Жаужүрек

Екі актілі драма

Кейіпкерлер:

Балуан Шолақ – ақын әрі сері

Татьяна – Омбы семинариясының студенті

Долгоносов – Көкшетау уезінің оязы

Елизавета – әйелі

Троицкии – Ақмола уезінің оязы

Екатерина – әйелі

Ақылбай – Балуан Шолақтың досы

Михаил – Омбы генерал-губернаторының сенімді өкілі

Балқаш – Балуан Шолақтың әйелі

Ғалия – Балуан Шолақтың ғашығы

Сүтемген – Троицкидің поштабайы

Паң Нұрмағамбет – ел ағасы

Трофимов – цирк директоры

Көпшілік сахнасында урядник, Балуан Шолақтың әкесі, анасы, күтуші әйел, т.б.

Бірінші бөлім

Қызылжар шаһарында жыл сайын өтетін әйгілі Жәрмеңкенің нағыз қызған шағы. Бас-аяғы жеті ояздан – Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Кереку, Қызылжар, Омбы аймақтарынан келген базаршылар аларын алып, сататындарын сатып болып, әртүрлі өнерпаздардың өнерін тамашалап, енді жеңімпаздарды марапаттау салтанатына үйме-жүйме жинала қалған.

    Ортаға жаршы шығып саңқылдап сөйлей жөнеледі.

Жаршы. Оу, Халайық! Бірнеше күнге созылған Қызылжар Жәрмеңкесі аяқталуға жақын. Бұл жәрмеңкеге жеті ояздан – Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Кереку, Қызылжар, Омбы аймақтарынан мыңдаған адам қатысып, аяғы бүкілхалықтық мерекеге ұласты. Осы күндердің бәрінде сіздер ат бәйгесін, ән сайысын және палуандар күресін тамашаладыңыздар. Қазір сол жарыстардың жеңімпаздарын жариялаймыз.

Дауыстар. Нұрмағамбет! Нұрмағамбет!

Жаршы. Палуандар күресінде жақында ғана дүниежүзінің чемпионы Корен палуанды жығып, қабырғасын сындырған, күні кеше жауырыны жерге тимеген түйе палуан Қордабайды бір емес, екі рет жыққан Баймырзаның ұлы Нұрмағамбет жеңімпаз атанды. Бәйге құны – үш түйе, жүз жылқы, бес жүз сом ақша! Сабыр, сабыр, жарандар! Қане, Баймырза ұлы Нұрмағамбет ортаға шықсын!

Дауыстар. Шықсын, шықсын ортаға! Көрейік түрін жақын жерден!

Дауыс. Ішсе тамаққа, кисе киімге жарымай жүрген қара табан қу кедей Баймырза әулетіне құдай бере салды деген осы!

Жаршы. Қайда, шықсын Баймырза ұлы!

     Жұртты дүрліктіріп, ортаға дене бітімі шымыр, келісті, келбетті жігіт шығады. Палуанды көргенде жұрт бұрынғыдан бетер шулап кетеді.

Дауыстар. – О-о, жігіттің сұлтаны деп осыны айт!

– Көрікті екен! Келісті екен!

– Өзі ән айтып, ән шығарады дейді ғой.

– Оны айтасың, бәйге аты бар, құс алып аң да аулайды екен.

– Ойбай-ау, он төрт жасында көкжал қасқырмен айқасып, қақаған суықта терісін сыпырамын деп жүріп төрт саусағын үсітіп алған жігіт қой бұл!

Жиналған жұрттың қақ ортасында бүкіл сән-салтанатымен, бұрын сегіз ояздың аға сұлтаны болған Паң Нұрмағамбет отыр.

Ол әлдекімді қасына шақырып алады.

Паң Нұрмағамбет. Уа, Арғын, Қыпшақ, Керей мен Уақтың қатындары ер тумай ез туған екен ғой. Бас бәйгені қаңғып келген Үйсінге беріп қойып, намыстан жарылып кетпей қалай шыдап отырсыңдар, түге!

       Осы кезде оның қарсы алдына Нұрмағамбет кеп тұра қалады. Үстінде ақ ботаның түбітінен, қара ала батсайымен өңірін, етегін әдіптеп, жағасына төрт елідей құдыз ұстаған қынама бел камзолы бар жасыл жібектен тыстаған, оң жақ құлағын жымқыра киген ақ бұйра жекей тымағы бар, аяғында өкшесі биік қазақы үлгідегі «Қосай-калош» киген жігерлі жігітті көріп, Паң Нұрмағамбет аз-кем мүдіріп қалды.

Нұрмағамбет. Өзіңіз ұлықсат етпей сізбен амандасуға болмайтынын білем, сегіз ояздың аға сұлтаны болған қасиетті Паң ата! Сізбен қол беріп амандасуға болар ма екен?

        «Ұлықсат» дегендей Паң басын изейді. Нұрмағамбет онымен қол алысып амандасады.

Паң. Кімнің баласысың?

Нұрмағамбет. Баймырзаның, тақсыр.

Паң. Атың кім?

Нұрмағамбет. Нұрмағамбет.

Паң. Жаман иттің атын Бөрібасар қояды деген. Қай елсің?

Нұрмағамбет. Іргелі ел емеспіз. Ай атаның баласымын. Арғы тегім үйсін. Абылай ханның заманында атамыз батырлық жолымен Абылайға еріп келіп, Керейден қыз алып, осында тұрақтап қапты. Содан тараған он шақты үй бармыз.

Паң. Киімің сәнді екен.

Нұрмағамбет. Жұрт алдына шығасың, Паңға сәлем беріп қаларсың деп анам Қалампырдың жалғыз сиырын сатып киіндіргені ғой.

Паң. Кедейдің кербезінен сақта деген…

Нұрмағамбет. Жарлының арлы болғанының несі Жаман, Паң ата! Әлгінде мені кірме дедіңіз. Кірме болсам кірме шығармын, бірақ, түп нағашым Керей. Мен күрескенде Үйсін боп, Керей боп күрескен жоқпын, Қазақ боп күрестім. Француздың атақты палуанымен белдескенде рудың емес, исі қазақтың намысын жырттым.

Паң. Жөн… Жөн сөз айттың балам. Қара күштің ғана емес, сөздің де майын тамызады екенсің. Бірақ, саған айтар бір кеңесім бар.

Нұрмағамбет. Айтыңыз, Паң ата!

Паң. Екеуміз аттас екенбіз. Енді сен бұдан былай «Балуан» атанасың. Ол аздық етсе, «Шолақ» деген сөзді қосып ал. Халық қазір сені онсыз да осылай атап жүр.

Балуан Шолақ. Айтқаныңыз болсын, Паң ата! Ал, жаңағы сыйлықтарымның бәрін өзіңізге тарту етемін.

Паң. О не дегенің! Тапқан-таяғаныңды шаша берсең қалай дүние жимақсың?

Балуан Шолақ. Мен дүние жиғалы жүрген жігіт емеспін. Өнерім мен өмірім – халқымдікі. Мен бәйгеден бір сабақ жіп те алмаймын!

Паң. Анаңнан нағыз ұл боп туған екенсің, жігітім. Жарайсың! Өнерің өрге жүзсін! Уа, Жаршы! Балуанның бәйгесін осындағы кедей-кепшікке бөліп бер. Ердің тапқаны – елінің еншісі деген осындай болмақ!

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16