Дулат Исабеков: “ХХІ ғасырдағы әдебиеттің міндеті — адамзатты тәрбиелеу емес, ойландыру”

Дулат Исабеков:

Оның әңгімелерін езу тартпай оқу мүмкін емес болса, повестерін оқып отырып жылағаныңды сезбей қаласың. Шығармаларын оқып отырып қайғының ыстық жасынан күлкінің кермек дәмін сезесің. Дулат Исабеков мәңгілік сұрақтардың жауабын “кішкентай” адамдарға іздеткізеді. Өткен ғасырдың 80-жылдарында “Қарғын” романымен-ақ оқырмандардың жүрегін жаулап алған жазушымен әдебиет туралы сөйлескенді жөн көрдік. 

– Өнер өнер үшін бе, әлде өнер халық үшін бе?

Өнер өнер үшін бе, жоқ халық үшін бе деп біз де оқыдық. Біз өнер халық үшін деп оқыдық. Енді қайтадан өнер өнер үшін деп оқи бастадық. Өйткені халық үшін деп ешкім шығарма жазбайды, халық үшін деп ешкім сурет салмайды. Шығарма деген – жеке адам ойының жетістігі. Шығарма жазу неге қажет болды? Оны автордың өзі ғана біледі. Өнер өнер үшін деген өнерге берілген адамның сөзі. Ал халыққа жақын деген ұраншыл адамның сөзі. Өнер үшін десең өнерге қызмет етесің. Соны дамытасың, өркендетесің. Бұрынғылардың сүрлеуіне түспей соны соқпақ іздейсің. Жаңа стиль, жаңа ағым табасың. Мәселен, өз басым шығарма жазғанда халық үшін жазайын деп столға отырмаймын. Мені жазуға не итермеледі? Адамдардың тағдырын көре білгендіктен, соларға алаңдағандықтан. Неге ғасырлар бойы теңсіздік жалғасып келе жатыр. Бай бай болады. Кедей әлі кедей.  Бұл деген ХХІ ғасырда тіпті өршеленіп тұр. Өйткені ақша, дүние, тойымсыздық бірінші орынға шығып бара жатыр. Байлар байыған сайын байып жатыр. Кедейлер керісінше кедейленіп жатыр. Кедей кедейлігінің себебін қоғамнан, өзі өмір сүріп жатқан қоғамның ішкі саясатынан, формацияның әсерінен көреді. Ал оның аржағында жеке адам, тұлға тұрғанын көре алмайды. Оған мән бермейді. Халық әрқашан да тобыр болған. Сол тобырдың бірі — өзіміз.  Таза әдебиет деген не? Жалпы, әдебиет деген не? Оның адамға қандай қажеттілігі болды? Бұрынғы тарихты, әдебиетті оқып отырсаң әдебиет деген адамды тәрбиелеу үшін керек дейді. Ал ХХІ ғасырдағы әдебиеттің міндеті адамзатты тәрбиелеу емес ойландыру. Екі ұғым бар: шығармадағы ойды қозғау және оқырманды ойлануға мәжбүр ету. Сенің шығармаңда үлкен ой айтылыпты дейді. Шығарманың мақсаты ой айту емес. Шығарманың мақсаты сені ойландыра алу. Міне бұл өміршең шығарма болады.  Гильгамештің заманынан бері қырық бір ғасыр өтті. Мен жаңа осыны студенттеріме айттып өттім. Қырық бір ғасырдан бері қаншама тау-тау шығармалар жазылды. Адамзат содан тәлім алды ма яки алмады ма? Міне енді қорытынды шығаратындай кезге келген сияқтымыз. Егер осы күнгі жеткен жетістіктеріміз әдебиеттің арқасы дейтін болсақ, онда ары қарай шығарма жаза беруіміз керек. Демек адамзат шығарма оқиды екен де, одан тәрбие алады екен. Егер тәрбие алмайды десек ары қарай не үшін жазуымыз керек?! Міне осыны қазір адамдар сезіне ме? Әлде адамзаттың алдында басқа міндет тұр ма?  Қазір өмірінде кітап оқымаған адамдар миллиардер болып отыр. Кеше ғана 42 жастағы Юваль Ной Харари деген еврейдің кітабын қарап шықтым. Ол кітаптың орысша аты “Краткая история будущего” яғни “Болашақтың қысқаша тарихы”. Сонда айтыпты, әлемде ең ықпалды 8 адам бар дейді. Ал жалпы алғанда олардың саны жүзге жуық. Бүкіл дүниенің ақшасы солардың қолында. Енді олар қайжерде соғыс ашады немесе бүлікшілік жасайды өздері біледі. Бір мемлекетті құлату, бір мемлекеттің структурасын өзгерту оларға түк емес. Оларда ақша мәселесі шешілген. Ақша қызық емес. Енді олардың ермегі адамдарды роботқа айналдыру. Айтматов айтатын “мәңгүртизм” ғой баяғы. Олар халықпен санаспайтындай дәрежеге жеткен. Миллиардерлер тағы 40-50 жылдан соң біз қазір жануарларға қарай қарасақ, кедейлерге солай қарайды дейді. Бұл деген “жуткий, страшный” ғой.  Ал адамдар оны аңғарған жоқ. Қазулы орға қарай бара жатыр. Осындай кезде әдебиет керек деп ойлаймыз ба? Таза әдебиет екінші, үшінші планға кетіп, қазір “конъюнктурный” әдебиет алға шығып кетті. Даулы әдебиет, скандал, порнография, белгілі бір адамдардың өмірі қоғамға қызық. Қазір ойлы емес, ойсыз адамның жолы болатын заманға келдік. Қарап тұрсаң бүкіл әлемнің философиялық құрылымын жасаған адамдар қайыршы хәлде жүреді де, ал бизнесте жолы болғыш адамдар соларға билік жасайды. 1870 жылдары Моппасан айтқан: “Алдағы заман алаяқтардың заманы” деп. Сол байғұстың айтқаны шындық болды (күлді). Соған қарамастан біз өзімізше жазып жатырмыз.

 

Біз соғысты көрген жоқпыз. Бірақ соғыс туралы шығармаларды оқып өстік. Ол шығармалардың бәрінде бір жақ жақсы да екінші жақ жауыз болып келетін. Бірақ Ремарктың “Батыс майданында өзгеріс жоқ” шығармасын оқығанан соң шығарманы осылай да бейтарап жазуға болады екен ғой деп ойланып қалдым. Жалпы, соғысқа аттанғандардың бәрі де (екі жақ та) Поул Бойлерлер еді ғой.  Соның бәрін жасаған бір адам ғой. Ана жақтан Гитлер. Оған КСРО қарсы шықты дегендей…Шығыс Еуропа, Батыс Еуропа, Америка боп соған қарсы тұрдық қой. Ал жауынгер байғұстардың ешқандай кінәсы жоқ. Бұйрықты орындады. Атып жатқанда оғын кімге тиетінін де білмеді. Ремарктің “Батыс майданда өзгеріс жоқ” романы бірінші шығармасы, екінші романы “Время жить, время умереть” деген. Міне осында жауынгерлердің тағдырын қандай аянышпен суреттейді. Бұл жерде тағы да ешкімді кінәламайды. Фактты дәл сондай етіп береді. Мұздың астында қатып қалған неміс солдаттарын аршып алып, қайта жерлейтін жері бар. Ең адамның жанын түршіктіретін оқиға осы жерде. Жауынгерлердің көзіне қатып қалған мұздың еруі. Соның салдарынан олардың жылап жатқан адам сияқты болып көрінуі. Содан кейін бұл немістің солдаты емес, советтің солдаты деп оларды бір шетке шығарып тастауы… Әрине Ремарк бұлардың бәріне сын көзбен қарайды. Мына бишара да біреудің жалғыз баласы шығар дейді. Не үшін өлді?   Жарайды, біздің жауынгерлердің өлуінің себебін білеміз. Отанды қорғап жатырмыз деп өлді. Неміс солдаттары не үшін жанын берді. Олар шын мәнінде жаулап алушы әскер емес пе? Олардың ішінде де қайшылық болды. Олардан шыққан жазушылар да қарсы болды. “Когда думают сапоги, мозги начинают маршировать” деп Брехт айтқандай олар “мозги маршировать” еткеннен ажал құшты. Ал енді “Біз соғысты көрген жоқпыз”-да өзімнің трагедиямды жазғым келді. Не үшін балалық шағымыз қырылды. Кім үшін?

Pages: 1 2 3