Дулат Исабеков

Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, «Ленин жолы» колхозында дүниеге келген (ол кезде Арыс ауданына қараған). 1961-1966 ж.ж. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетiнiң «Филология» факультетiнде оқиды.

Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры болып қызмет атқарған.
Алғашқы әңгімесі «Жолда», «Замандастар» атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін «Бекет» (1966), «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер», (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980) романы басылды. Таңдамалы повестері «Екі жиырма» (1983) деген атпен жарық көрді. Бірқатар шығармалары орыс тілінде аударылып, «Полынь» (1978), «Отчий дом» (1979), «Смятение» (1986), «Новоселье в старом доме» (1986) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех, ағылшын тілдерінде жарияланды.
«Ректордың қабылдау күндері» (1975), «Әпке» (1977), «Ертеңді күту» (1979), «Мұрагерлер» (1982), «Алыстан келген ананас» (1984), «Кішкентай ауыл» (1986), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Бонапарттың үйленуі», «МұңлықЗарлық», «Амал мен айла» т.б. пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды. Таңдаулы пьесалар жинағы «Жеті желкен» деген атпен 1987 жылы жарық көрді. Жекелеген туындылары бойынша «Гауһар тас» (реж. Ш.Бейсембаев, 1975), «Дермене» (реж. А.Әшімов, 1986), «Тауқымет» (реж.Ұ.Қолдауова), «Лоторея» (реж. Д.Манабай) көркем фильмдері түсірілген. «Жаужүрек» пьесасының негізінде «Балуан Шолақ» атты тарихи көркемсуретті фильм түсіріліп бітті (реж. Н.Садығұлов).
Д.Исабеков ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1992), Халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты (2006), 2014 жылғы Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.
Бүгiнгi таңда Д.Исабеков «Мәдениет» журналының шығарушысы және Бас редакторы. 2007 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, «Кинотеледраматургия» шеберханасы бойынша сабақ береді.
2012 жылы жазушының 70 жылдық мерейтойына орай Алматыда «Исабеков әлемі» деген атпен халықаралық театр фестивалі өтті. Оған шетелдік алты театр (Болгария, Түркия, Башқұртстан, Тәжікстан, Ресей театрлары) және Қазақстанның алты театры (М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, М.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театры, Н.Сац атындағы орыс жастар театры, Республикалық Кәріс музыкалық комедия театры, Қарағанды қаласының К.С.Станиславский атындағы орыс драма театры, Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық драма театры) Д.Исабеков шығармалары бойынша қойылған спектакльдерін көрсетті. Оның спектакльдері Санкт-Петербургте (үш спектакль), Лондон сахналарында жүріп жатыр.
2017 жылдың 1-7 қазан аралығында Лондон қаласында жазушының 75 жылдық мерейтойына орай «Қазақ өнерінің фестивалі» деген атпен театр фестивалі ұйымдастырылды. Бұған мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, Республикалық мемлекеттік Кәріс музыкалық комедия («Жаужүрек», «Актриса») қатысты. 4-қазан күні Pajarito театры Д.Исабековтің «Аққу-Жібек» пьесасын ағылшын тілінде сахналады. 2-қазан күні Лордтар палатасының қабылдауында боп, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мәдени байланысты нығайтқаны үшін және 75 жылдық мерейтойды осындай үлкен іс-шарамен атап өткендері үшін алғыс білдіріп, сөз сөйледі. Фестиваль аясында Д.Исабековтің ағылшын тіліндегі «Аққу-Жібек» атты пьесалар жинағы мен электронды нұсқадағы «Әңгімелер жинағының» тұсау кесері өтті.
2016 жылы Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан жазушының 4 томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді.