кезге шейін қарағайдай боп! Көшіп барған жерде біреу бізге керт құйрықтан сыбаға дайындап отыр дейсің бе?

— Рас-ау, — деді қураймен жер шұқып отырған насыбайшы шал жерден көзін алмаған бойы мырс етіп, — қазір ешкім жетісіп отырған жоқ, өздері де көшіп кетуге жер таппай отыр. Жұрттың бәрі бөтен кісі көрсе кірпідей жиырылатын болды емес пе? Не болса да осында қаламыз.

— О, құданың қүдіреті! — деп күрсінді заманның тыныш кезінде “шатақ шал” атанған қорықшы ызаланып. — Бір кезде колхозға кіруге қарсы болдың деп талай адамды атып, талай адамды абақтыға айдап еді, енді сол колхозын өздері таратып отыр. Стәлін керек бұл елге, Стәлін! Шіркін, аяқ астынан тіріліп келсе жарықтық! Тура жиналыстарының үстіне кіріп барса! Көсемсіп, шешенсіп сөйлеп тұрғандардың талайы бұтына жіберіп, қалғандары бет-бетімен тұра қашар еді-ау! — Ол шаңқылдап күле беріп еді, ауылдастары іліп әкетпеген соң күлкісін жарым жолда кілт тыйып, сасқанынан жер шұқып жайына кетті.

Төбе басындағы ақсақалдардың мәжілісі ауылдың жалпы жиналысына ұласып, күн тәртібіне “колхозды сақтаймыз ба, әлде тараймыз ба?” деген мәселе қойылды. Жиналыс “сақтаймыз” деп шешім қабылдады. Дауыс қорытындысы: сақтаймыз — 171, тарқаймыз — 4, қалыс — 9.

“Тараймыз” деп дауыс берген төрт адамды “сақтаймыз” деп қол көтерген жүз жетпіс бір адам талап жеп қоя жаздады. Қалыс қалған тоғыз адамға да оңай тиген жоқ. Мінбеге шыққан “шешендер” қыруар мәселені жиып қойып, қарсы болғандар мен қалыс қалғандарды бірінен соң бірі шығып сыбап жатты. “Парламенттік мәдениет” дегенді бұл ауыл әлі жете меңгере қоймаған болатын, сондықтан, ашу-ызаға шыдай алмаған кейбіреулер айызы қанатын сөз таппай, қарсы болғандар мен қалыс қалғандарды тура шешеден боқтауға көшті. Боқтықтың 75-80 проценті қарсы қол көтергендерге тиді. Клуб іші араның ұясындай гулеп, жиналысты басқару мүмкін болмай кетті. “Оңбаған”, “жымысқы”, “жауыз”, “сүмелек” деген сөздер тұс-тұстан жамырап қоя берді. Кеңірдегі кетпен саптай арық біреу орнынан атып тұрып: “…шпионы!” деп айғай салды. Құлақ тұндырған айғай-шудың арасынан оларды қай елдің шпионы деп атағанын ешкім аңғара алмады. Қарсы болғандар мен қалыс қалғандар да қарап қалмай, әуелгіде ортаға шығып міңгірлеп көріп еді, айқұлақтанып алған жұрт олардың аузын аштырмай мінбеден қуып түсірді. “Не бетімен сөйлеп тұр!”, “О, жүзіқара!”, “Ауыздарына құм құю керек!”

Қарсы болған жақтың қайсарлау біреуі жұртты бетпақтырмай сөзін жалғастыра беріп еді, клубтың әр түкпірінен оған қарай қауынның қалдығы, жүгерінің собығы, шала желінген помидор мен піскен асқабақтың қабығы зуылдап кеп қоя берді. Шешен тек қайсар ғана емес, әбжіл де екен, зуылдап төніп келген бәле-бәтәрлардың бір де бірін бойына дарытпай, бірде бұғып қалып, кейде жалтарып кетіп, тағы біраз сөйлеп үлгерді. Алдыңғы қатардан өзіне таныс баяғы боқтықтың төрт-бесеуін тағы естіді. Қанша шыдамды болғанмен бұл да ет пен сүйектен жаралған адам ғой, боқтап отырғандардың ішінде шалдардың да барын және оларды әйелдер де қостап отырғанын көріп біраз мүдіріп тұрды да, ұят-аят пен парламенттік мәдениетке бір түкіріп:

— Өздеріңнің де шешелеріңді… — деп жас-кәрі, еркек-әйелден тұратын клубтағы бүкіл контингентті топтап бір-ақ боқтап шықты. Естімей қалғандары болса түгел естісін деп микрофонды аузына тақап, бар дауысымен, әр әріпін ежіктеп тұрып тағы боқтады. Сөйтті де түсіп жүре берді. Ұлардай шулап жатқан жұрт сілтідей тынды. Ол күйген қыштай күреңітіп, есікке беттеп бара жатқанда тары тастасаң жерге түспестей тар клубтағы иінтірескен көпшілік оған қалай қақ жарылып жол бергендерін өздері де аңғармай қалды. Ол шығып кеткен соң барып “парламент” есін жиды.

— Мынау мені де боқтады-ау деймін, — деді “шатақ шал” мәселенің байыбына енді барғандай насыбайшы шалға қарап.

— Немене, сен әулие ме едің! Сен түгілі мен де кеттім.

— Ал, сен кім едің сонша! Ақсақ Темір ме ең, әлде Әзірет Сұлтан ба ең?

— Екеуі де.

— “Бір жеріне қарамай көк қарға әулиенің басына қонады” деген. Дәмесінің зорын! Одан да насыбайыңды езіп тыныш жүре берсеңші. “Насыбайыңды” деген сөзді шатақ шал әдейі нықтап айтып еді, анау шарт ете қалды.

— Көк қарғаң не, а? “Бір жеріне қарамай” дегенің қай жер? Ана жері ме? — Ол анықтай түскісі келгендей сұқ саусағымен шатақ шалдың төменгі жағын көрсетті.

— Дәл таптың! — деді ол басын шұлғып.

— О, бейауыз! Сені де пайғамбар жасынан асты дейді-ау! Садаға кет сен пайғамбардан. Елді бұзатын, жастарды бұзатын мына сен сияқты бәдік шалдар, білдің бе? Аузың толған бейпіл сөз, сөйтіп жүріп пейіштен дәметеді тағы.

— Ал өзің ше? Пейіштен күдер үзіп пе ең?

— Құдайға шүкір, саған қарағанда үмітім бар. Сен құсап аузыма не келсе соны оттамаймын. Бес уақыт намазым түгел.

— Жалғыз намаз қай күнәңді жауып қарқ қылар дейсің. Бес уақтылы намазың көп болса насыбайға қосып сататын әгіңді ғана жуар, ал қырық түйеге жүк болатын қалған күнәңді қай жеріңе тығасың? Намаз оқыдым, сонымен бәрі бітті деп жүрсің ғой. Ол намаздың өзін дәрет алмай оқисың, оның бәрін қабылдай беретін Алла ақымақ дейсің бе? Оның үстіне алпысқа дейін арақ іштің, шылым шектің, төрт қатын қоя бердің… Енді насыбайға көштің.

— Кісіге жала жапқан адамның өзі күнәһар. Мен жаман да болса намаз оқимын, ал сен құбыланың қайда екенін де білмейсің. Дәрет алған, алмағаныма үңіліп қарап тұратын сен менің қолымдағы құман емессің ғой.

Олар осылайша бітіспес дауға кірісіп керілдесіп жатқанда клубтағы өзге жұрт та есін жиып, әлгі боқтаудан ешқайсысының тыс қалмайтындарына көздерін әбден жеткізіп алған соң, бұрынғыдан бетер құтырынып шыға келді. Мұндай бейбастақтыққа күйрете соққы беру үшін мінбеге ұмтылғандардың кезегі көбейіп, кезек тимейтініне көздері жеткендер сөйлеушінің сөзін бітіргенін күтпей-ақ онымен жарыса жөнелді, ал кейбіреулері орта жолда, енді біреулер тұрған-тұрған жерінде айғайға басты. Ешкім ештеңе ұғып болмады. Көп айғай-шудың ішінен: “үшеуі қайда, үшеуі?!” деген ызалы сөздер естіліп қалды. Сол кезде барып ашу-ыза кернеген жұрт қарсы болған баяғы төртеудің қалған үшеуін іздей бастады. Ал, олар болса мына дүлей күшке төтеп бере алмайтындарын сезіп, баяғыда-ақ “лидерлерінің” соңынан іле-шала тайып тұрған-ды.

“Парламент” олардың орнын сипап қалды.

Жиналысты төртінші бөлімшенің бұрынғы бастығы Шыдан басқарып отырған. Ол өзінің әлі күнге бастық, я бастық емес екенін де білмейді, сұрайтын да ешкім жоқ. Колхоздың бұрынғы басшыларының бәрі түгелдей сырттан келгендер еді, «шаруашылық тарайтын бопты» деген сыбыс шыққаннан-ақ олар өз жөндерін баяғыда тауып үлгірген-ді. Ауылда Шыданнан өзге ел басқарып үйренген ешкім жоқ, сондықтан жиналыстың төрағасы болып ол автоматты түрде сайланған. Президиумда шал-шауқан, молда мен мұғалім, сауыншылар мен бақташылар отыр.

Шыдан жиналыс бастала салысымен жұртты тәртіпке шақыруға кіріскен, ондай тәртіп орнамады, қайта уақыт өткен сайын айғай-шу өрепкіп, ақыр аяғы жалпы берекесіздікке барып ұласты. Сиыр қайырған адамдай айғайлай-айғайлай Шыданның дауысы қарлығып, өкпесі өшіп, әбден қалжырады. “Оппозициядан” кек алу жөнінде туған жаңа даудан соң ол жиналыс тізгінінен біржола айырылып, халық басқарудан мүлде шығып кетті. Ақырында ол “пұл болмасаң, күл бол” дегендей шулаған зал мен трибуна жанында бірінің үстіне бірі мінгескен жұртқа ләм деп үн қатпай, бейқам қарап отыра берді. Боқтық пен бейәдеп сөздерге қой демеді де, ешкімді тәртіпке де шақырмады. “Ит боп өздері қояды, — деді ол ішінен. — Бес күн шуласа да мейлі. Тамақ менікі емес өздерінікі, жыртпақ түгілі айырып тастаса да өздері білсін”.

Оның ойлағаны болды. Түн жарымы ауа қарны ашып, қалжыраған жұрт құр айғайдан әбден шаршап, титықтап барып тынышталды. Саяси белсенділік пен пікір сайысына деген құмарлық артта қалып, енді әркім тамақ пен ұйқы қамын көбірек ойлай бастады. Кейбіреулердің балалары жылап, шал-шауқандар қалғи бастады. Насыбайшы шал ұйықтап кетіп, бір-екі рет алдыңғы   орындықтың қыр арқасына маңдайын оңдырмай соғып алды. Соққан сайын бір ыңырсып, көріп қоймады ма екен дегендей “шатақ шалға” бір қарайды. Шатақ шал нағыз “парламентшіл” екен, ұйықтамақ түгілі екі көзі “Жигулидің” фарындай жалтырап, мұрты едірейіп, еліріп апты. Айғайға сүрең қосып, президиумға қарай әлдене деп сөйлеп қояды. Біршама сабасына түсе бастаған жұрт бір кезде қайта гуледі. “Долой!” “Долой президиум!” деген дауыстар естілді. Бұл сонда барып байқады, президиум мүшелерінің тең жартысы қалғып, бастары кегжеңдеп отыр екен. Арт жақтағы біреулер президиумға қарай қос жұдырықтай кәмек қауын лақтырып еді, онысы ойда жоқта атып тұрған шатақ шалдың басына тиіп, быт-шыты шықты. Кім ұрғанын білмек боп ол артына қарағанда өзеуреген жұрттан өзгені көре алмады. Соққы тиген соң оған реакция білдірмей отыра салуды ыңғайсыз көріп, артта түрегеп тұрған “күдікті” он шақты жігітке қарап: “колиган”, “екістремис” деп орнына жайғасып еді, насыбайшы шал оянып алып, алдына кеп түскен қауынның сынығын шопақ-мопағымен жайбарақат жеп отыр екен. Бұл оған қарағанда, анау сасқанынан жеп отырған қауынның сынығын бұған ұсынып:

— Жейсің бе? — деді.

— Жоқ, өзіңе бұйыртсын. Таяқты мен жейін, қауынды сен же.

— Қашан бітеді мына жиналыс?

— Ертең.

— Қап, намазым қаза болды-ау!..

— Өшшерде-ақ оқи бермейсің бе, бәрібір дәрет алмайсың. Ниетің түзу болса болды ғой.

— Күнәһарсың сен, Желдібай, күнәһарсың. Даурықпа сөз бен айғай-шудан жалығып, жұрт біржола тынышталғанда Шыдан орнынан тұрып:

— Ал, тағы кім сөйлейді? — деді, қасақана жұрттың қитығына тиіп.

— Болды, сөз доғарылсын!

— Қашанғы сөйлей береміз!

— Неге? — деді жиналыс басқарушы. — Сөйлеңдер, айтыңдар, өзеуреңдер. Қарсы болған төртеуді отқа өртейтін болдыңдар, суға лақтырып, көрге тірідей көмбек болдыңдар. Ал, осылардың қайсысын орындайық: суға лақтырайық па, отқа өртейік пе, әлде тірідей көмейік пе? Қане, айтыңдар!

Жұрт үндемеді. Ашулары тарқап, ақылдарына келген сияқты.

— Қойшы, тірі жүре берсін, — деді көп ішінен біреу күңк етіп. Үндемеулеріне қарағанда, өзгелер де бұл ұсынысқа қарсы емес секілді.

— Көрдіңдер ме, — деді Шыдан жұртты бетімен қоя беріп, шаршатып алған саясатының дұрыс боп шыққанына іштей масаттанған үнмен, — бағанағы екпінмен оларды отқа өртеп жібергенде қазір өкіріп жылап отырар едік. «Ашу алдында, ақыл соңында» деген осы. Бағана дүлей дүрмек едіңдер, енді халық болдындар. Жарайды, бұл мәселе өзінен-өзі бейбіт шешілді. Енді келесі мәселеге көшейік.

Келесі мәселе — колхозға бастық сайлау болатын. Жиналысқа қатысушылар мұндай үлкен мәселені жұрт қалжырап отырғанда емес, ертең, арнайы дайындықпен келіп қарайық деген ұсыныс айтты.

Ұсыныс бірауыздан қабылданып, жұрт дүрліге тарады.

                           *  * *

Колхоз бастығына кандидаттар тіркеу аса зор саяси өрлеу үстінде өтті. Бұрын-соңды мұндай еркіндікті көрмеген ауыл адамдары мінбеге бірінен соң бірі көтеріліп, өздерінің көңілі сүйген адамдарын ұсынып жатты. Нағашысы жиенін, жиені нағашысын, біреулер туысын, енді біреулер өздерін өздері ұсынды. Демократияның заңы бойынша ұсынылған адамдардың бәрі ресми тіркелуге тиіс болды. Жұрт жан-жақтан жапа-тармағай жақын-жұрағаттарын өткізуге тырысып, қызыл өңеш боп жатқанда шатақ шал Желдібай қасында отырған насыбайшыны түртіп қап:

— Әй, тамыр, сен мені ұсынсаңшы, — деді. — Бастық боп кетсем саған да жаман болмайды ғой.

Насыбайшы шал танымай тұрғандай оған есеңгіреп ұзақ қарады.

— Сөйт, орныңнан тұрып-ақ айта сал. Әйтпесе қазір бітіп кетеді.

— О, құдайдың құдіреті, осыны шын айтып отырсың ба? Сен колхозды қайтадан таратып жібересің ғой.

— Оны тарап бара жатқанда айтарсың. Мен өтсем сені Шыданның орнына оправлайш қыламын.

— Жұртқа мазақ болармыз, ойбай.

— Болмаймыз. Қазіргі заманда өгіз туып жатса да сөкеттігі жоқ.

— Сен — бастық, мен — опровләиіш. “Оправләиіш” деген сөзді де айта алмаймыз. — Осы кезде Шыданды жақтап сөйлеп тұрған бір мұғалім: “плюрализм” деп қалды. – Әне, естідің бе, ананың жаңағы айтқан сөзін екеуміз қырық жыл жаттасақ та айта алмаймыз.

— Өй, сөзде тұрған не бар, қазір іс керек, іс! Ал, тұр да айт. Осылай да осылай, осында туып-өскен, колхоздың әр сиырына шейін таниды, пенсияға шыққанша бригадир болған де.

— Шатақ шал-ау, сен… бұрынғы бригад қайтыс болғанда бір-ақ ай болып едің ғой, соның өзінде жұртты қырып жібере жаздағансың.

— Көп сөйлемей тұрсаңшы орныңнан. Өтпесек шапанымызды шешіп алмас.

Желдібайдың “тұр-тұрлауымен” насыбайшы шал орнынан көтерілді.

— Иә, не айтасыз, ақсақал? – деді жиналыс бастығы Шыдан.

— Мен… мен, Желдібайды ұсынам. Ол колхоздың әр сиырын таниды, осында туып-өскен, кезінде бригад болған…

— Кім, кім? – деп сұрады Шыдан құлағын тосып.

— Желдібай! Желдібай Тұрапов.

Президиумда отырған Мәулен ақсақал:

— Шатақ шал ма? — деп анықтап алды.

— Иә-иә. Сол! Шатақ шал. Қазір ол шатақ емес, өзгерген. Жұрт ду күлді. Әр жерден әртүрлі сөздер бой көтере бастады.

— Шіркіннің өзгергішін! Қашаннан бері ол өзгере қалып еді. Алдыңкүні ғана көзі шатынап көршісінің сиырына бесақа тығып алып еді ғой.

“Оппозицияның” адамдарын бір елдің шпионы деп айғайлаған кешегі арық жігіт атып тұрып:

— Мұндай мәселені мазаққа айналдырғаны үшін насыбайшы шал жиналыстан қуылсын. Долой! — деді. Оған насыбайшы шал дау айтты. “Жақтырмасаңдар жасырын дауыстың кезінде сызып тастайсыңдар” деп жұртты сабырға шақырды. Таңқаларлығы сол, Желдібайды қолдаушылар да табылып, оның фамилиясы кандидаттық тізімге отыз екінші боп тіркелді.

Сонымен, кандидаттарды тіркеу тоқтатылды. Кандидаттар тізімі тіркелген бюллетень дайын болғанша жұрт таза ауа жұту үшін үзіліске шықты. Әр кандидат жайлы көзқарастарын, кімді қолдап, кімді құлату керек екенін айтып сайлаушылар топ-топқа бөлініп, күбір-күбір, сыбыр-сыбыр әңгімеге көшті.

Белгіленген тәртіп бойынша сайлау үш кезеңнен тұратын болды. Алғашқысында көп дауыс алған алты адам іріктеліп шығуы тиіс. Сонан соң алтаудың үшеуі қалу керек. Соңғы кезеңде сол үш адамның ең көп дауыс алғаны колхоз бастығы боп сайланады да, келесі жиында ол “өз кабинетін” жасақтайды.

Қолынан іс келеді-ау деген кандидаттар жік-жікке бөлінген қарсы топтың күшімен бірінен соң бірі топалаң асып, ең соңғы турға елеусіз үш адам бөлініп шықты. Олар бұрынғы директордың шофері Тәліп, жас мұғалім Құдаш, пенсионер Желдібай, яғни, шатақ шал.

Өздері берген дауыс нәтижесі бойынша енді осы үш адамның біреуі міндетті түрде өздеріне бастық болатындарын естігенде көп адам талып қала жаздады. Амал не, сайлаудың аты сайлау, демократияның аты демократия, өз қолыңды өзің кесе алмайсың, көнесің. Ерікті сайлаудың адам ойламаған мынадай қорытындысына тірелген жұрт күлерін де, жыларын да білмей дағдарып қалды.

— Желдібай бастық болса жетіседі екенбіз?

— Бүйткен демократияларыңның нақ әкесінің көрін! Залдың әр жерінен ызалы дауыстар естіле бастады. Өзі алдыңғы турда-ақ өтпей қалған Шыдан жиналысты басқаруды қайта қолға алған еді.

— Жолдастар, шуламаңдар! Сендерді ешкім зорлаған жоқ, өздерің дауыс бердіңдер екен, енді аяғына шейін күтіңдер! — деді ол да ызалы дауыспен.

Желдібай насыбайшы шалды түртті.

— Айғай шығарғандардың бәрін қағазға түсіріп қой, — деді сыбырлап. — Кейін керек болады.

— Жазбай-ақ білем ғой оларды.

Сайлау нәтижесіне көңілі толмаған адамдар келесі турға қарамай үйлеріне кете бастады. Колхозды сақтап қалу жөнінде алғаш сөз көтерген Мәулен ақсақалдың көзіне жас тығылды. “Бұл ел ел болмас, — деді ол өзінен-өзі күбірлеп. — Көкіректерінде саңылау жоқ, істеген ісінде береке жоқ. Ақырға айдасаң тақырға қашатын мақұлықтар! Мынадай санасыз дүрмекпен осынша жыл қалай тіршілік қып келгенбіз? Бір кезде бәрінің ақыл-есі сау, саналы ел сияқты еді ғой. Мына түрімен өзін-өзі орға жығады ғой бұ жұрт. Жықты деген осы емес пе? Бұ жұртқа не болған?..”

Клубтағы көпшілік жұрт сайлауды қайта өткізу керек деп талап қоя бастады. Терісі сөгілсе сүйегі төгілгелі тұрған баяғы “диссидент” арық жігіт сахнаға шығып айғай салды.

— Егер Желдібай бастық болатын болса, онда ақырзаманның келгені. Сендердің қалай ететіндеріңді қайдам, мен өзім екі қолымды төбеме қойып айдалаға қаңғып кетем.

— Біз де сөйтеміз!

— Біз де!

Залдан он шақты адам бөлініп шығып сыртқа беттеді. “Қайран ел-ай! — деді Мәулен ақсақал күрсініп. — Атақоныстарын тастап бет-бетімен тарап кетер ме екен?”

Жұрт бастық сайлау әлегімен дүрлігіп жатқанда, ауыл сыртындағы дәрі-дәрмек төгетін алаңға айырпылан кеп қонды. Одан жеті-сегіз адам түсіп, клубқа қарай аяңдады.

Сөйтіп, ауыл сыртына айырпылан қонған сәттен бастап “Қоянды” колхозының мүлдем жаңа өмірі басталды.

Облыс басшылары Оңтүстік Кореямен шарт жасасып, бұл колхозды оларға отыз жылға арендаға беретін боп келісіпті. Түскен табыстың қырық проценті колхозға, алпыс проценті Кореяға кетеді. Алдын ала есеп бойынша, сол қырық проценттің өзі колхоздың ең дүрілдеп тұрған кезіндегі бесжылдық табысымен тең екен.

Бесжылдық табысты “Қояндылықтар” қарап жатып бір жылда табатын болса, олардың жұмыс істеп не жындары бар? Тек, бастық боп сайланып кетуіне екі-ақ сағат қалды деп үміттеніп отырған Желдібай, облыстың бірінші басшысы кеп жиналысты таратып жібергенде, залдан шықпай жападан-жалғыз ұзақ отырып қалды. Көп ұзамай бұған да көндікті. Бәлкім, қазір өзі де күлетін шығар? Қалай болғанда да енді олардың отыз жыл бойы бейғам өмір сүруіне болады. “Коммунизм!” Жүз жылдық арман аспаннан салбырап өзі түсті.

1990